02-08-22 |
2560 рет қаралған
Келісім аяқталса да қытайлар қазақ мұнайын соруды тоқтатар емес.
Келісім аяқталса да қытайлар қазақ мұнайын соруды тоқтатар емес

«CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның қазақ жеріндегі кен орнын жалға алу келісімшарты аяқталды. Дегенмен 25 жыл бойы қара алтын өндірген қытайлық компания әлі де жұмысты тоқтатқан жоқ. Тіпті кері қайту ойында жоқ. Ал билік жалға беру мәселесін қоғамдық талқыға салып, халық пікірін тыңдауға асықпай отыр. Ширек ғасыр ішінде шетелдік компаниялар «кемсітіп» келген қазақ жұмысшының жағдайы да шешілген емес.

«CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының жер қойнауын пайдалану, мұнай бұрғылау жұмыстарын жүргізу үшін алған 25 жылдық келісімшарттың мерзімі биыл аяқталды. Компания жер қойнауын пайдалануды тағы 25 жылға созуды сұрап отыр.
Осы тұста Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы мұнай компаниясының ұсынысын халықпен емес, министрлікпен бірлесіп қарастырылып жатқанын жасырмады.

Қытай жұмысшылары тұратын орын

«CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына қатысты бес келісімшарт бар. Оның біреуінің мерзімі биыл бітті. Былтырдан бастап компания тарапынан бұл келісімшартты 25 жылға ұзарту мәселесі көтерілді. Ұсыныстарды қарау үшін келісімшарт мерзімі тек 3 жылға созылды. Осы уақыт ішінде қосымша талаптар қарастырылады. Үш жылдың ішінде жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жалақы мәселесін көтеру талаптары қойылады», – деді облыстық индустриялық- инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құдайбергенов.

Басқарма мұнай компаниясына қойылатын талаптарды және басқа келісімшарттардың аяқталу мерзімін нақтыламады. Ал өңір басшысы не дейді?

«Бұл жерде келіссөзді Энергетика министрлігі жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта келісімшарт уақытша үш жылға созылды. Екі жақ талаптарды үш жыл ішінде қарастырады. Егер келісімге келсе, ол созылады. Келісімге келмесе басқа инвеесторлар іздеу керек. Негізі Энергетика министрлігі мен инвестор арасында келісім болады. Ал енді бізге келетін болсақ, айлық мәселесі көтеру айтылды. Республикадағы мұнай компанияларының орташа айлығына жеткізу, экологиялық, әлеуметтік мәселелерді шешу мәселесі көтерілді. Осындай бірнеше талаптарымыз бар. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімін алу да айтылды. Бұл ұсынысты министрлік қолдап отыр. Келісімшарт кезінде осы талаптар ескеріледі», – дейді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Баррельмен бағаланған байлық қазақты байытты ма?

Жер астынан алынған қара май баррельмен бағаланды. Оны «қара алтынға» теңедік. Қазақ жерінде ширек ғасырдан бері бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ қара майға малынып жүрген қазақ жұмысшыларының жағдайы мәз емес. Алпауыт компанияларда еңбек етсе де мұнайшыларға қатысты еңбек дауы бірнеше жылдан бері айтылып келеді.
Қаңтар оқиғасы кезінде ұжым болып наразылық білдіргендердің дені – мұнайшылар. Жаппай үндеу айтқан олар жалақы көтеруді талап етті. Жарты жыл уақыт өтті. Ақтөбедегі мұнайшылардың жалақысын көтеру мәселесі әлі де ашық күйінде тұр.

Мұнай компаниясындағы қазақ басшылар жұмысшылардан бөлек тамақтанады

«Өзім «мұнайшымын» деп айтуға ұяламын. Жалақы төмен. Отбасым, ипотекам бар. Айлық ипотека жабуға және тамақ алуға ғана жетеді. Демалыста басқа жұмыс істеуге тура келеді. Вахтадағы жағдаймыз да мәз емес. Мұнайшылар 4 кабатты жатақханада тұрады. Бір бөлмеде 4 адам. Бөлмеде телевизор бар. Ал холодильник бір қабатта тұратын 60-70 адамға ортақ. Үш мезгіл тамақтандырады, сапасы төмен. Кешкілік қарның ашып келгенде екі тоқаш артық алсаң айқай болады. Вахтада көп адам ет қосылған тамақ жемейді. 80 пайыз күріштен дайындалған тамақтар береді. Қытай жұмысшыларының жататын жері де, асханасы да бөлек. Вахтада қазақ бастықтардың өзі қарапайым жұмысшылардан бөлек тамақтанады. Оларға кафедегі сияқты даяшы барады. Алдарына табақпен ет жасатып, сорпа ішіп отырады. Оларды көріп, қарның ашады», – дейді Аслан есімді мұнайшы.

