14-11-18 |
2280 рет қаралған
CNN Трамп пен Ақ үй әкімшілігін сотқа берді.
CNN АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігін телеарна журналисі Джим Акостаны Ақ үй аккредитациясынан айырғаны үшін сотқа берді.

Джим Акоста 7 қараша күні Конгресске аралық сайлау қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты кезінде Трамптың неліктен сайлауалды сөзінде мигранттарды «жаулап алушылар» деп атағанын сұраған. CNN журналисі сонымен бірге «Трамп Ресеймен байланысы бар деген істен қауіптенбейді ма?» деген сұрақ қойған.

Трамп Акоста сұрақтарына жауап беруден бас тартып, оны «дөрекі әрі жиіркенішті адам» деп атаған. Осыдан кейін CNN тілшісінің Ақ үйге кіруіне тыйым салынған. Ақ үй баспасөз хатшысы Сара Сандерс журналисті «ерсі қылық көрсетті» деп айыптаған. Оның айтуынша, Акоста іс тәжірибесінен өтуші қыздың қолынан микрофонды алып алмақ болған.

Әлеуметтік желіде жарияланған оқиға видеосын қолданушылар мен БАҚ «қолдан жасалған» деп, Ақ үйді айыптады. CNN Трампқа қарсы шағымында жауап беруші деп қосымша бес адамды көрсеткен. Олар – Ақ үй аппаратының басшысы Джон Келли, баспасөз хатшысы Сара Сандерс, коммуникация жөніндегі штаб басшысының орынбасары Билл Шин, Құпия қызмет директоры Джозеф Кланси мен мекеме офицері Джон Доу.

CNN Джим Акостаға аккредитациясын қайтарып беруін талап етеді. Телеарна сотқа түсіріп отырған шағым тек тілшіге байланысты емес екенін айтып, мұндай жағдай қызметке сайлау арқылы ие болған шенеуніктер жайында сұрақ қойған кез келген журналистің басына түсуі мүмкін екенін ескертеді.

2017 жылдың басында Трамп президент қызметіне кірісер алдындағы баспасөз мәслихаты кезінде CNN тілшісінің сұрақтарына жауап беруден бас тартып, телеарнаны «жалған ақпарат таратады» деп сөккен. CNN басшылығы ол кезде президент әрекетін айыптап, журналисіне қолдау көрсеткен.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.