15-02-23 |
2770 рет қаралған
Сәуле Әбділдаханқызы: Жаңа заң жобасы – не өзгермек?.
Сәуле Әбділдаханқызы: Жаңа заң жобасы – не өзгермек?

Журналист Сәуле Әбділдаханқызы БАҚ туралы жаңа заң жобасына қатысты өз ойын жариялады. Журналисттің жазбасын өзгеріссіз жариялап отырмыз.

«Журналистерге арналған «БАҚ туралы» заң өзгеріп, «Масс-медиа туралы» жаңа заң қабылданбақ. Әдетте жан-жақтан жапа-тармағай шулайтын журналистер өздері туралы заң жобасын талқылауда пассив сияқты. Бірен-саран әріптестер болмаса, көбі әліптің артын бағып отыр ма, қайдам…

Жаңа заң жобасының толық нұсқасымен танысқандар бар ма? Не өзгермек, не білгендеріңіз бар?

Өз басым, әр-әр жерден жаңа заңның кейбір пункттерін көзім шалды.

Мына тұстарын көргенде, «е, дұрыс екен» деп қойдым. Ұзынсонар сөйлемдерден менің түсінгенім:

– Газет-журналдардың қаралымы мен таралымы төмен болса да, баспа басылымдары әркез өзектілігі мен қажеттілігін жоймайды, сондықтан баспа басылымдарын мемлекет тарапынан субсидиялау мәселесі жолға қойылады екен. Студенттерге бір басылымға тегін жазылуға жол ашады. Яғни, пошта операторы өз порталында орналастырылған каталогтан студенттерге өздері қалаған бір газетті бір жылға тегін жазып береді. Болашақта мектеп оқушыларын да баспасөзге тегін жазу механизмдері қарастырылады екен.

«Францияда 2009 жылы он сегіз жастағы азаматтарға арналған кез-келген газетке тегін жазылымдарды субсидиялау басталды.
Бұл шара баспа БАҚ үшін айтарлықтай қолдау болды, сонымен қатар француз газеттерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға түрткі болды».

Бізде де тегін жазылымды субсидияласа жақсы екен. Баяғыда «газет-журналдар түкке керек емес, одан да интернет-ресурстарға қаржы бөліңдер» деп осында отырған біраз программистер шулаған. Ол кезде Мұхтар Құл Мұхаммед министр еді. Сол кісінің қабылдауына жазылып, «қазаққа газет-журнал керек, баспасөз деген – бүгінгі ақпарат, ертеңгі тарих. Мәңгілік шежіре. Ал интернет ресурс деген – технология сағат санап дамып жатқан заманда, бүгін бар, ертең жоқ боп жойылып кететін дүние…» деп, сапалы газет-журналдарды жаппай, керісінше, қолдауын сұраған жайымыз бар.

«Масс-Медиа туралы» жаңа заң жобасында журналистердің әлеуметтік статусы бекітіледі дейді. Бұл мәселе де біздің 10-15 жылдан бері шырылдап айтып жүрген көп проблеманың бірі еді. Өз басым, нәкәнес-ты деп қуанып отырмын. Шерхан атамыз айтпақшы, «журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» еді… Шер-ағаның шекпенінен шықтық деп мақтанатын шәкірттері биліктің сан-алуан тізгінінде отыр, сол кісілер журналистердің де құры жантақтың тікенін талғажау қылмай, өзге де билік өкілдері сияқты фуагра жемесе де, жылына бір рет соғым сойып, «Хайвил» болмаса да, «Қысқы ертегі» кешенінен үй алғысы келетінін білсе екен. Әйтпесе, «төртінші билік өкілдері» деп журналистерге билік те, халық та есек сияқты жүк артатыны жасырын емес. Өз мәселелері шаш етектен бола тұра, журналист байғұстар қашан қарасаң мемлекет пен халықтың мәселесінің соңында салпаңдап жүргендері. Журналистерді әлеуметтік қолдау тетіктерін қалыптастыратын кез келді. Журналистер – әрі саясаткер, әрі идеолог, әрі қоғам белсенділері, әрі еріктілер… Су тасқыны болса да, көтеріліс болса да, қақтығыс болса да – ел жүгін арқалап солар жүреді. Оларға дұрыс айлық, дұрыс премия, дұрыс қаламақы, дұрыс соцпакеттер, дұрыс муниципалды бағдарламалармен жеңілдіктер берілу керек.

Қысқасы, Журналистерді жөн-жосықсыз қудалауды, олардың құқықтарын аяқасты етуді, бай-бағландарға оларды жығып беруді тоқтататын жаңа заң қабылданса, бұл бір үлкен қуаныш, игі жақсылық болар еді… «Мұғалімнің мәртебесі», «Дәрігердің мәртебесі» т.с.с. «Журналистің мәртебесі» туралы да сөз бастайтын кез келді. Әйтпесе біздің елде журналистерден басқалардың бәрі мәртебелі, тек журналистер ғана адамның қоры сияқты… әнші де – журналист, биші де – журналист, күйші де – журналист, блогер де – журналист, слогер де – журналист, ит те – журналист, бит те – журналист боп кетті…

Дархан Қыдырәлі мырза, журналистердің үйін жекешелендіріп беруді де қарастырсаңыздар екен… 18 жыл тұрған үйімді жекешелендіруге құқығым жоқ екен, ешқандай әлеуметтік сатусқа кірмейді екем… екі баламның кәмелетке толып кеткеніне, бір баламның қайтыс боп кеткеніне мен кінәлі емеспін ғой…», – деп жазады ол.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.