24-02-23 |
2160 рет қаралған
Марат Башимов: Қоғамдық кеңестің елге берер пайдасы болуы керек.
Марат Башимов: Қоғамдық кеңестің елге берер пайдасы болуы керек

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Бәшімов «барлық Қоғамдық кеңестер өз жұмысы туралы халық алдында есеп беріп, елге тиер пайдасы болуы керек» деп есептейді. Оның айтуынша сол арқылы жұмыстың қаншалықты атқарылып жатқаны белгілі болады.

– Бүгінде қоғамдық кеңестердің қоғамдағы рөлі қандай?

– Жалпы, атқарушы билік пен жергілікті әкімшіліктердің жанынан құрылатын қоғамдық кеңестер мемлекеттің ісіне ықпал ете алатын институтқа айналуы тиіс. Яки, мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші әрі бақылаушы орган. Сол үшін де арнайы қоғамдық тыңдаулар өтеді. Осылайша, қарапайым азаматтар елдегі істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік бар. Жұмыстың ілгері дамып, мәселелердің шешілуі – оларды бақылауда ұстауда. Мысалы, бүгінде елімізде қоғам кеңестің саны 232-ге жетті. Соның барлығы халық алдында сөз сөйлеп, есеп беріп, ұсыныстар жасау міндеттелді. Мұндай ұсыныстың бастамасын Үкіметке қоғам өкілдері жыл басында өткен республикалық форумда көтерген. Өйткені қоғам да олардың қай бағытта жұмыс істеп, не атқарып жатқанын білуі керек. Шынын айтқанда, қоғамдық кеңестерге айтылып жатқан сын көп. «Көш жүре түзеледі» демекші, қоғамдық кеңестің елге берер пайдасы болуы керек. Себебі, қоғамдық кеңес – халық мүддесіне жұмыс істейтін ұйым.

– Ақпарат ағынынан жемқорлыққа қарсы күрестің тоқтаусыз жүріп жатқаны айтылып-ақ жүр. Осыған байланысты заң нормалары қаншалықты жүзеге асып жатыр?

– Негізінен қоғамдық кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлықтың таралуына жол бермейтін нормалардың болуы үшін ең алдымен заң тұрғысынан күш салып жатыр. Мысалы, соңғы 25 жыл бойы сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық және азаматтық жауапкершілік туралы Еуропа Кеңесінің конвенциясын қабылдауды ұсынып келемін. Тіпті, осы бастаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы тарапынан қолдап отыр. Соның арқасында бұл конвенциялар Қазақстан заңнамасында кезең-кезеңімен көрініс тауып келеді. Атап айтсақ, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату тәжірибесі тоқтатылды. Заңсыз баюға қатысты лауазымды тұлғалардың кірісінен асып түсетін шығысы анықталса, тергеу жүргізілетін болды. Сонымен қатар, еліміз гуманистік көзқарас танытып, мұндай шенеуніктерге өз активтерінің шығу тегін түсіндіруге мүмкіндік беріп отыр. Мұндай өзге елдің тәжірибесінде де бар.

– Агенттіктің Қоғамдық кеңесі қай кезде құрылып еді? Оның жұмысын кімнің қадағалауында?

– Естеріңізде болса, агенттіктің Қоғамдық кеңесі 2021 жылдың қыркүйегінде құрылған. Оның құрамына Агенттіктің үш қызметкері және үкіметтік емес сектордың 12 өкілі кірді. Осыған қарай жұмыстың бағыты бойынша үш комиссия құрылды. Олардың негізгі міндеттері сыбайлас жемқорлыққа және мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын бұзушылығына қарсы іс-қимылды күшейтуге, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған шараларды талдай отырып, қабылдайды.

Комиссия – еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асырудың маңызды құралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының аталған саладағы өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелерінде үйлестіруші орталық. Мысалы, былтырғы жылы Қоғамдың кеңестің төрт және 14 сырттай отырысы өткізілді. Соның барысында Агенттіктің заңнамалық бастамалары, Төрағаның бұйрықтары мен Үкімет қаулыларының 17 жобасы талқыланды.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.