Жақында сенат ұйымдастырған «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауларда осы саланың екі аяғынан ақсап, ұлтымыздың болашағына тікелей әсер ететін ең маңызды министрлік басшылығы сынға алынды. Сынайтындай жөні бар. Алайда, біздің ойымызша, көптеген өзекті мәселелер мен қордаланған сұрақтар мүлдем қозғалмаған сияқты. Оларды айтпай, тілге тиек етпей, шешу жолдарын көрсетпей білім-ағарту саласының түзелуі екіталай дүние.
Егер ұлтымыздың болашағын баянды қыламыз, көкжиегін ашамыз, білім-ағарту саласының мерейін арттырамыз, бақ қондырамыз дейтін болсақ, кем дегенде бірнеше мәселені ашық, анық айту, талқылау борышымыз бен міндетіміз.
Бірінші мәселе. Саяси феодализмнен арылу.
Біздің білім саласының ақсауының басты себебінің бірі – биліктің білім саласын тек саяси-әлеуметтік құрал, саяси науқандарды өткізуге қажетті тетік ретінде қарауында. Кеңес заманынан бері билік мұғалімдерді үгітші-насихатшы, ұйымдастырушы, сайлауды өткізуші, газетке күштеп жаздырушы, билет сатып алушы, тағысын тағы ретінде ғана қарап келеді. Аймақтық, аудандық, ауылдық дәрежеде, шынын айту керек, мұғалім атаулының біразы ұстаз, тұлға емес, мектеп директорының айтқанынан шыға алмайтын феодалдық заман кезіндегі тәуменді тап, кәдімгі құл дәрежесінде қалып келеді. Ағымдағы саясаттың қитұрқы қылмысы мен жымысқы тірлігі былай тұрсын, мұғалімдердің біразы, әсіресе жастары директор-завуч атаулының қолына су құюшы, үйіндегі шаруаны атқарушы. Өз келіндерінен еш айырмасы жоқ қызмет атқарып жүреді. Шыны осы емес пе? Ал енді осы сайлау кезінде халықтың дауысын бұрмалаған, сайлау кезінде саяси қылмысқа барған, адами ар-намысы тапталған, сөзі мен ісінің арасы алшақтаған мұғалімдер тобына біз болашағымызды тапсырамыз. Өз басым мұғалімдердің, ұстаздардың ісін жоққа шығара алмаймын. Әсіресе қазақ мектептері мұғалімдерінің еңбегі ерен: жақсы болсын, жаман болсын кішкентай ғана балапандарымыздың «Менің елім – Қазақстан!» деп әнұранымызды жатқа сайрап тұрғаны, елдікке-егемендік идеалдарына жақын болуы осы біздің қорғансыз мұғалімдер табының арқасы деп білемін.
Десек те, мынаны да баса айтқан жөн сияқты: әлеуметтік жағынан қорғалмаған, жалақылары жеткіліксіз, ертеңіне асқан сенімі жоқ, арасында саяси науқандарда саяси қылмыс жасайтын, жемқорлық пен бопсалаумен айналысатын мұғалімдеріміз, ұстаздарымыз балаларға дұрыс білім мен тәрбие бере ала ма?
Баяғыда бір классик жазушы «бала мен итке өтірік айту мүмкін емес» деген екен. Мұғалималары мен апайларының барша тыныс-тіршілігін жақсы білетін, үйінде, ошақ қасында ата-анасымен бірге талқылап отыратын бала үшін осындай мұғалім сөзсіз бедел иесі, тұлға бола ала ма? Бұған елімізде орын алып жатқан жаппай қағазбастылықты, жаппай ақпар мен ақпарат беру үрдісін еске алып, осы мұғалімдеріміздің апта сайын, ай сайын тонна-тонна қағазды толтыруға мәжбүр екендіктерін ұмытпалық. Басқа – басқа, оқушылардың күнделіктері мен дәптерлерін тексеруге уақыт таба алмай жатқан, өз пәні бойынша ізденуге, тырмысуға, кітап оқып біліктілігін арттыруға уақыты жоқ мұғалім-ұстаздарымыз балаларымызға қандай сапалы білім бере алады? Бүгінгі күнгі білім, орта білім беру саласының басты көрсеткіші мен міндеті не дейікші? Көптеген құжатта, кітаптарда, дидактикалық құралдарда көрсетілген ақылды сөздер мен ойларды ысырып, нығыздап-тығыздасақ, барлығы да екі мәселеге саяды: бірі – сайлау науқандарын өткізу, сайлау учаскелеріндегі орындарды толтыру; екіншісі – өл-тал балаларды ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тестілеу) науқанынан аман өткізу. Қалған мақсат-міндеттердің, арман-мұраттардың барлығы да осы екеуінің көлеңкесінде қалатынын барша жұрт жақсы біледі.
