26-10-18 |
2310 рет қаралған
Сот Козловтың жазаны жеңілдету өтінішін қанағаттандырмады.
Алматының Алмалы аудандық соты тыйым салынған оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козловтың жазасының өтелмеген бөлігін айыппұлмен алмастыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. 2016 жылы тамызда шартты түрде мерзімінен бұрын босаған Владимир Козлов сотқа өтінішті қыркүйекте түсірген. Сот шешімі туралы Владимир Козлов Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Адвокат Айман Омарова Владимир Козлов екеуі сот шешіміне шағымданатынын айтады.

9 қазанда судья Болатбек Зағиев өтінішті қарауды сотқа растайтын құжаттарды көрсеткенге дейінгі мерзімге шегерген. Қазақстан заңдары бойынша, мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан адам негізгі жаза мен пробациялық бақылау мерзімі толық ақяталғанша ел аумағынан шықпауы тиіс.

Козловтың сөзінше, Зағиев алғашқы сот отырысында өзінің «жазадан босатылғанын» және «қадағалаушы органдарға ата-анасымен кездесу үшін Қазақстан аумағынан шығуға рұқсат беруді сұрап өтініш білдіре алатынын» айтқан. Бұдан соң ол құжаттарына Қылмыстық атқару кодексіндегі шартты түрде мерзімінен бұрын босағандардың жүріп-тұруы туралы бапты қосқан.

Козлов «Кеңесу бөлмесінен оралған судья сот қаулысының қарар бөлігін ғана оқып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Бұған менің «жазадан ендігі босатылып қойғаным» себеп екен» деп жазды.

Оның сөзінше, прокурор сотта қолданыстағы заң бойынша жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдету тәжірибесі адам өліміне әкеліп соқтырған экстремистік қылмыс жасағаны үшін сотталғандарға қолданылмайтынын айтты.

2011 жылы желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасынан соң көп ұзамай – 2012 жылы қаңтарда қамауға алынған Владимир Козлов «әлеуметтік араздық тудырды» деп айыпталып, сол жылы қазанда жеті жарым жылға сотталған еді. 2016 жылы 19 тамызда Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеден мерзімінен бұрын шартты жазамен босап шыққан Козлов содан бері апробацияда жүр. Оның айтуынша, шартты жаза мерзімі 2019 жылдың шілдесінде аяқталады.

Оқи отырыңыз: «Өзін билікпіз дейтіндерге менен төнер еш қауіп жоқ»

2011 жылы Жаңаөзенде бірнеше айға жалғасқан мұнайшылар ереуілі желтоқсанның 16-сы күні тәртіпсіздіктерге ұласып, полиция оқ атқан. Ресми ақпарат бойынша, Жаңаөзен оқиғасында 16 адам мерт болып, 100-ден астамы жараланған.

«Менің жағдайымда Жаңаөзендегі оқиғада қаруы жоқ, қашып бара жатқан адамдарға оқ атып, кісі өлімі болды. Полицейлер автоматтар мен тапаншалардан әдейі дәлдеп атты. Олардың кейбірі оқ атқаны үшін сотталды. Менің үкімімде маған адам өліміне қатысты айып тағылмаған» деді Козлов.

Козловтың жазасының қалған бөлігі 2019 жылы шілдеде аяқталады.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.