Жаңаөзенде мұнайшылар тағы да ереуілге шықты. «ӨзенМұнайГазға» сервистік қызмет көрсететін «Кезби» компаниясының 500-ге жуық жұмысшысы кеше түнде жұмысты тоқтатты. Жаздың аптап ыстығында бір апта бойы ереуілдеткен олар мәселе түбегейлі шешілмеді деп ашулы. Үш ай бұрынғы ереуілде жалақы 50 пайызға көтеріліп, 35 пайызға дейін сыйақы берілу тиіс болған. Алайда басшылар сыйақыны бергісі келмейді дейді олар. Мұнайшылардың жанайқайын «Информбюро» хабарлады.
Компанияның атқарушы директоры «ӨзенМұнайГаздан» алатын тариф аз, сондықтан қаражаттан үнемдеуге тура келеді деп ақталады.
Осыдан үш ай бұрын ереуілге шығып, 11 талап қойған «Кезби» компаниясының жұмысшылары кешеден бері жұмысты тағы да тоқтатты. Айтуларынша, жаздағы ереуілден кейін қабылданған шешім толық орындалмаған. Комиссия шешімі бойынша жалақы 50 пайызға көтеріліп, атқарылған жұмыс көлеміне байланысты 35 пайызға дейін сыйақы берілу керек болған. 500-дей жұмысшы қыркүйек айында сыйақыны берген жоқ дейді. Бірақ жұмысшылардың наразылыққа шыққандарына бір тәулік өтпей жатып, компания бүгін сыйақы тағайындап, есепшоттарына ақша аударыпты. Алайда жұмысшылар әр ай сайын сыйақымызды ереуілге шығып талап ете алмаймыз, тұрақты түрде берілсін дейді.
«Арбитраж комиссиямен белгілі бір шешімге жеткенбіз. Енді осы айда сол шешім бұзылды. Былайша айтқанда басшылар премияльный дейді ақшамызды толықтай төлеген жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстау өңіріне келіп бірдей жұмыс, бірдей жалақы алу керек деп айтқан заңды түрде. Ал біздер қазір мына жерде тұрған жұмысшылар басқа мекемелермен бірдей жұмыс жасаймыз. Бірақ жалақымыз олардан бірнеше есе төмен деуге болады», – дейді жұмысшы Қайрат Қосмағамбетов.
Тағы бір жұмысшы Есенжан Әбдірахмановтың айтуынша көп адамдар несиеге үй, көлік алып қойған, енді оны төлей алмайтын болып отыр. Себебі жалақы өспеген.
Жаздағы ереуілде қойылған талаптың бірі 80-жылдары шыққан техникаларды да жаңарту болған. Ал «Кезби» компаниясы бір айға белгіленген жоспар орындалмаса бұдан әрі сыйақы тағайындамаймыз деп отыр.
«Дегенмен біз жұмысшылар арасында түсініктеме жұмыстарын жүргізіп отырмыз жоспар орындалмаған жағдайда ақшаның болмайтындығын. Өңірдегі мұнай сервистік компаниялардың ішінде ең төменгі тариф «Кезби» компаниясында. Біздер барлық жағдайымызды айтып, көмек сұрап, үкіметке барлық жерге хат жазудамыз», – дейді «Кезби» компаниясының атқарушы директоры Айгүл Өтешова.
Серіктестік «ӨзенМұнайГаздан» берілген тариф көлемінің аз екенін растайды. Айгүл Өтешованың айтуынша, үш ай бұрынғы ереуілден соң «ӨзенМұнайГаз» бұл компанияға 685 миллион теңгеге қосымша жұмыс берген. Сондықтан бір бригада айына 940 сағаттық жұмысты атқару керек. Ал іс жүзінде жұмысшылар бір айда 720 сағат жұмыс істеді дейді атқарушы директор.
-
24.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024