Олай болатын болса, ұлт ретіндегі басты міндетіміз мектептерді, мұғалімдерімізді өздеріне тікелей қатысы жоқ, кәсіби міндеттерінен тыс саяси феодализмнен құтқаруымыз керек. Облыста, ауданда, ауылда мектептен де басқа мекеме бар, мұғалімнен басқа да адам – азаматтарымыз бар. Сайлау комиссиялары мектепте орналасқан күннің өзінде, мектеп қызметкерлері осы бір саяси науқандардан босатылуы тиіс. Мектеп мұғалімдері газетке күштеп жаздыру, жұртты жаздыру, ақша жинау, билет тарату деген сияқты адамға абырой әпермейтін, ата-аналар қауымы алдында қарабет қылатын, беделін айрандай төгетін жөн-жосықсыз науқандардан босатылуы тиіс. Мұғалімнің басты жұмысы – бала оқыту, адам, азамат тәрбиелеу. Ол үшін мұғалімнің өзі білікті, беделді, берекелі болуы шарт. Баланың көзіне, оның ата-анасының көзіне тіке қарай алмайтын ұстаздың балаға, келер ұрпаққа берері шамалы. Егер ата-ана баланы ұстазға «еті сіздікі, сүйегі біздікі» деп сеніп табыстап-тапсыра алмаса ондай білімнен не қайыр?
Екінші мәселе. Ұстаздарды әлеуметтік тәуменділіктен құтқару.
Әлемде, жалпы, есі дұрыс мемлекеттерде қоғам, барша жұрт сыйлайтын бірнеше мемлекеттік қызмет түрі бар, олар: полицей, әскер, мұғалім және дәрігер. Осы төрт кәсіппен айналысатын азаматтарға есі дұрыс мемлекеттер жағдай жасайды, есі дұрыс қоғамдар барша тұрғыдан қолдап жатады. Осы кәсіптердің иесі атану тек қана ар мен абыройдың ісі ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан қорғанудың жақсы, тиімді жолы да болып табылады. Зейнетке шыққанда осы кәсіп иелеріне мемлекет жақсы зейнетақы, жақсы әлеуметтік жағдай жасауға тырысады. Сондықтан да осы кәсіп иелері қызметін адал атқарып, осы жұмыстары үшін жанын беруге, арлы-абыройлы болуға барынша тырысып бағады. Егер дамыған, дамушы елдердегі осы кәсіп иелерінің, әсіресе дәрігер мен мұғалімдердің жалақыларын біздің елдегі әріптестерінің жалақыларымен салыстырар болсақ, ұятты болатынымыз анық. Жалақысы жоғары, болашағына, зейнетіне сенімді полицей, әскер, мұғалім, дәрігер жемқорлыққа салынбайды, атын-абыройын саудаға салмайды, қызметін адал атқаруға тырысады. Және де олар үнемі қоғам ішінде жүріп, қоғам қызмет көрсететін адамдардың қылмысын құпия қылып сақтау мүмкін емес екенін жатқа біледі.
Біздің елде осы кәсіп иелерінен қоғамның қолдауына, мемлекеттің көмегіне ие болып отырғаны – тек күштік құрылымдар ғана. Авторитарлы билік қайтсе де ең алдымен өзін қорғайтын топтардың әлеуметтік жағдайын жасауға тырысатыны белгілі. Ал мұғалімдер мен дәрігерлеріміз ше? Кешегі сенат отырысында да білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысы ең төменгі (республикалық орташа деңгейдің 66 пайызы) дәрежеде екені баса айтылды. Ал осындай жалақыға күн көру мүмкін бе? Осындай жалақымен мемлекетіміздің өзі оқытушыларды қылмысқа, пара алуға, жылу жинауға итермелеп отырған жоқ па?
Олай болатын болса, мұғалімдерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау, олардың қызметін дұрыс бағалау, жалақысын арттыру – ұлттық қауіпсіздік мәселесі, стратегиялық мәселе болады. Еліміздегі көптеген тәуелсіз сарапшылар дәл бүгіннің өзінде, бюджетті дұрыс есептесе, артық дүниелерді, малшашпақты азайтса, мұғалімдердің жалақысын кемі 150-160 мың теңге дәрежесіне дейін жеткізуге болатынын баса айтып отыр. Мәселе тек осы білім-ағарту жүйесі мен саласының өзіндік құндылығы мен маңыздылығын ұғуда, ұғынуда, түсініп-түйсінуде. Балаларымызды шала-жансар білім алған дәрігер емдеп, өтірікші, таяз мұғалім тәрбиелегені елімізге жау шапқанмен бірдей дүние. Жауды қайтаруға болатын да шығар, алайда ауруға батқан, рухани кемтар ұрпақтар бір-бірін жалғастырып кетсе қалай болмақ?
Үшінші мәселе. Институционалдық реформалар.
Бүгінгі күні еліміздегі білім-ғылым атаулы бір министрлікке бағынады. Осы себепті де біздегі реформалардың кешенді, үздіксіз, сапалы жүргізілуі екіталай дүние. Тіпті ең керемет, ең ғажап маманды, кіршіксіз таза азаматты министр қылып қойсақ та, оның белгілі бір уақыттан кейін осы салалардың ішіндегі топтардың бірінің құрығына түсіп, солардың сойылын соғып кетуі заңды құбылыс. Әрбір саланың, бағыттың өз жемқорлық топтары, лоббишілері, бюджеттері бар. Бәрін бірдей теңдікте ұстап отыру, дистанция сақтау пайғамбардың да қолынан келмейтін шаруа. Бүгінгі кез келген білім министрі өзіне «шахид белдігін» таққан жанкешті. Себебі бірі болмаса, бірі жарылатыны анық.
