13-11-18 |
2430 рет қаралған
Қазақстанды азаматтық алмағандар мәселесін шешуге шақырды.
БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы мен Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро қарашаның 13-і күні Алматыда азаматтығы жоқ адамдар мәселесіне қатысты баспасөз мәслихатын өткізді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиында БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Қазақстандағы басқармасының құқықтық мәселелер бойынша кеңесшісі Мария Волошкевич пен Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро директорының орынбасары Денис Дживага сөйледі. Олар 2024 жылға дейін мемлекет, БҰҰ агенттіктері, халықаралық ұйымдар және азаматтық қоғаммен бірге елдегі азаматтығы жоқ адамдар мәселесін шешу мақсаты барын айтты.

Ішкі істер министрлігінің 2018 жылдың 30 маусымындағы мәліметі бойынша, Қазақстанда азаматтығы жоқ 6868 адам тіркелген. Құқық қорғаушылар азаматтығы жоқ адам сапалы медициналық көмек алу, білім алу, жұмысқа тұру және қоғамның саяси өміріне араласу мүмкіндіктерінен айырылатынын айтады. Сонымен қатар, азаматтығы жоқ адамдардың ұрпақтарында да көп жағдайда азаматтық болмайды.

БҰҰ жоғарғы комиссары мен адам құқықтары жөніндегі бюро өкілдері Қазақстанда кейбір адамдардың азаматтық алмауының бірнеше себебі барын, бірақ оларға азаматтық беру мәселесін шешуге болатынын айтты. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігінің азаматтығы жоқ адамдарға азаматтық беруге қызығушылығы төмен екенін айтып, Астананы бұл мәселені шешуге шақырды. Олардың сөзінше, БҰҰ Бас ассамблеясы соңғы он жылда мемлекеттерді азаматтығы жоқ адамдар мәселесін шешуге, бұл бағытта арнайы заңдар шығаруға шақыратын бірнеше қарар қабылдаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.