23-12-21 |
5120 рет қаралған
Мәдениет министрлігі орақ пен балғаны қимай жүр.
Мәдениет министрлігі орақ пен балғаны қимай жүр

Еліміздегі көптеген ғимараттардың маңдайшасында совтеттік белгісі бар орақ пен балға кездеседі. Мәселен Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде және Қарағанды қаласында Жаңамайқұдық мәдениет сарайында орақ пен балға тұр. Аталған советтік белгіні алып тастау туралы әңгіме айтылған кезде «Құнды жәдігер ретінде оны заң бойынша алып тастай алмаймыз» деген уәж айтылып жатады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында ғимараттарымыздың төбесінде орақ пен балғаның тұрғаны қаншалықты орынды және неге біз оны өзіміздің Елтаңбамен айырбастамаймыз? Бұл сұраққа ҚР Мәдениет және спорт вице-министі Нұрғиса Дәуешов жауап берді.

«Тарихи ескерткіштер заңына сәйкес, кез келген ғимарат белгілі бір деңгейде еліміздің дәуірінен өтті. Еліміздің кейбір ғимараттарында (Советтік белгі) байқалады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың немесе республикалық ғимараттар тізіміне жатады. Сондықтан да бұл мәселе жерлігікті атқарушы органдар мен республикалық деңгейдегі тарихи ескерткіштер тізіміне жатады.

Бірінші кезекте біздің елтаңбамыз мемлекеттік органдарда тұруға міндетті. Сол кезде салынған ғимараттарды зақымдап алмас үшін кейбір жерлерде бұрынғы таңбалар қалды. Тиісті заңнамаға сәйкес және жергілікті атқарушы органдардың ішінде тарихи ғимараттарды қорғайтын Мәдениет басқармасына қарасты органдар бар. Сол ұжымдар арқылы зерттеліп, мәселе шешілуі керек. Жалпы елтаңба барлық жерде тұруы міндетті. Оны толық қолдаймыз. Тарихи құндылығы болған жағдайда еліміздің заңы бойынша жұмыс жасалуы керек» – деп жауап берді Нұрғиса Дәуешов.

Алдағы уақытта аталған заңды өзгертуге мүмкіндік бар ма? Жоқ әлде орақ пен балға Тәуелсіздіктің 100 жылдығында да тұра бере ме?

«Сіз айтып отырған орақ пен балға сол ғимараттың заң бойынша елтаңба тұратын жерінде тұрған жоқ шығар деп ойлаймын. Сіз қай ғимаратты айтып отырғаныңызды біз білмейміз. Бірақ дегенмен заңымызға сәйкес туымыз бен елтаңбамыздың тұратын орны бар. Ол міндетті түрде әр мекемеде тұру керек.

Ал енді ХІХ ғасырда салынған архитектуралық ғимараттың сәулетіне сәйкес салынған белгіліер бұзылған жағдайда ғимаратты да жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан да оны зерттеп қарау керек. Заңға байланысты айтар болсам, халыққа және керекті жағдайға байланысты заңға өзгерістер енгізіліп отырады», – деді ол.

Бір сөзбен айтқанда министрлік орақ пен балғаны бүгін, ертең алып тастайын деп отырған жоқ. Балтық жағалаулары елдері советтік белгіге тыйым салып жатқан кезде, біздің елдің оны басты ғимараттардан алып тастай алмай отырғаны қалай? Экс-президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы отарсыздану үрдісін жүргізе алмағаны өкінішті.

фото: Қарағанды қаласындағы Жаңа Майқұдық мәдениет сарайы

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.