Қытай компаниясында жүрген қазақ басшыларға шағым көп

Мұнайшылар қытай компаниясында еңбек етіп жүрген қазақ басшыларға қатысты тексеріс, бақылау жасауды сұрайды.

«Мен өзім «КМК-Мұнай» компаниясында 7 жылдан бері жұмыс істеймін. Айлық өте төмен. Бірақ мұнай өндіру көрсеткіші жоғары. Мен ойлаймын, қазақ жұмысшылары кездесіп жүрген мәселе – қытай компаниясынан емес, өзіміздің қазақ басшылардан. Қытай компаниясы бөлген ақшаны дұрыс жеткізбей отыр. Жұмысшылар жалақы сұраса «естихан, сабақ» деп қысым көрсетеді. Өзі несиеге белшеден батып отырған мұнайшылар аузын аша алмайды. Шынын айту керек, бізде кез келген адам мұнай компаниясына жұмысқа кіре алмайды. Жемқорлық жоқ па, тексеру керек. Мұнай саласында жүрген қазақ басшылардың жағдайы мен қарапайым жұмысшының жағдайын салыстырып көріңіздер. Мұнай компаниясын жемқорлық жайлап кеткен жоқ па? Қытай басшылар жұмысшылармен сөйлесуге келмейді. Тек қазақ басшыларды жібереді. Біз бір ай бұрын ғана жалақы мәселесін көтеру үшін еңбек инспекциясына және облыс әкіміне хат жаздық. Ешқандай жауап алған жоқпыз. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ақтөбеге келгенде мұнайшы жалақысын көтеруді тапсырған еді, нәтиже жоқ»,- дейді мұнайшы. Қудалаудан қорыққан мұнайшылар аты жөнін көрсетпеуді сұрайды.

Айта кету керек, «КМК-Мұнай» компаниясы «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның еншілес кәсіпорны. 2004 жылы құрылған компания Көкжиде, Құмсай, Мортық жерлерінде мұнай өндіреді. Онда 200-ден аса адам еңбек етеді. Компаниядағы 136 адам бір ай бұрын жалақы көтеру мәселесіне қатысты ұжымдық арыз жазып, облыс әкімдігіне, үкімет басшысына жолдады. Жауап алмаған.

Шетелдіктерге бірнеше миллион теңге заңсыз іссапар ақысы төленеді

Ақтөбелік прокурорлар жақында ғана жүргізген тексеріс кезінде «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның еңбек заңнамасын өрескел бұзып келгенін анықтады. Компания қытайлық мамандарды демалысқа жіберген кезде орта есеппен 5-тен 11 млн теңгеге дейін іссапар ақысы заңсыз төленген.

Жаңажол кен орнындағы мешіт

«Басқа өңірлерден келген қазақстандық қызметкерлерге Ақтөбеден үйге дейін (Шалқар, Қызылорда, Ақтау және т.б.) жол жүру ақысы төленбейді»,-деді Ақтөбе облысының прокуратурасы.

25 жыл ішінде Қытай компаниясына еңбек заңнамасын реттеуді үйрете алмадық. Келесі келісімшарт талаптарының қағаз жүзінде қалмасына кім кепіл? Әлі күнге дейін шетелдік жұмысшылар бірнеше есе жоғары жалақы алады, миллиондағы төлемақымен демалысқа шығады. Ал қазақстандық мұнайшалардың қарапайым ғана үйіне дейін жету жолақысы төлеу мәселесін реттей алмай отырмыз.

Еңбек инспекциясы «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қатысты үш жылда заңсыз жұмыстан шығару, еңбек ақы төленбеуге қатысты 4 арыз түскенін айтты. Ал прокурорлар анықтаған заңбұзушылықтарға қатысты тексеріс енді басталған.

