21-01-22 |
1530 рет қаралған
Алматыдағы кардиологиялық орталыққа қалай шабуыл жасалғаны айтылды.
Алматыдағы кардиологиялық орталыққа қалай шабуыл жасалғаны айтылды

5 қаңтар күні Алматыда тәртіпсіздіктер белең алғанда лаңкестер кардиология орталығын басып алмақ болған. Алайда дәрігерлер қарулы топпен келіссөз жүргізіп, жарақат алғандарға медициналық көмек көрсеткен, деп хабарлайды «Almaty.tv

 

Дәрігерлердің сөзінше, 5 қаңтар күні барлығы жұмысқа келген. Орталықта 130-дан аса науқас ем алып жатқан, кейбіріне ота жасалуы керек болған екен. Алайда Төле би көшесімен өткен бір топ адам аурухана ғимаратына басып кірген. Олар медицина қызметкерлерін өз жақтарына өтуін талап еткен. 

«Түнге қарай аурухана аумағында нөмірсіз бірнеше көлік кірді. Барлығы мұздай қаруланған. Жаралыларға көмектесуді талап етіп, дәрігерлерге қысым көрсетті. Өздерімен бірге жедел жәрдем көліктерін алып кетпек болды. Алайда біз оларға әлі де көмектесе алатынымызды айттық», – дейді кардиология орталығының директоры Алмат Қодасбаев. 

«Менің кезекшілігімде ғимаратқа бірнеше адам кіріп келді. Басыма қару кезеп, атып тастайтынын айтты. Бірақ өзімнің кінәсіз екенімді жеткізіп, сабырға шақыруға тырыстым», – деп мәлімдеді мекеменің кезекші дәрігері Алмас Темірбаев.

Жаралылардың жағдайы ауыр болғандықтан, дәрігерлер көпшілігін қалалық жедел шұғыл көмек көрсету орталығына ауыстырған. Лаңкестер келісімге келмеген, өз аты-жөндерін атамаған. Директордың сөзінше, қызметкерлерге сес көрсеткен. Алайда бұл дәрігерлерге еш кедергі келтірмеген. Олар жаралылардың барлығына көмек көрсеткен. 

«Бұзақылар бұл жердің аурухана екеніне де қараған жоқ. Есіктер мен терезелерді сындырды, оқ атты. Мекемеде атыс 5-6 қаңтар күндері жалғасты, бірақ дәрігерлер өз жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Науқастарға күтім жасауын жалғастырды. Әр жаралыға көмек көрсетуге тырыстық», – деп қосты Алмат Қодасбаев, 

Қазір кардиология орталығы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ал тәртіпсіздіктер жайлы палата есіктеріндегі оқ іздері ғана еске салады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.