Ажырасудың салдары ауыр. Асығыс үйленіп, қиналмай ажырасқандар баласының тағдырына бас ауыртпайды. Отбасылық қиындықты шешудің жалғыз жолы – екіге кету деп түсінгендер ертең жалғыз қалмайтынына, бақытын табатынына сенімді. Ал, сол тапқан жартысы ұл-қызына туған әкедей бола ала ма? Олай дейтініміз, Қазақстан заңдарына сай ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда балалар көбінесе анасында қалады. Тек анасы қайтыс болғанда, ішкілікке салынғанда, денсаулығы жарамағанда, аналық міндетін орындай алмайтын кезде ғана таңдау әкеге түседі.
Алматы мектептеріндегі психологтарды сөзге тартқанымызда олардың көпшілігі өгей әкесімен бірге тұратын қыздар тағдырына алаңдайтынын жеткізді. «Қазіргі балалармен жұмыс істеу жеңіл емес. Соның ішінде, өгей әкесімен, өгей анасымен тұрып жатқан балалардың көңіліне қарап, жалтақтайтын кезіміз көп. Себебі, мұндай балалар өте шыдамсыз, кез келген сөзді ауыр қабылдайды. Бірде сыныбымдағы қыз шашын жалбыратып жайып келді. Тырнағы сояудай, беті-басын бояп алған. Біз баяғы кеңестік тәртіптің адамымыз. Сыныпта ерекшелініп отырған әлгі қызға бұдан кейін мектеп талабына сәйкес келуді ескерттім. Мұны жай қабылдайтын қыз жоқ. Мынау мұғалімім-ау деместен аяғайға басты. Педагог ретінде қызды сабырға шақырып, кейіннен психологтың тіркеуіне қойдым. Сөйтсем, өгей әкесімен бірге тұрады екен. Оның колледжде оқитын қызы боянып, өзгеше киінеді. Мына қыз да одан қалысқысы келмейді. Осының өзі қарапайым жағдайдың балаларға қалай әсер ететінін көрсетеді» дейді Алматы облысы Гүлдала ауылындағы мектептің мұғалімі Алтын Қанатқызы.
Ал, енді мектеп психологтары не істейді? Балаларды тіркеумен шектеліп қалмайтыны анық қой. Мектепте он жылдан бері әлеуметтік психолог қызметін атқарып келе жатқан Жайна Әуезбекова болса, өгей ата-анасымен тұратын балалардың ойындағысын тап басып тану оңай болмайтынын айтады. «Кейде аналардың өмірге, баласының ертеңіне соншама жеңіл қарайтынына таңғаламын. Соның ішінде, азаматттық неке дегенді құптаушыларға қарсылығым зор. Мысалы, былтырғы жылы бір сыныптың балалары заттарының жиі жоғалатынын айтты. Және күдікті ретінде бір қызды көрсетті. Өзі әп-әдемі, сабағы да жақсы. Бірақ, қолының жымысқысы бар. Кішкентай балалар жасыруды, жабуды білмейді. Бірі болмаса бірі қыздың кемшілігін бетіне басып, соңы өкінішке ұласпасын деп, жасөспірімді әңгімеге тарттым. Сөйтсем, әкесімен ажырасқан анасы бір ауқатты азаматпен кездесіп жүреді екен. Оның әрине отбасы бар. Анда-санда келгенде анасына сыйлықтар әкеледі. Бірақ, бұларға бала деп қарамайды. Іштей кектенген қыз бастапқыда әлгі жігіттің қалталарын ақтарып, азғантай ақшасын алып жүреді. Кейіннен қалтаға қолды молынан салады. Жігіт ағасы да басында мән бермегенмен, келген сайын ақшасының жоғалғанын байқап, кейіннен анасының көзінше інісі екеуін таяққа жығады. Ол кетеді, бірақ, жаман әдем балалардың бойында қалып қойған сыңайлы. Мұндайда әрине, бала жанын ауыртпайтындай көп дәрістер оқып, көмектескен жөн. Әйтпесе, ертең өзіне қиын» дейді Жайна Әуезбекова. Бүгінде «толық емес отбасы» деген сөз күнделікті елең еткізбейтін сөз тіркесіне айналды. Қоғамда ер балалардың тәрбиесіне көңіл бөлініп жатқан жоқ. Неке қияр орталықтарының мәліметтеріне жүгінсек, еріксіз жаға ұстайсыз. Ондағы сандарға сенсек, некеге отырғандардың 65 пайызына жуығы көп ұзамай ажырасып кетеді екен. Мектеп оқушыларының арасында 70 пайызға жуық бала әкесіз тәрбиеленіп отырған толық емес отбасыларының ұл-қыздары. Содан болар, бүгінде әкесінің аты төлқұжатында тіркелмеген балаларға да үйреншікті әдетпен қабылдайтын болдық.