Осыдан құтылудың бірден-бір жолы – білім және ғылым министрлігін кем дегенде үшке бөлу. Мәселен, дұрысы: тек қана балабақша, мектеп, лицей, училище мәселесімен ғана айналысатын ағарту және кәсіптік білім министрлігі; ғылым, ғылым институттарымен қарым-қатынас орнататын, олардың жаңалықтарын нарыққа бейімдейтін ғылым және инновация министрлігі (агенттігі) және де тек жоғары оқу орындарымен айналысатын, оларға грант бөлетін, білім сапасын тексеретін жоғары білім саласын лицензиялау және білім сапасын тексеру агенттігі етіп бөлгеніміз абзал.
Осылай бағыт-бағдарды анықтағаннан кейін осы салаларда жүргізілген реформаларға тиісті қоғамдық ревизия жасалып, оның болашақ бағыттары айқындалуы тиіс. Білім беру саласындағы реформалар аздаған ғана, тек ат төбеліндей топтың ғана игілігі емес. Білім-ғылым реформалары жалпыұлттық консенсус мәселесі болып табылатын қоғамдық келісімшарт. Болашақта осы саладағы ауыс-түйістерді азайтып, ондағы реформалардың тыңғылықты болуын қамтамасыз етуіміз міндет.
Осыған қатысты мынаны да бөлек айтқан жөн. Бүгінгі әлемдік білім беру нарқы 7 триллион доллардан асып жатыр. Жалпы, білім атаулы үлкен құндылыққа айналып келеді. Әсіресе күні кеше ғана қиындық көрген, жақсы өмір салтына қол жеткізген елдер, ұлттар, ата-аналар баласына өзі алмаған білім мен ілімді үйретуге құштар. Осы себепті де дамушы елдердегі ғылым-білім саласы дүлей бизнес көзіне айналып келеді. Бұл үрдіс бізді де теріс айналып кеткен жоқ. Күні кеше ғана елімізде мұнай, металл сатып үйренген алпауыт топтар бүгін жоғары оқу органдарын жекешелендіріп, қаражат құйып, мемлекет қаржысына, гранттарға таласып әлек. Олардың логикасы түсінікті: мұнай мен металл бітіп қалуы мүмкін, олардың бағасы құбылып тұрады, яғни аса қауіпті бизнес. Есесіне адамдардың өз баласына дұрыс білім беруге деген құлшынысы ешқашан сарқылмайды. Соңғы сиырын, «ландкрузерін» сатса да, қазақ баласына білім мен диплом беруге тырысады. Осы себепті соңғы жылдары еліміздегі ең ірі алпауыт топтар білім, медицина саласына дендеп кіре бастады. Еліміздегі біраз жоғары оқу орындары жекешеленіп жатыр және де бұл үрдіс жалғасын таба береді. Мысалы, бүгінгі білім министрі Сағадиев мырза да жоғары білім беру саласындағы үлкен бір мекеменің иесі. Сол кісі басқаратын ЖОО-ның жыл сайын қанша грант алғанын, соңғы кезде қаншасын алғанын тексеру үшін ғұлама болудың еш қажеті жоқ. Яғни біздегі білім-ғылым нарқына ашықтық қажет. Біздің қазақ қоғамы әрбір жоғары оқу орнының иесі кім, олардың артында кімдердің мүддесі тұр деген мәселеге жауап алуға тиіс. Сонымен қатар еліміздегі, аймақтардағы ЖОО-лардың жекешелендіру үдерісіне де мықтап қадағалау жүргізілгені қажет. Нарықты монополиялау үдерісінен, ірі ойыншылардың ішінара картельдік келісімдерге, ауызжаласуға қол жеткізіп, нарыққа өз бағасын өткізіп, еш бақылаусыз қызмет көрсетуінен де сақтанғанымыз дұрыс.
Тағы бір қаупі – бұл нарыққа көршілес елдердің алпауыттары да кіргісі бар деген әңгімелер жоқ емес. Байқап отырсақ, білім саласында, денсаулық сақтау саласында жасалып жатқан реформалардың басы-қасында бүгіннің өзінде ресейлік компаниялар жиі аталуда. Тіпті біздегі реформалардың дені осы Ресейден көшірілді, солардың бағдарламалары мен техникалық тетіктері әкелінуде деген әңгіме көп тарай бастады. Ресейлік алпауыттардың дендеп кіруі, техникалық тетіктерін тықпалауы, айналып келгенде, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік мәселесі.
Қысқасы, осы үш мәселені ашық, анық айтпай, нақты кешенді шешімдерге келмей, білім саласын реформалау мүмкін емес
Айдос САРЫМ
«Жас Алаш»
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024