05-11-18 |
1350 рет қаралған
Түркия Ресейге украин саяси тұтқындарының тізімін жолдады.
Түркия Ресейге украиналық саяси тұтқындар тізімін жіберіп, оларды босатуды сұрады. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Украина президенті Петр Порошенкомен өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Ердоған 2017 жылы күзде Қырым татарлары меджлисі төрағасының орынбасары Ахмет Чийгоз бен Ильми Умеровтің Түркияның өтініші бойынша босатылғанын еске салды. Ахтем Чийгоз 2014 жылы қыста болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыппен сегіз жылға сотталған еді. Ильми Умеровті Симферополь аудандық соты ATR телеарнасына берген сұхбатында сепаратизмге шақырды деп айыптаған. Чийгоз және Умеров әуелі Қырымнан Анкараға кетіп, кейін Украинаға қайтқан. Оларға рақымшылық жасау туралы президент жарлықтары әлі күнге құпия болғанымен, оларды босатуда Түркия негізгі рөл атқарған. Бұдан кейін де Мәскеуге басқа да саяси тұтқындардың тізімі берілген. «Біз бұл процесті бақылап отырамыз және ол нәтижелі болады деп үміттенеміз» деді Ердоған.

Қырым татарлары меджлисі төрағасының кеңесшісі Арсен Жумадиловтің айтуынша, тізімге Украина Жоғарғы Радасының 208 жылдың 1 наурызында шығарған қаулысына сай Ресей түрмелерінде отырған саяси тұтқындар деп танылғандар мен биыл көктемнен бері Ресейде қамауға алынып, тергеліп жатқандар да енген. Тізімде барлығы 70-тен астам адам бар. Олардың арасында Қырымда ұсталғандардан бөлек Ресей аумағында сотталып, жазасын өтеп жатқандар, оның ішінде режиссер Олег Сенцов, белсенді Владимир Балух та бар.

Бұған дейінгі тізімде түрме жазасына және шартты мерзімге сотталғандар мен тергеуде жүрген 99 адам енгізілген еді. Бірақ ол кезде Мәскеуге қамауда отырғандардың ғана тізімі жіберілген.

Жаңа тізімді украиналық құқық қорғау ұйымдары Украина Сыртқы істер министрлігімен, адам құқықтары жөніндегі уәкілмен және Қырым татарларының меджлисімен бірге түзген. Ол тізім биыл қыркүйекте Түркияның Украинадағы елшілігіне және Түркия Сыртқы істер министрлігіне жолданған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.