07-12-21 |
1900 рет қаралған
Бозымбаев Ұйғыр ауданының атауын өзгерте ала ма?.
Бозымбаев Ұйғыр ауданының атауын өзгерте ала ма?

Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі қызметіне кіріскен соң, Ұйғыр ауданы атауын өзгерту туралы ұсыныстар тағы да айтыла бастады. Бұл көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе.

Рамазан Стамғазиев, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қарадала өңіріне гастрольдік сапармен жиі барамыз! Соның бірінде мектептің кішкентай ғана баласы маған сұрақ қойды.

– Рамазан аға, Ұйғыр ауданының атын қашан өзгертесіз?…

Маған дәл осындай сұрақ қойылар деп ойламап едім. Әлгі бүлдіршіннің көзінде мөлтілдеп жас тұр. Ауданның атының ауысуын бесіктен белі шықпаған бала аңсаса, жетіскен екенбіз дедім іштей.

Баланың көңілін алдап, шама-шарқымша жауап та бердім.

Тәуелсіз елде 30 жыл өмір сүріп, өз ата-бабамыз найзаның күшімен қорғаған жердің суын ішіп жүріп, сол балалардың балалық балғын шағын саясиландырып жіберу қаншалықты әділетті? Азат елде тұрып, ол баланың әлгі тілегін естудің қандай ауыр екенін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол күйді сезінген адам 30 жылдан бері ауданның атын ауыстырмай, қаншама ұрпақтың болашаққа деген сеніміне балта шапқанымызды шын түсінер еді.

Ұрпақтың санасына туыс этнос Ұйғырдың ауданында емес, қазақтың төл жерінде жүргенін сезіндіре алмасақ, мынау тәуелсіздіктің құны қайсы?

Кешелі бері Ұйғыр ауданының атауын Қарадала деп өзгерту керектігі жайлы мәселелер көтеріліп жатыр.

Мен бұл мәселені балаларымыздың балалық өмірін әрі қарай саясиландырмау үшін қолдаймын! Осы сөзім ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жетуі үшін жазбамды бөлісіп жіберулеріңізді сұраймын!

 

Бекжан Тұрыс, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Рас, көпұлтты мемлекетпіз. Бірақ осы уақытқа дейін де айтылды, қаншама рет жазылды, әр облыста жаппай ұлт атымен аталатын аудан жоқ. Қазақ еліміз, көк түркінің ұрпағымыз, бірақ түрік ұлтымен аталған аудан жоқ. Олай болса, кеңестік кезеңді сөз етпей-ақ қоялық, кейінгі отыз жылда Ұйғыр ауданының атын өзгерте алмауымызға не себеп?

Жаппай дүрліккеннен құдай сақтасын, бірақ ұйғыр мен қазақ ішінара дүрдараз болып қалатыны да, оған біздің “мәртебелі” ҚХА-ның көп жағдайда үнсіз қалатыны да рас қой, рас! Енді, міне, тағы бір ескерткіштің эскизі сопаң етіп шығып, қазақтың намысына “сүйкеніп” өтті.

Ештеңеге таңғалуға болмайтын кезеңде осы нұсқа өтіп кетсе не болмақ?

Жуас аттың шабынан түрте берсе, түбі бір теппей қоймайды,

Мұқағалидың аруағы күңіренсе, Хантәңірдің етегіндегі тыныш жатқан ел де қозғалуы бек мүмкін! Бұл – жай болжам.

Қазақтың санасын селт еткізетін болжам бірақ. Облыс әкімі Қ.Бозымбаев осыны ескерсе, ескере отырып Тәуелсіздіктің 30 жылдығында орай, ұйғыр ағайын ренжи қоймас, еркіндік алған егемен қазақты қуантып аудан атын өзгертуге бел шеше кіріссе деген өтінішіміз бар. Өйткені осы мәселеге соңғы нүкте қойылатын да кез келді.

 

Қанат Әбілқайыр, журналист, жазушы:

– Құрметті, Алматы облысының су жаңа әкімі Қанат Алдабергенұлы!

Сіздің облысқа әкім болып келуіңіз халықтың ішіндегі арман мен тілекке толы үміт шырағын қайта жақты.

Алматы облысында барша қазақтың, қазақстандықтардың тілегіне айналған, миллиондаған жұрттың талабы саналатын «Ұйғыр ауданының атауын өзгерту» деген түйіні шешілмеген мәселе бар.

Қарадала өңіріндегі түрлі әлеуметтік кикілжіңдердің тууына да осы бір атаудың жанама себеп болып келе жатқаны ақпарат құралдарында аз айтылмады. Әлі де бұл мәселе алдыңыздан неше мәрте шығарына біз кепіл.

Аудандағы мемқызметкерлердің өзара «сен қазақ, мен ұйғыр» деп бөлінуі, жабық, кейде ашық саяси текетірестердің жүруі, идеологиялық жұмыстардың кенжелеп қалуы, аудан тізгінін ұстаған азаматтардың ұйғырды ұлықтап, қазақты шетқақпай жасауы секілді сансыз түйіткілдер болмашы әлеуметтік араздықтың ұлғая ушығуына сеп болып отыр. Мұның бәрінің арифметикалық шешімі ауданның атын өзгертуге ғана келіп тіреледі.

Билік бір этносқа аудан аты арқылы басымдық бермей, ҚР Ата-Заңында көрсетілгендей барша қазақстандықтарға теңдей көзқарастағы саясат жүргізуі керек. Бар қазақстандыққа теңдей саясат жүргізілмеді деуіміздің жай ғанс бір себебін айтайын. 1935 жылдардан бері осы ауданды жалғыз қазақ басқарыпты. Неге? Неге саясат бәріне бірдей жүргізілсе, бұл ауданның басшылығына мемлекетті құраушы ұлттың өкілі, яки ұйғырдан басқалары тағайындалмайды? (Мұндай ондаған деректі тізіп алда тағы да жаза түспек ойдамыз).

Қазақстанда 150 этнос тұрады! Не себепті ұйғырға ғана аудан атын беріп, қалғандарын тоқалдан туған баладай шетқақпай жасап отырмыз (басқаларға да берейік)?

Мысал көп. Тоқетерін айтқанда осы өңірде «Қордайдағы қырғын» сияқты оқиға туылып кетпеу үшін де ауданның атын өзгерту керек.

Экс-әкім Амандық Баталов Қарадала өңіріндегі ұлттық сипаттағы проблемаларды шешуге барғанда аудан атауын өзгертуге сөз беріп, ықпал ететінін айтып, артынан сайлауды, санақты, т.б ономастикалық мәселелерді сылтауратып, ақыры уәдесін жұтып, зейнетке кетті.

Қош!

Құрметті, Қанат Алдабергенұлы!

Сізден облыс, қала берді қазақ халқы батыл қадам күтеді. Осы өңірдің тарихи «Қарадала» деген атауын аудан атына берілуіне ықпал етіп, барша қазақтың, қазақстандықтардың ізгі-ниетті батасын алғайсыз!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.