Қазақстанда аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өтті. Осы саяси науқанға орай «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшіммен сұхбаттасқан едік.
arasha: Кеше президент Тоқаев Ақмола облысына барған сапарында «сайлау әділ, ашық өткізіліп отыр, халық тарапынан ешқандай шағым түспеді» деді. Президенттің ауыл әкімдері сайлауына қатысты сөзіне пікіріңіз қандай?
Дос Көшім: Естуімізше, әр жерде әртүрлі өтті. Бақылаушылардың әңгімесін естідім, біздің де бірер адам бақылау жасады. Сайлаудың жүйесі 30 жыл қалай болса, солай өтті. Біз де сайлаудың қандай да бір әділетсіз, заң бұзушылықпен өткенін президент те билік те орталық сайлау комиссиясының басшысы да еш уақытта мойындаған емес. Бұл сайлауда президент, парламент сайлауларына қарағанда заң бұзушылықтар аздау болуы әбден мүмкін. Себебі бұл жерде біреулерді өткізу мәселесі өте өзекті болған жоқ. Бірақ отыз жыл бойғы сайлаулар қалай өтсе бұл да солай өтті. Өйткені сайлау жүйесі өзгерген жоқ, сайлауды өткізетін адамдар өзгерген жоқ, сайлаудың қалай өтетіні өзгерген жоқ. Сондықтан оның нәтижесі де әр уақытта бірдей болатыны содан.
arasha: Ауыл әкімдерін сайлауда «Нұр Отан» партиясының кандидаттары көп жерде жеңіске жетті. Өзге саяси партиялардың бұл сайлауға құлықсыз болуының себебі неде?
Дос Көшім: Біздегі партиялардың рөлі – Қазақстанда көп партиялық жүйе бар екенін көрсету. Олар жергілікті жердегі сайлауларға ат салыспайды. Өйткені оларға ондай міндет қойылмаған.
arasha: Ауыл әкімі сайланғанымен аудан, облыс әкімі тағайындалады. Ал ауыл әкімі қызметі жағынан аудан, облыс әкімдеріне бағынышты. Сайланған әкім мен тағайындалған әкімдер жұмысын билік қалай үйлестірмек?
Дос Көшім: Билік оны үйлестірмейді. Билік еш уақытта бірікпейтін нәрсені біріктіргісі келіп жатыр. Біріншіден, жоғарыдан төмен қарай тағайындалатын билік вертикалын сақтап отыр. Мұны сақтамаса, билікті сақтап тұру қиын. Ал төменгі – ауыл әкімдерін сайлау кәдімгі демократиялық институттың бір көрінісі секілді нәрсе. Сондықтан билік вертикалы мен сайланған ауыл әкімі – екі қошқардың басы бір қазанға сыймайдының кері болады. Бұл жерде сайлау халыққа беріліп тұрғанымен ауыл әкімін алып тастауды билік қана жасай алады. Халық өзі сайлаған әкімді алып тастай алмайды, бізде жергілікті референдум жоқ. Ауылдарда қауымдастық деген пайда болыпты дейді. Оның қандай функциясы бар белгісіз. Демек сол қауымдастық, аудандық мәслихат, аудан әкімі арқылы ауыл әкімін қызметінен алып тастай алады. Бұл – бір-біріне үйлеспейтін нәрсе. Халық сайласа, халық алып тастауы керек қой. Онда ауыл әкімін орнынан алып тастайтын қауымдастық пен мәслихат сайлауы керек еді әкімді. Түсініксіз нәрсе. Билік ешқашан кез келген билікті уысынан шығарғысы жоқ. Тіпті алақандай ауылға халықтың өз адамының сайлауына, алып тастауына мүмкіндік жоқ. Керек десеңіз, ауыл әкімдерін алдын ала дайындап қояды. Оның ішіндегі ең сорақысы, екі жыл мемлекеттік қызметте істеуі керек деген талап. Қысқасы, жүйенің ішіндегі адам ғана әкім болады деген сөз. Мысалы, мен – Дос Көшім, еш уақытта мемлекеттік қызметте істемеген адаммын. Демек мен ауыл әкімі бола алмаймын, тіпті кандидат болып тіркеле алмаймын, құқым да жоқ. Көрдіңіз бе, сұрқиялықтың қандай екенін…
arasha: Бұл – азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеу ғой…
Дос Көшім: Иә. Және өрескел бұзу. Бұзғанда да қитұрқы әрекетпен бұзу. Ондағы ым «біз сияқты ойлап, біз секілді жұмыс істеген адам ғана әкім бола алады» деген сөз ғой.
arasha: Президенттің көмекшісі Ерлан Қариннен бастап, бірқатар саясаттанушылар ауыл әкімдерінің сайлауын Тоқаевтың ірі саяси реформасының кезекті бір белесіне балап, пікірлерін айтып жатыр. Мұндай пікірлерге көзқарасың қалай?
Дос Көшім: Сол Ерлан Қарин ауыл әкімдерін тікелей сайлау болмаған кезде оның минус екенін білген шығар? Сол уақытта «ауыл әкімдерін тікелей сайламаса болмайды, бұл – демократия емес» неге айтпады? Енді сайлау болған кезде «О, демократияның көкесі» деп жатыр. Ол өз бес жыл бойы «Нұр Отанның» хатшысы болмады ма? Сол кезде ауыл әкімдерін тікелей сайлау мәселесін осыдан бес-он жыл бұрын айтпады ма? Қазір айтып жатқандарына таңғалам. Бұл екіжүзділіктің белгісі сияқты…
arasha: Жалпы осындай пікірлер халықты сендірудің, иландырудың бір амалы емес пе?
Дос Көшім: Біздегі идеология – басшы не айтса, соны жақсы деп мақтау. Егер екінші басшы басқа бір нәрсе жасаса, оны да мақтайды. Мақтайтын – бір адам. Идеологтар, саясаттанушылардың бәрінің жұмысы – биліктің істеген нәрсесін жақсы етіп көрсету. Бұл – авторитарлық, тотаритарлық жүйеде бар, көзге көрінетін құбылыс.
arasha: Халық сайлаған ауыл әкімін халық өзі бақылайтындай мүмкіндіктер бар ма?
Дос Көшім: Халық бақылауы дегендей ғып қауымдастық дегенді тықпалайтын шығар. Негізі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қайта енгізу керек. Сонда 10 немесе 15 адамды муниципалитетке сайлап қояр еді. Сөйтіп соның қолына бәрін берер еді. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі барлық жерде бар. Бірақ билік оған жібермей отыр. Оның себебі біреу-ақ: онда билік сайлау урнасынан айырылып қалады. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі енсе, билік сайлауды қолынан шығарып алады. Сондықтан оны өлсе де енгізбейді. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі заңға енгізілсе деп 1997 жылдан бастап алты рет ұсынылды, алты ретте де кері қайтарылды, мақұлданбады. Себебі бұл – авторитарлық жүйеге қарсы нәрсе.
фото: okg.kz
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024