Балалардың көңіліне тиеді екен деп, кейде осындай «нәзік» тақырыптарды айтудан қашып жатамыз. Дұрысы, ауруды жасырмауымыз керек. Думан ықшамауданындағы мектептің психологы Шара Бақытқызы «Өгей әкесі бар балалармен тұрақты негізде әңгіме өткіземін» дейді. «Алматының шетінде орналасқан ықшамаудандағы балалардың көпшілігі ауылдан көшіп келген отбасылардан. Және есептерін жүргізгенде басым бөлігінің пәтерде тұратынын, әкесінің жоқ екенін байқаймыз. Сонымен бірге, ересек балалар айтпағанмен, төменгі сыныптың балалары анасының жаңа әкесімен бірге тұратынын еш бүкпесіз жайып салады. Кейде үлкен сынып оқушыларының аналары арнайы келіп, қызының өгей әкесімен ортақ тіл табыса алмай жүргенін айтып, көмек сұрап жатады. Шынында жағдай қиын. Анасы ұнатқан адамды баланың ұнатпауы әбден мүмкін ғой. «Кісі баласы кінәмшіл» дегендей сырттай келген адамның өзіне ұрысқанын, бұйырғанын, зекігенін балалар көтере бермейді. Ал, бұған өгей әке түсіністік таныта ма? Мәселе осында» дейді психолог.
Шара Бақытқызы былтыр тоғызыншы сынып бітіріп, колледжде оқуын жалғастырып жатқан Берік деген шәкіртінің оқиғасы туралы айтып берді. Бұл жігітке психологтың көзі бірден түскен. Бірде көзі көгеріп, енді бірде сыныптастарымен жағаласып, тағы бірде аяғын сылтып басып жүретін баланы дене шынықтыру сабағынан беретін ағайы да нысанаға алып жүрсе керек. Бір күні «Апай, Берік шешінгенде байқап қалдым, үсті-басы көкала. Маған себебін айтпады. Сіз сұрап көрсеңіз қайтеді?» деп өтініш білдірген. Басында сұраққа жауап бермей, бұлтақтаған бала кейіннен психологқа ағынан жарылады. Сөйтсе, анасы екі жылдан бері бір азаматпен некеге тұрған екен. Ол ә дегеннен «бала тәрбиесін» қолға алып, анасы жоқ кезде Берікке айтқанын жасатып, орындамаса жұдырық жұмсайтынды шығарады. Ойындағысын айтайын десе күні бойы жұмыста жүріп, кешке сүріне құлайтын шешесін аяйды. «Ең бастысы, қарындасымды жалғыз қалдыруға қорқамын. Маған жасаған әлімжеттігін оған жасаса, өзімді кешірмеймін» дейді бала.
Мына жағдайдан кейін отбасылық мәселеге араласпаса салдары ауыр болатынын түсінген психолог бірден Беріктің анасын мектепке шақыртқан. Баласының жан дауысын жеткізгенде әйел айтарға сөз таба алмай қалды. «Ойпырмай, соқыр болып келіппін ғой. Кешке бәрі тыныш болғанға мән бермей жүре беріппін. Рахмет, сіздерге» деді педагогтарға.
Сол жағдайдан кейін Берік анасының ажырасқанын, өзі жақындарына көмектесу үшін колледжге түсіп, қосымша жұмыс істегісі келетінін айтты. Ал, Берік секілді бар қыжылын ішінде жасырып жүрген балалар қаншама?! Анасына мұңын жеткізе алмай булығып жүрген қыздар да көп. Солардың көпшілігі ажырасып, «жаңа бақытын» тапқан аналарының өзімшілдігінің құрбаны. Солндықтан, өгей әкелерден қасірет шеккендердің санын азайтқымыз келсе ажырасудың, азаматтық некеде тұрудың зиянды екенін қоғамның назарына салудан шаршамауымыз керек. Жаңа өмір бастағысы келген ана өзіне ұнаған жанның балаға туған әкедей болмайтынын түсінуі керек. Өз әкелерінен тәрбие мен жылу көре алмай, өгей әкені туғанындай санайтындарды кездестіріп жүрміз. Жетім мен жесірді қанатының астына алып, қамқор болып отырғандар да аз емес. Бірақ, өгейлігін танытатындар олардан бірнеше есе көп.
Ш. Сембаева
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024