09-01-23 |
2310 рет қаралған
Украина Рождестводан кейін Ресей соққылары туралы айтты.
8 қаңтарға қараған түні Ресей әскері Украинаның Харьков облысындағы Мерефа қаласын атқылаған. 50 жастағы бір тұрғын қаза болған. Бұл жөнінде облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубов хабарлады.

Запорожье облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Александр Старух телемарафон эфирі кезінде Орехов қаласына гуманитарлық көмек әкелген БҰҰ-ның аймақтағы миссиясы атқыланғанын айтты.

Запорожье қалалық кеңесінің хатшысы Анатолий Куртев қала маңына соққы жасалғанын хабарлады. Ол зардап шеккендер туралы ақпарат айтпады.

Донецк облысы билігінің айтуынша, Ресей әскері Краматорскіге жеті рет ракета соққысын жасаған. Константиновкаға екі зымыран жіберген. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Журналистердің хабарлауынша, Херсонда бірнеше жарылыс болған.

Украинаның қарулы күштерінің мәлімдеуінше, Ресей армиясы «атысты тоқтату» режиміне қарамастан өткен тәулікте дүркіндетіп ататын реактивті жүйеден 40 соққы жасаған. Бұған қоса, үш авиасоққы және тоғыз зымыран жіберген. 

Ресей қорғаныс министрлігі соққыларға байланысты түсініктеме бермеді. 

Соғыс жағдайында тараптаран түскен ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын. 

Рождество қарсаңында Путин Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгуға 6 қаңтар тал түстен бастап 7 қаңтар түнге дейін, яғни 36 сағатқа атысты тоқтату режимін енгізуді тапсырған.
Ресей билігі Киевті сондай қадамға шақырған. Украина мұндай ұсыныстан бас тартқан. Украина басшылығы Мәскеудің әрекетін «екіжүзділік» деп атаған. Киевтің айтуынша, Ресей жағы «атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен кейін де» атқылауды тоқтатпаған.
Батыс елдері Ресейдің ұсынысына күмәнмен қараған. АҚШ президенті Джо Байден Путин «сәл күш жинап алғысы келеді» деп мәлімдеген. 
Ресей қорғаныс министрлігі майдан сызығы аумағында атысты тоқтатқанын, алайда қарсылас жақтың атқылауына жауап беріп жатқанын айтқан.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.