«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы сараптамалық талқылаудың тақырыбы: «Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалиция».
«AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек атап өткендей, Халықтық коалицияның құрылуы жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының, елдегі бірліктің көрінісі.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қоғамдық-саяси күштердің кең Халықтық коалициясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылуы, Мемлекет басшысының және оның жүргізіп жатқан ауқымды әлеуметтік-саяси реформалар бағытының халық тарапынан кең қолдауға ие екендігінің бірден-бір дәлелі», – деді Даулет Кәрібек.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясынан Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әр партияның өз көшбасшылары бар екенін, бірақ бұл жерде мемлекетшілдік, ұлттық тұрғыдағы мәселе тұрғанын атап өтті.
«Басты мақсат – елде жасалып жатқан реформаларды соңына дейін жеткізу, олардың мызғымастығын қамтамасыз ету. Бұл істі соңына дейін ең үздік, ең дұрыс жолмен жеткізетін қазіргі Президент. Екіншіден, әлемдегі геосаяси жағдай ушығып бара жатыр. Осыдай уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтан артық дипломат, қайраткер тұлға жоқ. Сондықтан осы жағдаяттардың барлығын ескере отырып, үш партия да ел мүддесі жолында үлкен мемлекетшілдік танытып, басқа да 20-дан астам қоғамдық ұйымдармен бірігіп, Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып отыр. Меніңше, бұл заңды құбылыс», – деді ол.
Саясаттанушы, «Ақ жол» партиясының мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедовтың айтуынша, ең бастысы – сайлау ашық болуы керек. Спикер кандидаттардың алдыңғы сайлауалды бағдарламаларының қаншалықты орындалғанын түсіну маңызды екенін атап өтті.
Мәжіліске «AMANAT» партиясынан сайланған депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Халықтың коалиция – мемлекеттің басына күн туған жағдайда біріге алатынымыздың нақты көрінісі.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке рейтингі кез келген қоғамдық ұйымның рейтингінен асып түседі.
«Екінші жағынан, Президенттің барлық саяси партиялардан тең арақашықтықты ұстану – бұл саяси күштер үшін жаңа сынақ. Сайлаудан кейін партиялар бәсекеге қабілетті ортада жұмыс істеуге, сайлаушылармен қарым-қатынасты реттеуге мәжбүр болады. Партиялар жүйелі өзгерістермен айналысып, ел болашағын қалыптастыруға белсенді араласуы керек», – деді Талғат Қалиев.
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің проректоры Жанна Құрманғалиева Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауға Халықтың коалицияның атынан түсуі қисынды екенін атап өтті.
«Кез келген биліктің маңызды функциясы – құндылықтарды дамыту, насихаттау ғана емес, ең алдымен оларды ұстану. Президенттің барлық партиядан бірдей арақашықтықта болу туралы шешімі биліктің негізгі құндылықтарды ұстанатынын көрсетеді. Бұл бүкіл қоғам үшін маңызды. Жалпы, біз жаңа саяси жүйенің пайда болғанына куә болып отырмыз», – деді ол.
Диалог алаңның модераторы «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, белгілі тележүргізуші Мақсат Толықбай болды.
Еске сала кетейік, Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалицияның форумы өтті. Форумға «AMANAT», «Ақ жол», Қазақстан Халық партия секілді саяси партиялардың және 20-дан астам республикалық қоғамдық бірлестіктердің екі мыңнан астам өкілі қатысты.
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024