Президент Қ.К. Тоқаев кешегі Жолдауында мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғыртуды тапсырды. Оның аясында келесі шаралар атқарылуы тиіс:
- Үкіметтің кейбір құзыреттері министрліктерге беріледі. «Үкімет туралы» конституциялық заңның 20-бабына сәйкес министрлер салалық саясатты қалыптастыратыны белгілі. Осы норманың негізінде нақты басшының құзыретіне кіретін шешімдерді қабылдау мен келісуді жоғары деңгейдегі және алқалы органдарға беруге болмайтыны туралы 5 ай бұрын Президент Жарлығымен қағидат ретінде бекітілген еді. Сондықтан бұл тапсырма әр сала бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыруда және оны тиімді іске асыруда министрлер мен вице-министрлердің дербес жауапкершілігін арттыруға бағытталған деп ойлаймын.
- 1994 жылы «ҚР-ның Премьер-Министр Кеңсесі» болып құрылған мемлекеттік мекемесі – «ҚР-ның Үкімет Аппараты» ретінде қайта құрылады. Бұл тапсырманы да Президенттің 14 сәуірдегі «дебюрократияландыру» Жарлығының логикалық жалғасы деп түсінуге болады. Яғни, «Үкімет Аппараты» – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру мен бақылау барысында олардың қызметтерін регламенттеудің оңтайлы деңгейін белгілеуі, әрі негізделмеген жаңа бюрократиялық талаптарды, есептілік пен бақылау түрлерін енгізуге жол бермеуге тиіс. Демек, бұл органның аты ғана өзгермейді, оның құрамындағы құрылымдық бөлімшелер жаңа мақсаттарға сай қайта құрылып, міндеттері мен функциялары қайтадан анықталады дегенді білдіреді.
Осы ретте, 2000-2002 жылдары Yкiмет жанындағы Дiни бiрлестiктермен байланыстар жөнiндегi кеңестің қызметiн ұйымдастыратын Премьер-Министр Кеңсесiнің құрамында 4 штаттық бірліктен тұратын жеке құрылымдық бөлiмше – Хатшылық болғаны есіме түсті. Оның негізгі міндеті – дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін бақылау мен үйлестіру болатын. Қазіргі уақытта мұндай құрылымдық бөлiмшені қайтадан қаплыптастыру ауадай қажет болып отыр. Немесе, қажетті міндеттер мен функцияларды жүктей отыра Президент Әкімшілігінің, «Үкімет Аппаратының» құрамында дін саласына ғана жауапты нақты лауазымды тұлғаларды бекітсе – діни ахуалдың жақсаруына зор ықпал етеді. Бұл мәселе бойынша арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізгенбіз.
- Мемлекеттік органдардың нәтижелігі мен жауапкершілігін арттыру үшін жаңа әкімшілік реформа әзірленеді. Бұл реформа ең алдымен «Жаңа Қазақстанды» құру үшін жаңа басқарушыларды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға, квазимемлекеттік сектордағы басқару ісінің тиімділігін арттыруға бағытталады.
Осы орайда Президент мемлекеттік қызметте істемеген, алайда өз саласының кәсіби мамандарын мемқызметке келу тетіктерін жеңілдету және мемлекеттік активтерді басқарудың одан әрі ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Демек, кейбір саяси мемқызметшілерге және «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы ретте, квазимемлекеттік секторға «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингі және олардың құрамындағы компаниялардан басқа оң мыңдаған мемлекеттік кәсіпорындар жатанынын және олардың да басқару жүйесі реформаны қажет ететінін атап айту маңызды деп есептеймін. Бұл жөнінде және мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту туралы Президент Қ.К. Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында да тиісті тапсырмалар берген еді.
- Мемлекеттік басқару мәселелері бойынша жыл сайынғы Ұлттық баяндама әзірленеді. Бұл құжатты дайындау мен оны Парламентте талқылау – өте тың бастама деп санаймын және ол мемлекеттік басқару ғылымына да оң әсерін тигізеді.
Ұлттық баяндама мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдардың ұсынған ақпараттары, мемлекеттік басқару саласындағы уәкілетті орган мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жұмыстарының нәтижелері, ғалымдар, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары, әрі Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың жай-күйі мен үрдісі бойынша жүргізілген зерттеулердің негізінде қалыптасады деп ойлаймын.
Бұл құжат осы саладағы тұжырымдамалық құжаттар мен Президент актілерінен туындайтын тапсырмалардың орындалуы туралы ақпаратты, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға жататын ұйымдардың мемлекеттік басқаруды жетілдіру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы ақпараттты, сондай-ақ осы саладағы түйткілді мәселелер мен тиісті ұсыныстарды қамтитын болады деп санаймын.
Осылайша, Президенттің мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту бойынша берген тапсырмалары мемлекеттік басқару жүйесін реттеу мен оның тиімділігін арттыруға бағытталғандығын байқалады. Өз кезегінде бұл шаралар сапалы әрі дер кезінде орындалған жағдайда азаматтарымыздың әл-ауқатының артуына әкелетін болады.
ҚР Президентінің жанындағы
Мемлекеттік басқару академиясының түлегі
– Байбол Ержан Құрманғалиұлы
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024