Іңгәлаған сәбиін жұбату, жас иісіне құшырлану, шаңырағынан сыңғырлаған баланың күлкісін есту отбасына берілетін өлшеусіз бақыт. Ата-ананың ізін жалғаушы, үкілеген үміті – баласы. Алайда мұндай бақ біреуге бұйырса, біреуге бұйырмайды. Бір перзентке зар болып, қаңыраған үйдің қабырғасына телміріп отырған қанша жан бар?! Осындайда кейбіреулердің өзегін жарып шыққан өз баласын сыртқа теуіп, перзентін жетімдер үйіне өткізіп жататындарын ештеңемен ақтап ала алмайсың. Сондай-ақ өз үйінде өгей болған, ата-анасынан теперіш көріп, өсіп келе жатқан балалардың мәселесі де жойылып кеткен жоқ.
Қазақстанда балалар үйінің саны азайып жатыр дейміз, ол әрине қуантарлық жағдай. Алайда Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне көз салатын болсақ, мемлекетімізде қорғансыздың күнін кешіп, әркімге бір жаутаңдап жүрген балалар әлі де жетерлік көрінеді. Елімізде 2020 жылы ата-анасының қамқорынсыз және жетім қалған балалар саны 23 410 болған. Бұл он жыл бұрынғымен салыстырғанда 15 мыңға жуық балаға қысқарған, дегенмен 831 бала бір жылда балалар үйлеріне келіп түскен. Ал баласын дүниеге әкеліп алып, барар жер басар тауы жоқ, бауыр еті баласын асырай алмай «Ана үйі» сияқты дағдарыс орталықтарына барып пана тапқандары қаншама! Сандарға сүйеніп айтсақ, «Ана үйі» жұмыс істеген тоғыз жылда 5700 әйел баласымен осы жерде тұрып кеткен екен. Яғни жетім қалу қауіпі төмендеді деп айту қиын. Сондықтан осыған қарап, «Жетімін жылатпаған қазақ едік» деп әттеген-айымызды айтуды әлі жалғастыруымызға тура келеді.
Содай кейін, елімізде балалар үйлерінің азаюы, жетім балалар санының кемуі Қазақстанда отбасы құндылығы артып немесе тұрмыс жақсарып кеткеннен деу қиын екенін мойындау керек. Ішерге ас, киерге киім таппай отырған шаңырақтар да, тапқан-таянғанын ащы суға сарқып, бала-шағасын мүсәпір күйге түсірген адамдар да бар екені рас. Интернет желісіндегі балалар үйінің мекенжайлары жазылған парақшаларда «Ата-анам күн көрсетпейді», «Анам алқаш, өз үйімде тұрғым келмейді», «Мені ата-анам жек көреді, сіздерге барсам бола ма?» деген мазмұнда жан түршіктірер пікірлер көптеп кездесетіні осыған дәлел болса керек.
«Ұяда не көрсе – ұшқанда соны іледі» деген халық даналығын еске түсірсек, айрандай ұйып отырған отбасынан тәрбиелі, сабырлы да салиқалы, мінезі көркем азамат өсіп шықпай ма?! Баланың бұзақылық, ұрлық-қарлыққа барып, тіпті ауыр қылмыс жасауы оның тәрбиесінен хабар беретіні де бар. Ресми статистика бойынша 2020 жылы ауыр қылмыс жасаған 204 бала тіркелсе, аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған 46 бала болған екен.
Қазақстан өз-өзіне қол салу дерегі бойынша әлемдік статистикада көш басында тұрғаны белгілі. Ал елімізде суицит жасайтындардың басым бөлігі, яғни 60 пайызы 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге тиесілі екен. Сондай-aқ 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы суицидтен қаза болғандар саны 2020 жылы 44 құраған.
Сонымен қатар өткен жылы Қазақстан Республикасындағы Бала құқығы жөніндегі уәкілге 356 балалар құқығын бұзу фактісі бойынша шағым түссе, оның 17-і жыныстық зорлық-зомбылық фактісі, баланың құқығы мен қауіпсіздігін бұзу фактісі бойынша 21 шағым, тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі 3 тіркелген.
Мақалада келтірілген деректің барлығы ресми мәліметтер. Бірақ биресми мәліметтер басқаша сөйлеуі әбден мүмкін. Себебі елімізде «ұят боладыға» салып отбасындағы проблеманы жасырып жабатын ата-аналар, өзінің бет-беделі үшін «ауруын жасырған» мекемелер бар екені белгілі. Ондай жағдайлардың кейбірі ашылып та жатыр.
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің бала тәрбиесіне қанша қаражат бөлетіні оның экономикалық көрсеткіштеріне ғана емес, елдегі қылмыстың, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, суицидтің және басқа да жағымсыз факторлардың деңгейіне тікелей байланысты», –деп жазылған Бала Құқықтары жөніндегі уәкілдің 2021 жылғы есебінде. Осы ретте белгілі қаламгер Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі еріксіз еске түседі.
Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған.
– «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,– деп президентіміз істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын.
Бағдарлама аясында балалардың білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі, жетімдікпен күрес және балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту сияқты өзекті мәселелер төңірегінде жұмыс істелуі керек.
фото: Фото: Рауля Упорова/uralskweek.kz
Балжан Жеңісқызы
Arasha
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024