Қазақстандық білім беру жүйесі мектептердің өзін қаржыландыруына, балаларды көбірек тарту үшін сапаны көтерудің тетіктерін жандандыруға еркіндік беріп отыр. Сондай-ақ, бұрынғыдай ортақ оқу бағдарламасына байланып қалмай, білімді жетілдірудің жаңа үлгісіне жүгінуге рұқсаттың берілуі заманауи қоғам қалыптастыруға жасалған нық қадам болса керек.
Осы ұсыныстардың ішінде білім ордаларының өзін-өзі қаржыландыру мәселесі қоғам тарапынан қызу пікірталас тудырғаны рас. Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның мектептердің тек мемлекетке алақан жаймай, қаржы тартуы керектігін шегелеп айтуы үлкен өзгерістің бастамасы. Сенатордың Алматы қаласында ұстаздармен кездесуі кезінде айтқан өзінің жеке пікірі екенін де естен шығармаған дұрыс. Дегенмен, сентордың сөзіне дейін де мектептер де қаржы тапшылығы бар екені сезілетін. Оны мектеп әкімшілігі түрлі жолдармен толтыруға тырысып келе жатқанына да жасырын емес. Ал енді қаржыны қалай табуға болады? Бұған дейін қосымша қаражат қажет болғанда педагогтардың мәселені ата-аналардың, сынып қорының көмегімен шешкені белгілі. Соңғы жылдары ата-аналар тарапынан қарсылық үдеген соң, ақша жинауға түбегейлі тыйым салынған еді. Алайда, ебін тауып екі асағанға үйренгендер «демеушілік жасаңыздар» деген желеумен қалталы жандардың көмегін алуды тоқтатқан жоқ. Дегенмен, сенатордың меңзеп отырғаны мұндай көмек емес. Дариға Нұрсұлтанқызы мектеп асханасын той, шараларға жалға беру, қосымша сабақтар өткізу арқылы табыс табу мүмкіндіктерін алға тартуда. Әрине, асхана, үлкен конференц-залдарды, спорт залдарын жалға беруге болатын шығар. Бірақ, бұрынғыдай мектеп асханасында той беретіндердің дәурені өткен. Тіпті, ас бере қалған күннің өзінде келушілерді тәртіпке шақыру, мектеп тазалығын сақтауын бақылау мүмкін емес. Мұндай шаралар ұйымдастырып, ақша тапқан күннің өзінде мектепке қосымша күзетшілер жалдап, табысының белгілі бір бөлігінен айрылуға тура келеді.
Мектеп ішінен қосымша сабақтар өткізу мұғалімдердің де арманы. Бос уақыттарында ақылы сабақ беріп, тапқан табыстары олардың қалтасын тесе қоймайды. Бұған ата-аналардың да қарсы келмесі белгілі. Өйткені, мектеп айналасында ағылшын, математика, би, вокал сияқты үйірме, сабақтар өткізетін жеке орталықтар жеткілікті. Бірақ, олардың білімінің қаншалықты жоғары екенін бақылап, баға беріп жатқан ешкім жоқ. Олардың бағасы да айтарлықтай жоғары. Ал күнделікті сабақ беріп жүрген ұстаздарды бала да жақсы біледі, ұстаз да баланың қабілетіне қарай жұмыс жүргізеді. Мектепте дәріс беретіндіктен қосымшалардың да құны қалтаға сай болады. Тек, оған мектептердің мүмкіндігі жоқ. Қала мектептерінің барлығы екі ауысымда, кейде тіпті үш ауысыммен сабақ өтіп жатқан жағдайы бар. Кестеге сай сабағын өтетін кабинетке зәру ұстаздар қосымша дәріс оқитын бөлмені қайдан тапсын?
Спорт секцияларын ұйымдастыру да ұтымды ұсыныстың бірі. Бірақ, қосымша табыс тапқысы келген мектеп балақайларды тек сабақ уақыты біткенде, кешкі мезгілде қабылдай алады. Мұндай жағдайда балалардың қауіпсіздігі мектептің негізгі бас ауруына айналары күмәнсіз. Сонда қаржыны қалай тапқан дұрыс? Күрделі сұрақтың шешімін табу әрине, мектеп ұжымына байланысты.
Орта білім беру жүйесін жан басына қарай қаржыландыру мәселесі де жауабынан сұрағы көп жаңашылдық саналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2013 жылдан бері пилоттық жоба қолданысқа енгізіліп, бұл үрдіс биылғы жылы ерекше қарқынмен жұмыс істей бастады. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, жоба бүгінде Астана мен Алматы қалаларында және еліміздің 5 облыс орталығында белсенді тәжірибеге енген. Пилоттық жоба жүзеге асқан алғашқы кездің өзінде жан басына қаржыландыру әдісінің ауыл мектептеріне сәйкес келмейтінін, мұны тек қала мектептерінде ғана іске асыру мүмкін екенін көрсетті. Себебі, ауылдық жерлерде таңдау жасайтындай мектеп көп емес. Ал, қалалық жерде жан басына қаржыландыру әдісінің енгізілуі мектептердің өзара бәсекелестігін арттырып, балалардың таңдау еркіндігін кеңейтуіне жол ашады. Мемлекеттік білім беру стандарты бойынша 1 оқушыны оқыту құны қазіргі кезде орташа есеппен 224 704 теңге тұрады. Ал, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, келесі жылы бір оқушыға бөлінетін бюджет ақшасы 300 мың теңгеге дейін артады. Яғни, мектеп қанша баланы өзіне тартқанына қарай мемлекеттен алатын қаржысын еселей түседі. Ал, олардың коммуналдық қызметі мен ғимаратты күтіп ұстау шығындары жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Жалпы, елімізде білім беру саласына жан басына қарай қаржыландыру жүйесін енгізу шараларына 153,9 миллиард теңге қарастырылған. Ал, барлық білім беру жүйесін дамытуға 2018-2020 жылдар ішінде 1 трлн 108,9 миллиард теңге жұмсалады.
