Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытында дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді. Ведомство басшысына ішкі нарықтағы жағдай туралы баяндалды, деп хабарлайды энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚазМұнайГаз компаниясының деректері бойынша отандық мұнай өңдеу зауыттары барынша жүктелген. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлері бекітілген жоспардан асыра өндірілуде.
«Тамыз-қыркүйек айларында Қазақстанда дизель отынына сұраныс өте жоғары болды. Мұның себебі – дизель отынының бағасы төмен болғандықтан, транзиттік жүк көліктері жанармай үшін бізде аялдайды. Қазіргі таңда осы жағдай қолмен басқару режиміне көшті. Энергетика министрлігі нарықты тез арада тұрақтандыру және сапалы отынмен қамтамасыз ету міндетін қойды», – деді ұлттық компания басқармасы төрағасының орынбасары Данияр Тиесов.
Айтуынша, күн сайын Шымкент зауытында шамамен 5,5 мың тонна, Атырау зауытында 4,4 мың тоннаға жуық дизель отыны өндіріледі.
Он төрт күн ішінде екі зауыт 133 мың тонна дизель отынын өндірді, бұл жоспарлы көрсеткіштен 4 мың тоннаға артық. Осы жылдың 9 айында үш МӨЗ-де барлығы 3,7 миллион тонна дизель отыны өндірілді.
Сондай-ақ Тиесов қыркүйекте егін жинау науқанына өтінімдер толығымен жабылғанын, шаруаларға дизель отыны жеңілдікпен сатылғанын атап өтті.
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мұнай өңдеуші компаниялар басшыларынан кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді талап етті.
«МӨЗ басшылығы мен ұжымының бірінші кезектегі міндеті зауыттың сенімді және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету екенін ерекше атап өткім келеді. Зауыттың істен шығуына әртүрлі себептерді келтіруге болады.
Алайда елімізде мұндай жағдай енді қайталанбауға тиіс», – деді Мырзағалиев.
Сонымен қатар ол автожанармай құю станциясында сатылатын дизель отынының сапасына да тоқталды.
«ҚазМұнайГаздан» барлық жеткізу тізбегі бойынша – МӨЗ-ден АЖҚС-қа дейін жанар-жағармай материалдарының сапасын бақылау жүйесі бойынша ұсыныстар енгізуді сұраймын», – деді министр.
Кеңес қорытындысы бойынша Мырзағалиев ұлттық компанияға барлық МӨЗ-дің тұрақты жұмыс істеуін, сондай-ақ Атырау МӨЗ-іне электр энергиясын үздіксіз жеткізу бойынша шараларды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024