24-04-21 |
2420 рет қаралған
Жерді жекеменшікке беруге халық дайын емес – депутат.
Жерді жекеменшікке беруге халық дайын емес – депутат

«Жерді жеке меншікке беру үшін халықтың көпшілігі әлеуметтік-экономикалық жағынан да, тарихи жағынан да дайын емес», – дейді мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.

Депутат ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беруге да қарсы.

«Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерлерді жеке меншікке беруге қарсымын!

Қазақстанда жерді экономикалық тұрғыда ғана қарауға болмайды. Қазақ үшін ол қасиетті ұғым. Жерге мемлекеттік меншікті сақтай отырып, үкіметке – кәсіпті, экономиканы, ауылды дамыту жолдарын қарастыру қажет.
«Жер жекеменшікке берілсін» дегендерді де «қазақтың жауы» деуден аулақпын. Мұндай пікір айтушылар, негізінен, аяққа тұрған, елге жұмыс беріп, ауыл шаруашылығын дамытып жүрген фермерлер мен кәсіпкерлер. Олармен де санасу керек.
Жерді жеке меншікке беру үшін халықтың көпшілігі әлеуметтік-экономикалық жағынан да, тарихи жағынан да дайын емес».
Берік Әбдіғалиұлы
Берік Әбдіғалиұлы
Берік Әбдіғалиұлы «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында жер мәселесіне қатысты ойын айтқан. Төменде сол сұхбатта депутаттың жер және жер комиссиясы туралы айтқандары:

 

  • Бірақ мұнда ескеретін бір нәрсе бар: бұл комиссия (жер комиссиясы – ред) шешім қабылдамайды, тек ұсыныс дайындайды. Шешім қабылдайтын – президент пен парламент. Ал комиссияның негізгі міндеті – Жер кодексінің нормаларын түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, сосын, оны жетілдіру бойынша ұсыныс дайындау.

 

  • Қазір ел ішінде түрлі дақпырт айтылып жүр. Олардың көбі жер комиссиясына сенбейтіндерін айтып жүр. Бұл комиссияны халыққа қарсы қою дұрыс емес. Комиссия жұмысы ашық жүргізіліп жатыр, сондықтан ұсыныс айтуға бәрінің мүмкіндігі бар. Кімде қандай ұсыныс бар, комиссияға жіберсін, керек болса, мен-ақ жеткізіп бере аламын. Комиссияның басты мақсаты да сол – барлық ұсыныстар бойынша талқылау өткізіп, ортақ шешімге келген соң, қабылдауға ұсыныс береді. Ал ол қабылдана ма, қабылданбай ма, оны президент пен парламент шешеді. Әрине, көпшіліктің пікірімен санасады деп ойлаймын.

 

  • Жерге қатысты сөз болған соң, жұрт жеке жер телімдері жайлы да сөз қозғап, үй салуға 10 сотық жер телімін беру туралы мәселе көтеріп жатыр. Бірақ комиссия бұл мәселелерді қарастырмайды. Өйткені мұндағы тақырып – басқа емес, ауыл шаруашылығына арналған жерге байланысты ғана. Осындай түсінбеушіліктер болмау үшін комиссияның атын «Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер бойынша комиссия» деп атау керек еді. 

 

  • Ал сол ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беру-бермеу туралы мәселені комиссия әлі қарастырған жоқ. Қазір пікірталас деңгейінде ғана жұмыс жүріп жатыр. Менің өз ойым – жекеменшікке берудің керегі жоқ. Бірақ тағы айтамын, оны комиссия шешпейді. Егер комиссия мүшелерінің басым бөлігі «жекеменшікке берілсін» деген ұсыныс айтса, онда ол бойынша референдум өткізу керек болады. Халық өзі шешсін.

 

  • «Жер жекеменшікке берілсін» дегендерді де «қазақтың жауы» деуден аулақпын. Мұндай пікір айтушылар, негізінен, аяққа тұрған, елге жұмыс беріп, ауыл шаруашылығын дамытып жүрген фермерлер мен кәсіпкерлер. Олармен де санасу керек.

 

  • Жалпы, бұл жердегі әңгіме тек жекеменшікке байланысты ғана емес. Комиссия жерге байланысты өте көп сұрақтарды қарастырады. Субаренда бойынша, шабындықтар мәселесі, жайылым, космомониторинг, жер салығы бойынша, жердің құнарлылығы туралы, ауылдардың дамуы бойынша да тақырыптар сөз болып жатыр. Қазір отырыстар онлайн форматта өтіп жатыр, оны әрбір Қазақстан азаматы көре алады. Кем-кетігі болса пікірін айтып, ұсынысы болса ортаға салуға болады.

 

  • Жұмыс енді басталды, уақыт көрсетер. Бірақ халыққа пайдасы болып жатса, ұпайды неге жинамасқа?! Ұпай үшін емес, нақты мәселелерді көтеріп, өте белсенді қатысып жүрген азаматтар бар. Мәселен, А.Күрішбаев, М.Тайжан, Б.Базарбек, А.Садырбаев, Ж.Дайрабаевтар министр екен, басқа демей, өте қатқыл сөйлеп, ашық пікір айтып жүр. Әсіресе Бақытжан Базарбек деген азаматты ерекше атап өткім келеді. Мықты заңгер маман. Одан бөлек, әр өңірден белсенді азаматтар қатысып жатыр, маңғыстаулық Ж.Қожық қарапайым халықтың пікірін белсенді түрде жеткізіп жүр. Комиссия төрағасы Е.Тоғжанов та барлық тарапқа сөз беруге тырысады. Меніңше, комиссия жұмысы туралы халыққа толық ақпарат жетпей жатыр.

 

  • Жайылымдық жерлер туралы бірінші жер комиссиясы да қарастырып, соның нәтижесі ретінде 2017 жылы арнайы заң қабылданған. Ендігі міндет – сол заңның орындалуын қадағалау, халыққа өз құқығын түсіндіру.

 

  • Кезінде ауыл тұрғындарына еңбегіне сай жер пайлары берілген. Көбісі ол жерді бағаламады, кейбіреуінің күші жетпеді, сосын, көбі тастап, көшіп кеткен. Ал отыз жылда жердің құндылығы артып, басқа салада пайда табу қиындаған соң, елдер ауылға орала бастады, өз шаруашылығын ашқысы келеді. Ал құнарлы жер қашанда тапшы. Мал көбейген сайын, жайылым тарлығы да жиі байқалып жүр.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.