Шығыс Қазақстанда «English for Jastar» жобасы қолға алынып отыр. Тіл үйренсем деген талапты жастарға бағытталған бұл шара алты ауданның тұрғындарын қамтымақ. Әзірге жастарға көмек көрсетуге 12 ерікті келісім берген.
Бұрын «орыс тілін білмесең, аштан қаласың» дегенді үлкендер көп айтатын. Орысша білмегеннің кесірінен өзі қалаған жұмысқа тұра алмаған жандар балалары қиналмай өмір сүруі үшін орыс балабақшасына беріп, орысша мектепте оқытып, ұл-қыздарын өз қолдарымен дүбара етті. Кеңес одағы тұсындағы солақай саясаттың әсерімен өз тілінде не сөйлей, не ойлай амайтын адамдар тобы қалыптасты. Бұл өз тіліне шекеден қарайтын азаматтар шоғырын туғызуға алып келді. Бізге кеңестік саясаттың тигізгені салқыны осындай. Бұдан бөлек, шекарасын қымтап ұстаған Кеңестер елінде шетелдік озық шығармаларын оқу шектелді. Шетелдегі айтулы шығармалардың тек орысша аудармасын оқуға тура келді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай қиындықтың бәрі артта қалды. Қазақстандықтар орыс тілін білмей-ақ мемлекеттік қызметке қабылданып, өзі сүйетін іспен айналысуға болатынын тәжірибеден көрді. Бұл төл тілімізді тереңірек меңгеруімізге жол ашты.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дейді ақын ағамыз Қадыр Мырза-әлі. Сол айтпақшы, қанша тіл білсек те, ұлт болып қалғымыз келсе, жаһандық даму кезінде жұтылып кеткіміз келмесе қазақтығымызды паш ететін қазақ тілінің жойылуына жол бермеуіміз керек. Сонымен бірге, елді таныту үшін, өзге елдерді мойындату үшін көп тілді меңгерудің де артықтығы болмайды. Әсіресе, әлемді тану – ағылшын тілін үйренуден басталады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласына үш тілділікті енгізіп, қазақ балаларының әлемдік дамудан кеш қалмауына мүдделік танытып отыр. Бүгінде қазақ балалары балабақшадан бастап ағылшын тілін үйреніп жатыр. Орта мектептерде кейбір пәндер ағылшынша өтуде. Мұндай қажеттілік балалардың қосымша мұғалім жалдап, шеттілін еркін меңгеру маңызды екенін алға шығарды. Ірі қалаларда, облыс орталықтарында ата-аналар мен балалар қалағандай тіл үйрететін орталықтарды табу оңай. Таңдауға да мүмкіндік бар. Әркім өз жағдайына қарай ағылшынды топпен, жеке оқуда. Жеке оқудың ақысы жоғары болатыны түсінікті. Қашықтықтан үйреніп, өз бетінше ағылшынша сөйлеуге талаптанып жүргендер де жетерлік. Қалай айтсақ та, орталықтарды тұратын балаларда мүмкіндік мол. Ал, қосымша сабақ беретін маман тұрмақ, ағылшынша үйрететін мұғалімі жоқ мектеп оқушыларының жағдайы не болмақ? Тіпті, қосымша сабақтар өткіліген күннің өзінде оны оқушының қалтасы көтере ме? Осы ретте шығысқазақстандық белсенділердің «English for Jastar» жобасын қолға алуы құптарлық.
Айталық, Әйгерім Ыдырышова мен Әйгерім Қабыкенова ерікті ретінде барған Жаңа Бұқтырма ауылында 5000-ға жуық адам тұрады. Алғашқы кездесуін мектепте өткізіп, өздерінің мақсаттарын түсіндірген жас мамандарды тұрғындар өте жылы қабылдап, сол күні-ақ курстарға жазылуға кірісті. Солардың бірі 9 сынып оқушысы Артур Лобков болатын. Ағылшынның маңызын түсінген бозбала тілді өз бетінше үйреніп, интернеттің көмегімен ауызекі сөйлеуге төселген. Ал, мамандардың дәрістерінен кейін ол ағылшынша сауатты жазуға үйреніп, сөздік қорын молайтты.
– Ауылдық жерлерде адамдар көп ақша таппайды. Мұндай жағдайда ешкімнің ағылшын үйренуге ақша шығындамасы белгілі. Сондықтан да көбі мектепте өткен сабағымен шектеледі, ал оқу бағдарламасы тілді толық меңгертуге қауқарсыз. Есептеп көрсем, бір жылда ақылы сабаққа ең аз дегенде 300 мың теңге керек екен. Менің отбасымның осыншама соманы төлейтін жағдайы жоқ. Ал, тегін курс мен сияқты қарапайым отбасынан шыққандарға үлкен мүмкіндік, – дейді Артурдың өзі.
Шынында да, «English for Jastar» жобасы балалардың теңдей білім алуына тиімді жағдай туғызуды мақсат етеді. Қарапайым отбасынан шыққандарды ынталандыру арқылы жоба жетекшілері ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылықты арттыруды көздейді.
Бастаманы әкімдік қызметкерлері де қолдап отыр. Жаңа Бұқтырма ауылы әкімінің орынбасары Жанат Соменбаева мамандардың сабақ өтуіне қолайлы жағдай жасап, тегін бөлмемен, тамақпен қамтамасыз ететіндерін айтты. Әсіресе, мектеп балаларымен қатар, үлкендердің де тіл үйренуге қызығушылық танытуы еріктілер жұмысын еселей түсетін сыңайлы.
Жоба қатысушыларының бірі Әйгерім Ыдырышева өз бастамаларының осыншама қолдау табатынына басында сенбегенін айтады. Алғашқы күні-ақ 21 адамның сабаққа жазылғанын көрген еріктілер жұмысқа құлшына кірісіп кеткен. Тіпті, қажетті оқулықтарға дейін аз уақыттың ішінде жеткізілген.
– Екі айдың ішінде бөгде тілді толық меңгеріп кету мүмкін емес, әрине. Бірақ біз барынша белсенді жұмыс істейміз. Менің шеттілі маманымын. Болашақта ағылшын тілінің мұғалімі болатындықтан, кәсіби тұрғыдан өсуіме бұл жобаның көмегі көп тиетініне сенімдімін, – дейді Әйгерім.
Екі жаққа да пайдалы бұл жобаны басқа өңірлер де тәжірибеге енгізсе құба-құп. Бүгінде аталмыш тәжірибені қолдану бойынша Аягөз, Зайсан аудандарында жұмыстар жүргізілуде. Егер кәсіпкерлер мен ауыл түлектері өз өңірлеріне жанашырлық танытып, тіл мамандарының дәрістерін мектептерде тегін өткізуге мұрындық болса, талай арманшыл жастың ағылшынды меңгеруіне жол ашылар еді.
Р.Мәлік
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024