Бұл өзгерістердің барлығы «Білім туралы» заңда жан-жақты шешімін тапқан. Сонымен бірге, мемлекеттік білім беру тапсырысына жекеменшік мектептерді қосу мәселесі де реттелген. Заңның игілігін көріп отырған мекемелер аз емес. Мәселен, Ақтөбеде жекеменшік мектеп-интернат осындай мемлекеттік тапсырыс алып, жұмысын жүргізіп отыр. Шымкент, Маңғыстау облысында да дайындық жүргізіп жатыр. Құзырлы орындар ұсынған мәліметке сенсек, 2018 жылы қыркүйек айынан бастап Астананың барлық 85 мектебі аталған жүйеге көшкен. 2019 жылы оған Алматы қаласының 239 мектебі қосылмақ. Ал 2020 жылдан бастап республиканың 3 981 мектебінде жан басына қаржыландыру жүйесі енгізіледі.
Мектептердің өз жұмысын нарықтық заман талабына бейімдегені дұрыс. Бірақ, осындай қомақты қолдаудан қазақ мектептерінің қағылып қалмауын қадағалау маңызды болып тұр. Айталық, орта білім беру жүйесінде 2016–2017 оқу жылында 7450 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеген. Егер қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, мемлекеттік тілде сөйлетін халықтың санын арттырамыз десек, қазақ мектептеріне қолдау жасау керек. Соған сай Елбасының қалалық жердегі орта білім беру мекемелерін жан басына қарай қаржыландыру жөніндегі тапсырмасы ең алдымен ұлттық мектептерден бастау алғаны дұрыс.
Білім бәсекесі демекші, мектептерге академиялық еркіндіктің берілуі де оң өзгерістің басы. Яғни, мектептердің педагогикалық кеңестері жоғарыға жалтақтамай енді өз мектептеріне қатысты біраз мәселелерді өздері шеше алады. Бұл енді, бір типтік оқу жоспарының болмайтынын көрсетеді. Соған сәйкес, әрбір мектеп өзіне ыңғайлы жоспарды жасап, қолданбақ. Соның ішінде мектеп қазіргідей бес күндік оқуды, болмаса алты күндік оқуды ұжым болып ақылдасып таңдауға ерікті. Пәндерді ағылшын тілінде оқыту да міндеттелмейді. Оны мектеп өзінің мүмкіндігіне, мұғалімдердің біліміне қарай өзі шешеді. Экстернатқа рұқсат беру, кейбір пәндерді бөліп, не бөлмей оқыту, білім сапасын бақылау мәселесі де педагогикалық кеңестің құзырында. «Мектеп өзіне келетін оқу жоспары бойынша жұмыс істей алады. Осылайша, барлық мектептерге академиялық дербестік беруді дұрыс деп есептейміз. Жалпы, мектеп жоспарларымен қатар гимназия, лицейлер, дарынды балаларға арналған мектептер, кешкі мектептер үшін оқу жоспары дайындалғанда мұғалімдердің ұсыныстары ескерілді», – дейді министр Сағадиев.
Сонымен бірге, мектеп директорларын тағайындау ережесі де жаңартылып отыр. Бұл да бүгінгі күннің талабына сай. Жалпы, «Тосылған судың тұнығы болмайды» дегенді бабаларымыз тегіннен тегін айтпаған. Бір адам бір мектепті тапжылмай ұзақ басқарғанда алға жылжу болмауы мүмкін. Өйткені, алғашында жұмысқа құлшына кіріскенмен ортаға көз үйреніп, жұмыс ырғаққа түседі. Бір орында отырған мектеп директорларына қатысты да осыны айтуға болады. Сондықтан, оларды белгілі бір уақытта сынақтан өткізіп, орындарын ауыстырып, біліктіліктерін көтеріп отырғанның зияны жоқ.
Мектептің гүлденуі, онда мықты мамандарды жинау, ұжымдағы татулықты сақтау бірінші басшының қабылетіне тікелей байланысты. Өйткені, бірінші басшының білім сапасын көтеремін деген ниеті болмаса, мектепке мықты мамандар келмейді. Және өзі біліксіз директордың айналасына білімді мамандар тарпасы тағы шындық. Осыған байланысты жасалған ережеге сәйкес, директорлықтан үмітті жандар төрт кезеңнен тұратын конкурстан өтуі тиіс. Алдымен мектептің қамқоршылық кеңесінің сынына түседі. Одан кейін заңнамалық тестке қатысып, өзінің Қазақстан заңдарын жетік білетінін, балалар құқығын, мұғалімдер мүддесін қорғауға дайын екенін дәлелдейді. Бұған қоса, облыстық білім басқармасының келісуі, аудандық және қалалық деңгейде сұхбаттан өтуі қарастырылған. Ең бастысы, бұдан былай мектеп директорлары тек төрт жылға тағайындалады. Ары қарай жұмыс істеймін десе, төрт сатылы конкурстан қайтадан өтуін тура келеді. Яғни, бұл басшы боламын деушілерге талаптың бір сәт те кемімейтінін көрсетсе керек.
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024