09-11-18 |
1650 рет қаралған
АҚШ Пхеньянға салынған санкцияны жұмсартуға қарсы шықты.
Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жабық жиынын шақырып, Пхеньянға көмек беру үшін Солтүстік Кореяның банк секторына салынған санкцияны жұмсартуға шақырды.  

Алайда Ресейдің бұл ұмтылысын АҚШ бұғаттап тастады. АҚШ-тың Біріккен ұлттар ұйымындағы елшісі Никки Хейли қарашаның 8-інде «Ресей «гуманитарлық көмек береміз» деген желеумен Солтүстік Кореяның банк саласына салынған санкцияны жұмсартпақ» деп айыптады.

Жиыннан шыққан соң Хейли «Кремльдің бар қалауы – банк секторына салынған санкцияны жұмсарту. Олардың күн тәртібінде не мәселе тұрғанын білдік. Олардың неге мұндай ұсыныс айтқанын анық білеміз. Ресей Солтүстік Кореядағы гуманитарлық жағдайды уайымдап жатырмыз деп айта берді, алайда шындық бәрібір белгілі болды» деді.

Никки Хейли Ресейді «өтірік айтты» деп, «Қауіпсіздік кеңесі былтыр салған санкциялар талабын Кремль сақтамай отыр» деп кінәлады. «Санция салғанға дейін жұмсақ айтып келдік. Бірақ таяқтан әлі бас тартпаймыз. Солтүстік Корея санкцияларды жұмсартатындай ештеңе істеген жоқ» деді АҚШ елшісі.

Қытай мен Ресей Корей түбегін ядролық қарудан арылтатынын айтқан Солтүстік Кореяның сөзін сөйлеп, санкцияны жұмсартуға шақырды.

Алайда Ұлыбритания мен Франция АҚШ-ты қолдап, «Солтүстік Корея ядролық қару бағдарламасын аяқтағанға дейін санкциялар күшінде қалуы керек» деді.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.