18-10-21 |
2810 рет қаралған
Фестиваль: Астана қаласының театрлары қандай спектакльдер ұсынады?.
Фестиваль: Астана қаласының театрлары қандай спектакльдер ұсынады?

28 қазан мен 1 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week» театр фестивалі өтеді. Театр апталығы аясында 11 шығармашылық ұжым 20-дан астам қойылым көрсетеді, деп хабарлайды елорда әкімдігі.

Нұр-Сұлтандағы театр фестивалі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.

Оған құрметті қонақ ретінде Малая Броннаядағы Мәскеу драма театрының және С.Образцов атындағы Мемлекеттік академиялық орталық қуыршақ театрының ұжымдары қатысады.

Фестиваль бағдарламасында танымал спектакльдер, шеберлік сыныптары, заманауи және бейнелеу өнерінің көрмелері және тағы басқалар бар.

Бағдарлама аясында 30 қазан күні кешкі сағат 19: 00-де жас көрерменнің музыкалық театры Н.Мошиннің «Дүние-ғапыл» метафизикалық драмасын көруге шақырады. Қойылым авторлары өмірдің маңыздылығын, адамның жан күйін көрсете отырып, бүкіл адамзат үшін ортақ тақырыпқа жүгінеді. Қоюшы-режиссер және сценограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Күндіз сағат 17: 00-де театр әртістері Федор Достоевскийдің «Братья Карамазовы» романының желісі бойынша «Улдар» драмасын көрсетеді. Спектакль жасөспірімдердің өмірі туралы баяндайды, тәрбиелеудің, балалармен өзара қарым-қатынас жасаудың өзекті мәселелерін көтереді. Қоюшы режиссері-Ерназар Жаңатілек, аудармасын А.Омаш жүргізді.

31 қазан күні сағат 19: 00-де «Жастар» театрының сахнасында Т.Ахметжанның «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклы өтеді. Сюжет желісінде кедергілер мен драманы бастан кешіретін екі жас жүректің махаббат тарихы жатыр. Әуенмен толтырылған, қайғыға толы – бұл махаббат тарихы көрермендердің жүрегін бей-жай қалдырмайды. Қоюшы режиссері-Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы суретшісі Қабыл Халықов, хормейстер Әнел Сіргебаева, балетмейстер Гюзел Мұхамеджанова.

Сол күні «НАЗ» мемлекеттік би театры «Тұғырғындар» хореографиялық спектаклін ұсынады. Қойылым қазақ халқының Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі ежелгі тарихы, біздің жерлеріміз сақтар, ғұндар, қаңлылар мекендеген VI-XI ғасырлар аралығындағы кезең туралы баяндайды. Көрермендер Түрік қағанатының қалай құрылғанын және қалыптасқанын көреді. Қоюшы хореографтар Е.Ағымбаев, К.Ағымбаева, М.Айтмағамбетова. Басталуы 17: 00.

«Astana musical» мемлекеттік театры көрермендерді 31 қазан күні сағат 18:00-де «COVID-19» би-перформансына «Qazaqstan» ОКЗ камералық залына шақырады. Хореографиялық спектакль карантин кезіндегі адамның мәңгілік құндылықтары, ішкі жағдайы, санасындағы өзгерістер, халықтың абсурдтық әрекеттері мен сенімдері, жақындары мен туыстарынан айырылған кездегі азабы туралы ойларды ұсынады. Спектакльдің режиссері-Әнел Мырзағұлова, музыкалық шығармалардың авторы – Ақжол Өмірзақов.
Сол күні сағат 11: 30-да қуыршақ театрында қазақ халық эпосының желісі бойынша қойылған «Ер Төстік» спектаклі көрсетіледі. Қойылымда қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, ата-аналар мен аға ұрпаққа деген қарым-қатынасы көрініс табады. Көрермендерге батырлардың ерлігі, олардың өз жеріне деген махаббаты туралы айтылады. Сонымен қатар, көптеген қазақ мақал-мәтелдері айтылған. Режиссері-Құралай Ешмұратова.

Фестивальдің соңғы күні, 1 қараша күні «Жастар» театрының сахнасында «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қойылымы өтеді. Тағы да көрермендер жалпыадамзаттық құндылықтар, өмірдің мәні және тағдырдың белгілері туралы тәжірибе әлеміне енеді. Спектакль инклюзивті «Қанаттылар» театры үшін премьералық қойылым болып табылады. Авторы – Г.Салықбай, режиссері – Н.Вахитов.

Айта кету керек, іс-шараларға кіру міндетті түрде «Ashyq» қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, келушілер маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.