06-05-21 |
1920 рет қаралған
Маңғыстаулық шенеунік 30 млн теңгені қайтарып, абақтыдан құтылды.
Маңғыстаулық шенеунік 30 млн теңгені қайтарып, абақтыдан құтылды

Ақтау қалалық соты Маңғыстау облысы денсаулықсақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жамал Жаманбаеваға қатысты қылмыстық істің үкімін оқыды.  

Сот үкімімен Жамал Жаманбаеваға  3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Ол ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылған еді. Сот мемлекетке 30 млн теңгеге жуық шығын келтірген экс- шенеунікті болашақта мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды.

Іс материалдарына сүйенсек, Жаманбаева Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы ретінде белгіленген лауазымдық міндеттер мен шектеулерге қарсы әрекет етті деп айыпталды. Ол 2020 жылғы тамызда республика аумағында «Covid-19» инфекциясының таралуына байланысты бір көзден 222 000 000 теңге сомасына 6 жылжымалы рентген аппаратын сатып алу туралы «Сentropharm» ЖШС-мен келісім-шарт жасады.

Аппараттарды сатып алу үшін 2020 жылға арналған бюджеттік жоспарға нарықтық бағадан жоғары баға бойынша бюджеттік өтінім әзірленген. Облыстық мәслихатқа медициналық жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлу ұсынылды, соның нәтижесінде қалалық мәслихаттың шешімімен аталған қаражат бөлінді.

«Алайда мемлекеттік мекемелерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келісім-шарт облыстық қазынашылық департаментінен тіркеуден өтпеген. Бұдан кейін Ж.Жаманбаева ведомстволық бағынышты медициналық мекемелер арқылы сатып алу мақсатында аудандық емханалардың директорларымен бір көзден жылжымалы рентген аппараттарын сатып алуға «Сentropharm» ЖШС-мен келісім-шарт жасасуды талап етті», – деп хабарлады сотта.

Нәтижесінде Жаманбаева мемлекетке 29 540 000 теңге көлемінде шығын келтіріп, жоғары бағамен жабдықтар сатып алды. Сотқа дейінгі тергеу барысында ол кінәсін мойындап, келтірілген зиянның орнын толтырды.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кәмелетке толмаған балалары болуын, оң мінездемені қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қабылдады. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.