30-10-22 |
1010 рет қаралған
Инвестиция – біздің экономиканың қозғаушы күші.
Инвестиция – біздің экономиканың қозғаушы күші

Қазақстанның экономикасының өзіндік ерекшеліктері бар. Бюджеттік кірістердің басым бөлігі мұнай мен газдан, яғни табиғи ресурстардан құралған. Осы уақытқа дейін Қазақстанның өз алдына экономикалық моделін қалыптастыруға немесе тың реформалардың жүзеге асуына тежеу болып тұрған да осы фактор. Яғни біздің экономикамыз шикізатқа тәуелді. Отыз жыл өтсе де, біз әлі импортқа тәуелді мемлекетпіз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та экономиканы тың, жаңа сатыға көтеру жайлы жиі айтып жүр. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін, ең бірінші қоғамдық жағдайды қалпына келтіретін әділ сот жүйесі қалыптасуы керек. Барлық аудандық, облыстық, республикалық жоғары соттың жұмысы реттеліп, экономикаға қатысты заң бұзушылықтар әділ шешілуі тиіс. Кәсіпкерлер мен шағын бизнес субьектілері бірінші кезекте өз құқықтарының қорғалатынына сенімді болуы керек. Әділетті Қазақстан қалыптастыру үшін әділетті сот жүйесін нығайтуымыз қажет. Екіншіден, инвестициялық ахуалды қалыпты мемлекет ретінде ұстауымыз керек. Себебі инвестиция – біздің экономиканың қозғаушы күші. Осы уақытқа дейін салынған инвестициялардың барлығы мұнай саласына бағытталған. Яғни тез ақша салып, тез пайда табуды көздеді. Олар бізге экономикалық прогресс әкелмесе де, қаржы әкелді. Олар өздерінің экономикалық миссияларын орындады. Енді біздің инвестициялық бағытымыз кенже қалып келе жатқан мұнай химиясына арналуы керек. Мұнайға біз тек шикізат ретінде емес, кәсіп көзі ретінде қарауымыз қажет. Мысалы, мұнай мен газ таусылған кезде, ауылшаруашылығы осы олқылықтың орнын толтыратын драйверіміз болуы қажет. Біздің экономикалық альтернативіміз ауылшаруашылығы. Сондықтан инвестицияны ауылшаруашылыққа салғандарға әртүрлі жеңілдіктер беріп, арнайы жүйе қалыптастыруымыз қажет. Сол арқылы біз, өзімізде бар шикізатты дамытамыз. Екіншіден, 45-50 пайыз халық ауылда тұрады. Осы салаға көңіл бөлу арқылы ауылдарымыздағы жағдайды жақсартамыз.

Үшіншіден, бәсекелестік ортаның дұрыс жүзеге асуын қамтамасыз етуіміз керек. Президентіміздің тапсырмасымен Самұрқ әл-ауқат қорын реформалау басталды. Мемлекеттің үлесі бар компаниялар ғана өз статустарын сақтап қалды. Ал қалған қаншама мың, бірінің жұмысын бірі қайталайтын, экономикаға нақты пайда әкелмейтін компаниялар жекешеленді немесе нарықтан кетті. Осы компаниялар шағын және орта бизнестің дамуына кері әсерін тигізді. Ал монополистік компанияларды қысқарту арқылы біз бәсекелестік ортаны реттей аламыз. Ол үшін біз барлық кәсіпкерлерге бірдей шарт, бірдей жағдай жасауымыз қажет. Олар нарықта алаңсыз жұмыс істеуі керек.

Сондай-ақ, қазір салық кодекстері де өзгеріске ұшырап жатыр. Мұның бір тиімді жағы, бұрын корпоративтік салықтар республикалық бюджетке түссе, қазір жергілікті бюджетке түсіп жатыр. Сол арқылы біз аудандық, облыстық атқарушы органдардың әлеуетін арттырамыз.Сол арқылы әр өңірдің басшылары өңірлердегі кәсіптің дамуына жағдай жасайды. Жаңа экономикалық реформаның сәтті жүзеге асуына «тыңдаушы мемлекет» түсінігі де әсер етеді.

Қазір Президент өзінің біраз өкілеттілігін Парламентке берді. Бұл дұрыс бағыт. Бір кездері Парламент өздеріне қажетті заңдарды дайындап, мемлекеттің біраз қаржысын желге ұшырған еді. Енді Парламентке қосымша өкілеттілік берсек, онда отырған адамдар экономикаға қатысты заңдарды қабылдағанда обьективті қарап, халықтың мүддесіне қарай жұмыс істейтін болады. Сонда Президентіміз қойған тапсырмалар да жік-жігімен, уақытымен орындалатын болады. Экономикалық реформаны әзірлеу тек Президенттің, атқартушы органдардың ғана емес, жалпы қоғамның да атсалысуын қажет етеді. Атқарушы органдардың байқамайтын тұстарын тәуелсіз сарапшылар мен қарапайым адамдар ұсынады. Ірі реформалар жүзеге асырғанда қоғамның пікірін ескерсек ғана жұмыс нәтижелі болады.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.