27-06-22 |
1310 рет қаралған
7 млрд теңгеден астам қаржыға 32 әлеуметтік жоба іске асты.
7 млрд теңгеден астам қаржыға 32 әлеуметтік жоба іске асты

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы қызметін орындайды. Әлеуметтік және медициналық секторларда халыққа көмек көрсету, мәдени қоғамдастықты және адами әлеуетті дамыту, еңбек қатынастарын нығайту және қоғамның тұрақты дамуына инвестициялар, топ компаниялары қатысатын өңірлерде әлеуметтік инвестициялар бағдарламаларын іске асыру Қордың басым бағыттары саналады.

«Самұрық-Қазына» АҚ өз қызметінде қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті басты назарда ұстайды. Мәселен Қор компанияларының атынан әрекет ететін «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры өткен жылы жалпы сомасы 7 млрд теңгеден астам қаржыға 32 әлеуметтік жобаны іске асырды. Тиісті көмек арқылы біз жарты миллионға жуық адамды қамтыдық», – деп атап өтті Қоғамдық кеңестің отырысын ашарда «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

2021 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларын және бұқаралық спорт, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, өңірлерді кешенді өркендету бастамаларын қолдады.

«Қордың 2022 жылға арналған Қайырымдылық бағдарламасы 10 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде бүгінде 4,18 млрд теңгенің 14 жобасы мақұлданды. Әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға өтінімдер «Samruk-Kazyna Trust» сайтында орналастырылған қайырымдылық көмек көрсету ережесіне сәйкес үкіметтік емес ұйымдардан қабылданады. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына»  кәсіпорындары бар өңірлерде өзіміз жобаларды жүзеге асыруға бастама көтере аламыз», – деді есептік сөзінде «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Мақұлданған жобалар арасында аутистік спектрдің аурулары мен ментальді бұзылыстары бар балаларға арналған 8 орталық құру, дамуы бұзылған және олардың туындау қаупі бар балаларға ерте диагностикалық және абилитациялық көмек көрсету бойынша 13 ерте араласу орталығын құру, сондай-ақ Атырауда ерекше балаларға тегін көмек көрсету бастамасы бар.

«Samruk-Kazyna Trust» қоры бүгінде Қазақстанның шалғай елдімекендеріне сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» пойыздарын табысты іске қосып, «Басқарылатын гипотермия» инновациялық жобасы аясында Қарағандыда 11 нәрестенің өмірі құтқарылды. Алдағы уақытта нәрестелердің шетінеуі мен мүгедектігін азайту ниетімен тағы бес перинаталдық орталықты терапевтік кешендермен жабдықтау көзделіп отыр.

«Самұрық-Қазына» қорының кәсіпорындары бар өңірлерді дамыту аясында биыл Жаңаөзен қаласының 3 мектебін жиһазбен және интерактивті панельдермен жабдықталса, отбасылық аула клубтарын демеу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін түрлі секциялар ұйымдастырылуда. Шымкент қаласында нейро-ортопедиялық бұзушылықтары бар балаларды оңалту қолға алынбақ. «Балаларға өмір сыйла», «Аутизмді жеңеміз!», «Жетім балаларсыз Қазақстан» жобалары да жалғасын таппақ. Аға буын өкілдеріне қамқорлық танытуда «Тағылым» және «Жеңіс» жобалары жүргізіліп, ауылдық жерлердегі балаларды спортқа баула «Батыр боламын!» жобасының арқасында 20 спортзал ашылмақ. Бұдан басқа, «Samruk-Kazyna Trust» мемлекеттік тілдің көкжегін кеңейтуде «Soyle» жобасын қолдауды жөн деп тапты.

«Биылдан бастап қайырымдылық жобаларын іске асыру кезінде олардың 30%-ында Үкімет пен мемлекеттік органдардың тапсырмасына көңіл бөлінсе, ал 70%-ында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары бар өңірлердегі әлеуметтік инвестициялар бағдарламаларына басымдық беріледі», – деп жеткізді Альфия Адиева.

Осылайша «Samruk-Kazyna Trust» қоры қызмет бағыттарын оңтайландырып, жобаларды қаржыландыру жайын бекітетін Қамқоршылық кеңес құрамын кеңейтуде. Сонымен бірге, қор сайты жаңарып, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесіне есеп беру тұрақты жолға қойылмақ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.