30-06-21 |
2330 рет қаралған
Елімізде қатты ыстық күндер басталды.
Елімізде қатты ыстық күндер басталды

Еліміздің бірқатар өңірлерінде 30 маусым мен 2 шілде аралығында қатты ыстық болады.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында 1-2 шілдеде күндіз 35-37 градус аптап ыстық болады.

Алматы қаласында 30 маусым күні күндіз 33-35 градус қатты ыстық күтіледі. 

Шымкент қаласында 30 маусым-2 шілде аралығында 40 градусқа дейін көтеріледі. 

Түркістан қаласында 30 маусым-2 шілде аралығында 40-42 градусқа көтеріледі.

30 маусымда Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде найзағай, бұршақ жаууы ықтимал. Күндіз 35-39 градусқа дейін өте қатты ыстық күтіледі. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Кей жерлерде өте жоғары өрт қаупі сақталады.

Орал қаласында күндіз 30 маусымда найзағай, бұршақ, 36 градус қатты ыстық күтіледі. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, желдің екпіні секундына 18 метр болуы ықтимал.

30 маусымда күндіз Ақтөбе облысының кей жерлерінде найзағай ойнайды, онтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, найзағай кезінде желдің екпіні секундына 18 метр болуы ықтимал. Өте жоғары өрт қаупі сақталады.

30 маусымда Атырау облысының кей жерлерінде найзағай, шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, күндіз найзағай кезінде желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал.

30 маусымда күндіз Қарағанды облысының кей жерлерінде 35-38 градус ыстық болады. Кей жерлерде өте жоғары өрт каупі сақталады. Қарағанды қаласында күндіз 1-2 шілдеде 35-37 градус қатты ыстық күтіледі.

Жезқазған қаласында күндіз 30 маусым-2 шілдеде 36-38 градус қатты ыстық күтіледі.

Қостанай облысында күндіз 30 маусым-1 шілде аралығында кей жерлерде 40 градус қатты ыстық, өрт қаупі бар.

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында күндіз 30 маусымда 35 градус ыстық, 1-2 шілдеде күндіз 35-37 градусқа жетеді, өте жоғары өрт қаупі күтіледі. Күндіз 29-30 маусымда, 1 шілдеде Алматы облысында кей жерлерінде 35-38 градус қатты ыстық күтіледі, өрт қаупі сақталады.

30 маусымда күндіз Қызылорда облысында 40-44 градус қатты ыстық және өте жоғары өрт қаупі бар. Қызылорда қаласында 30 маусымда күндіз 41-43 градус қатты ыстық сақталады.

 Жамбыл облысында күндіз 30 маусым таулы және тау бөктеріндегі аудандарда найзағай, бұршақ, солтүстік-шығыстан жел соғады, кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал. 

30 маусым күні күндіз облыстың басым бөлігінде 38 градусқа дейін қатты ыстық, өрт қаупі күтіледі. Тараз қаласында 30 маусым күні күндіз солтүстік-шығыстан жел соғады, желдің екпіні секундына15-20 метрге жетуі мүмкін. Көкшетау қаласында 1-2 шілдеде күндіз 35-37 градус ыстық күтіледі.

Төтенше жағдайлар министрлігі ыстықтан сақтану үшін азаматтарды аса қажеттілік болмаған жағдайда далаға шықпауға кеңес береді, сондай-ақ ағзаны сусызданудан қорғау үшін көп су, күніне кемінде 1,5-3 литр сұйықтық ішу керек; аптап ыстықта кез келген физикалық белсенділіктен бас тарту қажет; күндіз күн сәулесі бөлмеге кірмеуі үшін терезелерді ашық реңкті перделермен жабу керек; күн өтпес үшін бас киім, ашық ауа өткізбейтін киім (мақтадан жасалған) киіңіз. Ыстық ауа райында балалар ерекше назарда болуы тиіс.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.