10-09-22 |
2200 рет қаралған
Тасмағамбетов Тоқаевпен сайлау додасына шыға ма?.
Тасмағамбетов Тоқаевпен сайлау додасына шыға ма?

Қазақ абызы Амангелді Айталы алдағы президент сайлауынан үміткер ретінде Иманғали Тасмағамбетовті көргісі келетінін жасырмады. Қоғам қайраткері қазақтың іскер азаматына халық болып сұрау салу қажет деп санайды.

Өткір пікірімен танымал Мәжілістің экс-депутаты Амангелді Айталы халықтың сана-сезімін дамытып, оны интеллектуалды тәрбиелеу үшін президент сайлауында парасатты ойдың пікірталасы өтуі керек екенін айтты.

«Жалпы біз кезектен тыс сайлауға, парламент сайлауы болсын, президент сайлауы болсын үйренген халықпыз. Бізде сиректеу болмаса жалпы президент сайлаулары уақытында өтпейді. Енді бұл жолы қалай қарауға болады? Басқа президент. Басқа заман. Басқа ұрандар. Басқа кезең.

Жалпы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы сайланды. 2024 жылы екінші сайлауы, 2029 жылы соңғы сайлау болады. Қалай болғанда да Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттік өкілеттілігі 2029 жылы бітеді. Сондықтан президент қалған тоғыз жылымды үзбей, ортасында сайлау өткізбей, халықты алаңдатпайын деп ойлаған шығар. Себебі сайлау болған соң түрліше қауесет, әңгіме көбейеді. Сондықтан биыл сайланып, 2029 жылға дейін өкілеттігімді пайдаланып, «Жаңа Қазақстан» деген идеяны үзбей, сабақтастықпен өткізу ниеті болған болар. Енді Тоқаевтан кейінгі президенттің, Тоқаевтан кейінгі заманда сайлау заңының қалай болатынын айту қиын. Әсіресе біздің елде көп өзгерістер болып тұрады. Өзінің ойынша, сайлау 2024 жыл болсын, 2022 жыл болсын «бәрібір мен өтемін» деген сенімі бар. Ол сенім дұрыс па, қате ма, оның төңірегін халық ойланып, пікір айта жатар. Бірақ бүгін көзге түсіп, президент болардай тұлға көрінбейді”,- деген қоғам қайраткері ел билігі көшбасшы, тұлға болатын азамат тәрбиелей алмағанын атады.

“Қасым-Жомарт Кемелұлына тең тұлға жоқ деп айтуға болмайды. Қазақтың аналары тек Назарбаев сияқты немесе Қасым-Жомарт Кемелұлы секілді ұлдар туады, басқа ұлдар пісіп жетіліп, кемеліне келген жоқ деу – халқымыздың намысына тиеді. Президент болатын азаматтар бар. Қасым-Жомарт Кемелұлынан кем бола ма, артық бола ма оны уақыт көрсетер”, – деген ол президент сайлауында осыған дейін іскерлігімен танымал азамат халық алдында ашық пікірталас керсетуі керек деген пікірде.

“Мәселен, халық аузында Тасмағамбетовтың аты айтылады. Ол талай мемлекеттік қызметте жүріп, Премьер-министрге дейін жетіп, талай жұмыстар атқарды. Өзінің пікірі, өткір сөзі, қазақы мықты психологиясы, басқа ұлттарға өзінің жағымды қасиеттері бар.

Алматылықтардың, Астана секілді қала халқының ойынан шығып, жоғары баға алған азамат. Ол кісі 2019 жылы президент сайлауына түседі деп күттік. Неге екенін білмеймін, ол кісі түспеді. Осы додаға биыл түссе, Қасым-Жомарт Кемелұлын біраз ойландырар еді. Жаңағыдай «мен бәрібір өтемін, сондықтан биыл өткізіп жіберейік» деген ойына халық арасына да, өзіне де үлкен күдік әкелер еді. Анадай сенімі болмас еді. Ел ішінде тағы да осындай тұлғалар болып қалар”, – дейді Амангелді Айталы. Қоғам қайраткері биылғы сайлау негізі халықтың ойында жоқ, халықтың ұсынысы емес, Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысы екенін ашып түсіндірді.