Оразалин мұнайшылар талабын орындай алған жоқ

Осыған дейін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ақтөбелік мұнайшылардың жалақысы Маңғыстау, Атырау облыстарымен салыстырғанда 2-3 есе төмен екенін айтқан еді. Екі жыл бұрын облыс әкімі көтерен сұрақ әлі шешімін тапқан жоқ.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің Мұғалжар, Байғанин, Темір аудандарында мұнай өндірумен айналысып жатқан қытайлық компанияның жерді жалға алу мерзімін ұзарту туралы ұсынысын халық алдында қашан талқыға салатыны белгісіз.

Билік Қытай компаниясына тағы да жерді ұзақ жылға жалға беру керек пе, жоқ па деп халықтан сұрай ма? Инвесторлар әлі де шетелдік жұмыс күшін пайдаланады. Сонда 25 жылда қазақстандықтардың бұл саланы түбегейлі меңгере алмағанына кім кінәлі?
Бұл сұрақты қазақстандық заңгер Абзал Құспанға қойдық.

«Мұнай-газ саласы еліміздегі бюджеттің негізгі табыс көзі. Сондықтан осы салада жүрген шетелдік мамандарды қазақстандық мамандарға ауыстыру мәселесі бірінші күннен бастап күн тәртібінде тұруы керек еді. Біздің басты қателігіміз осы. Тиісті мамандарды дайындап, алмастыра алмадық. Болатын нәрсе болды. Енді біз оның салдарын көріп отырмыз. Қазір мен «Аманат» комиссиясының төрағасы ретінде «Қаңтар оқиғасы» сұрақтарымен әлі айналысып жүрмін. Қараңыз, 2016 жылғы жер митингісіне де бастан-аяқ қатыстым. Атырау қаласында болған ереуілшілердің денін мұнайшылар құрады. Маңғыстаудағы мұнай-газ компаниясының қызметкерлері жиі наразылыққа шығады. Біз әдетте салдарымен күресе береміз. Жер мәселесі жерге қатысты, «Қаңтар оқиғасы» азық-түлік қымбаттауы деп ойлаймыз. Жоқ! Олай емес. Бұл себеп қана. Оның түпкі негізі – наразылықтардың көбейуінде жатыр. Соның бірі – еңбектегі дискриминациясы. Өзім мұнайшы жастармен көп араласамын. Олардың арасында реніш бар. «Американдық емес, Қазақстаннан даму айырмашылығы шамалы елдерден мамандар басшылық қызметке келеді. Біліктілігі асып бара жатқан жоқ. Бірақ әкіреңдейді, ашуымызды туғызады» деп көп айтады. Мұны экономикалық тұрғыдан ғана көтермей, құқықтық салдары болатынын түсінуіміз керек. Ақтөбе, Атырау, Ақтаудағы вахталық әдіспен қара жұмыста жүрген жастар митингтерде дайын күш болатынын ескеруіміз керек. Мұнай компаниялардың басшылары мен жергілікті жердегі биліктің жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан дайын ереуілшілердің ошағын қалыптастырамыз. Сол себепті бұл мәселе үкіметтік деңгейде қолға алынуы керек. Қаңтарда мұнайшылар шықты ма? Шықты. 2016 жылы Атырауда болған митингті қараңыз, алаңға наразылыққа шыққан 5000 адамның дені мұнайшы. Мен мұны дұрыс емес деп тұрғаным жоқ. Наразылық ошағына айналмау керек. Ол үшін сол жердегі мәселелер шешілу керек. Соның ішінде кадр мәселесі. Қазақты қазақ басқарған дұрыс», – деді Абзал Құспан.

Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы 63 елде мұнай-газ өндіру жұмыстарын жүргізеді. Алпауыт компания Қазақстандағы инвестициялық қызметін 1997 жылы бастады. «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ -ның ресми сайтындағы ақпараттарға сүйенсек, ширек ғасыр ішінде Қазақстанның мұнай-газ кешенін дамыту үшін 50 млрд доллардан аса инвестиция салды. Тек соңғы үш жылдың өзінде компания 7 млн тонна мұнай өндірген.

«CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өңірдегі мұнай өндірісінің 67, газдың 88 пайызын қамтып отыр.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.