09-07-21 |
1920 рет қаралған
Елімізде мәдениет және спорт қызметкерлері енді «Болашақ» стипендиясын алады.
Елімізде мәдениет және спорт қызметкерлері енді «Болашақ» стипендиясын алады

Қырымбек Көшербаев шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Мемлекеттік хатшы атап өткендей, «Болашақ» бағдарламасы – бұл тәуелсіз Қазақстанның адами капиталды дамытуға және ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған серпінді жобасы. Шетелде оқу және тағылымдамалардан өтудің арқасында 11 мыңнан астам қазақстандық өздерінің кәсіби білімі мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. Пандемияның салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, біз әлемдегі ең мықты университеттерде, ғылыми орталықтарда қызметкерлер мен мамандарды оқытуды жалғастыра береміз.

Комиссия шешімімен «Болашақ» халықаралық стипендиясы магистратура мен докторантурада оқитын, сондай-ақ, әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберілетін 113 үміткерге берілді.

Комиссия отырысында «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде тағылымдамадан өту үшін жаңа санат бекітілді. Соған сәйкес енді мәдениет және спорт саласының қызметкерлері де аталған бағдарлама бойынша білім ала алады.

Қазіргі уақытта 612 стипендиат «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде білім алуда. Оның 551-і әлемнің 19 елінде оқып жатса, 61-і Қазақстан аумағында жүріп, қашықтан білім алуда. Сонымен қатар, 421 стипендиат академиялық оқуға, тағылымдамадан өтуге жолдама күтіп отыр.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік хатшы «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі іске асыру, оның ішінде, үміткерлерді іріктеу қағидаларын жетілдіру, отандық ғалымдардың жетекші ғылыми-зерттеу институттар мен ғылыми ұйымдарда тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.