“Қазір осындай жағдайда отырмыз.
Мен кейде ойлаймын, ел болып, көпшілік болып, әртүрлі өңірлерден Тасмағамбетовке үлкен сауал салсақ, неге осындай бір салмақты қадамға түспеске?! Біздің елде президенттің артынан үлкен тұлға болатын адамдарды тәрбиеленбеді. Ондай тәрбие болмады. Қасым-Жомарт Кемелұлы болмаса, Тасмағанбетов өзінің білімі, іскерлігімен көрінген адамдар. Америка құрама штатын айтсақ, көбіне көп президенттер депутат, сенаторлардан шығады. Әрбір сенатор ел президенті болып кетуге дайын адамдар. Бізде президент тәрбиелеу болмады. Соның салдары бұл. Қазір тоқырап қалып, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіне сеніп отыр. Енді көрелік. Салмақты, Тасмағанбетов секілді адамдар болар. Елдің ішінде талай таланттар, талай білімді адамдар бар ғой. Негізі сайлауға түскенде кімнің сайланатынын білсе, ол сайлау емес. Президент болатын бір ғана адам болып, соның өтетінін білсек, ол -еліміздің интеллектуалдық, іскерлік жағынан төмендігі. Шындығында төменбіз. Көрейік. Мен сайлаудың соңғы күніне дейін президенттің кім болатынын білмегенімізді қалар едім. Сол күнде пікірталас, ақыл-парасат таласы, ой таласы қызып, бір жағынан халықты тәрбиелер еді. Ойландырар еді. Мәселенің мынадай шешімі бар екен. Мына ұсыныс былай, мына шешім былай, мына үміткер президенттікке өз ұсынысын айтқанымен, екінші, үшінші бір үміткер ұсынысы былай дегенде халық өсер еді ғой. Бүгін ондай жағдай болмай отыр. Бәсеке жоқ. Осындай жағдайда отырмыз. Демократияның жоқтығы», – деген қоғам қайраткері Амангелді Айталы қазір жиі қолданысқа түсіп жүрген «Жаңа Қазақстан» туралы ойын айтып кетті.

«Жаңа Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. Бұл жаңа Қазақстанға қадам. Бұл қадам оңды болды ма, қателік жібердік пе, ол екінші мәселе. Бірақ Жаңа Қазақстан 1991 жылы басталды. Көптеген сарапшылардың, әсіресе, Ресей сарапшылардың айтуы бойынша, 1991 жылдан 2000 жылға дейін Назарбаев демократиялық бағыттағы президент болды, демократияны қолдады. 2000 жылдан кейін елдің жағдайынан гөрі өзінің қара басының, төңірегіндегі туған-туысқандарының мүддесіне кетіп қалды деп айтып жатыр.

Әрбір президентті осылай қолдап, Құдай жасап, мақтай берсе әр адам да Құдайдай болып кетуі мүмкін. Себебі мақтау – адамды бұзады. 1929 жыл Сталин 50 жасқа келген. Оның өз еңбегінде бұл әңгіме бар. Сол кезде Кремльде үлкен банкет болған. Кеште Сталиннің атына көп мақтау болған. Аяқ-қолын жерге тигізбейді. Сталин «тоқтатыңдар мақтауды» дейді. «Айтып отырған сөздеріңіз мен өліп, о дүниеге жіберіп жатқанда айтатын сөздер. Мен тірімін. Мені өлтірмеңдер» деген. Сол айтқандай, біз жеті жылда Қасым-Жомарт Кемелұлының басын айналдырып, екінші Құдай етіп жасап алуымыз да мүмкін. Қазір мақтаулар басталды. Мақтауға, қолпаштауға шыдайтын адам сирек. Мақтауға үйретсек, өзінің айтқан сөзін ұмытады. Сондықтан Тоқаевты да мақтауға үйретіп алармыз. Бірақ қазір мақтаумен бірге сын да жүріп жатыр. Дұрыс. Мықты болсаң сынға шыдап, сол сыннан қорытынды шығарып, басы айналмай, адамгершілікпен 9 жыл өткізсе абырой берер еді.

Тарихта түрлі басшылар болды. Франция президенті, ұлттық батыры Де Гооль елдегі жағдайды түсінді. Елде бас көтеру болғанда Де Голль кетсін демеді. Халықтың тамырын басып отырған үлкен психолог адам үш сөйлем айтқан: «Мен француздарды жалықтырдым. Француздар мені жалықтырды. Мен кетемін» деп абыроймен кетті. Мақтаудан қашық болды. Өзіне үлкен сын көзбен қарайтын ондай адамдар сирек. Билік – есірткі. Кейде өзіне тең адам жоқ деп есептейді. Осы елдің жарылқаушысы мен дейді. Осындай бір заманды өткіздік. Енді екінші республика деп жатырмыз. Екінші республиканың президенті қандай болады, «балапанды күзде есепетейді» дегендей Қасым-Жомарт Кемелұлы кеткенде халық айтар»,-дей түйді ойын.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.