Құқықтық сауаттың жоқтығынан кейбір азаматтар жапа шегіп жүргені жасырын емес. Көп жағдайда құқықтық мәдениетті де ескере бермейміз. Күштік құрылымдарға, сот саласына реформа жасалып жатыр ма? Елімізде құқықтық қарым-қатынас төңірегінде қандай мәселелер бар? Біздің заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспанға қойған сауалымыз да осы болды.
– Елімізде әлі күнге құқықтық сауаттың жоқтығынан өз құқығын білмей, жапа шегіп жатқандар көп. Құқықтық сауатты арттыру үшін арнайы пән енгізу қажет деп ойлайсыз ба?
– Бұл мәселені бұған дейін де көтергенім бар. Мектеп бағдарламасына құқықтық пән енгізілуі керек. Бірақ қазіргі күйінде емес. Өйткені осы мәселені 2021 жылы көтеріп жүргенімде байқағаным, мектептерде жоғары сыныптарға құқықтық сауатты арттыратын арнайы пән оқытылады екен. Ең қызығы, ол пәннен сабақ беретіндер кәсіби мамандар емес, курс оқып алған пән мұғалімдері қосымша алып жүр. Ол да қажет, әрине. Заңды оқымас бұрын әуелі заңның теориясын, оның негіздерін оқып үйрену қажет. Бірақ бұл өте жалпылама ұғым. Нақты білім бермейді. Баланың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көп ықпалын тигізе қоймайды. Сондықтан балаларға, әсіресе жастарға не қызық: ол кәдімгі нақты құқықтарын білу. Құқықтарын ғана біліп қоймай, міндеттерін білу. 16 жастан бастап, әрекет қабілеттігі пайда болады. 18 жастан бастап, толығымен азаматтық құқықтық қарым-қатынасқа түседі. Яғни, кәмелеттік жасқа толады. Сол себепті 16 жастан бастап, құқықтық сауатты арттыратын пәнді оқытуымыз керек. «Сіздің қандай құқықтарыңыз бар? Қандай міндеттеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз бар?» деген бағытта нақты пән оқытылуға тиіс. Мұндағы мақсат – балаларға құқықпен қатар міндеттеменің де бар екенін, 50-де 50 екенін ұғындыру қажет. Қаншалықты сенде құқық болса, соншалықты міндет бар. Өз құқыңды асыра пайдаланған, болмаса, өз міндетіңді теріс пайдаланған жағдайда оған жауапкершілік көзделгенін сезінуі керек. Мектеп бағдарламаларынан осыны көре алмай отырмын. Сол себепті құқықтық сауатты арттыратын пән оқытылғаны жөн, онда осындай басым бағыттар ескерілсе дейміз.
– Шетелдерде кез келген адам өз құқығын талап ете алады. Бізде ше?
– Шетелдің де шетелі бар. Біздің ұстанатын бағытымыз, яғни үлгі тұтатынымыз – батыс елдері ғой. Ол жақтарда құқықтық қарым-қатынас мәселесі өте жақсы жолға қойылған. Бізде бұл қоғамда бар проблема және мемлекет тарапынан да болып отыр. Мемлекет осы кезге дейін азаматтардың құқықтық тұрғыда қорғалуын қамтамасыз ете алмады. Мемлекет дегенде, біз бірінші кезекте сотты және құқық қорғау органдарын айтып отырмыз. Қарапайым ғана психологиялық жағдай: бізде полицияны өзінің қорғаны деп түсіне бермейді. Көпшілік адам полициядан қорқады. Ал батыс елдерінде полицияны өзінің қызметшісі ретінде көреді. Полицейді көрсе, шошып, «аяқтан» шалар ма екен деп қорықпайды. «Сіз біздің салығымыздан күн көріп отырсыз. Сіздің бұл жұмысыңыз» деп кез келген еуропалық еркін айта алады. Оны фильмдерінен де көріп жүрсіздер. Бізде бұлай еркін айта аламыз ба? Жоқ. Қарапайым адам күштік құрылым өкілдеріне осылай ойын еркін айтқан күні өз құқығын да талап ете алатын болады.
– Құқықтық мәдениетті қайтсек қалыптастыра аламыз?
– Құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін екі жақты жұмыс керек. Мемлекет тарапынан да жұмыс атқарылғаны жөн. Сот саласын түзеуіміз қажет. Сол жұмыстармен қатар, қоғам арасында, әсіресе жастар арасында заңды сыйламайтын, болмаса заңға сенбейтін адамдарды өзгерту, олардың психологиясын ауыстыруды ойластырған жөн. Бұл қиын да болар. Өйткені олар қалыптасып қалған адамдар. Ондай адамдар сенің курсыңа да келіп қатыспайды. Оны қайтіп иландырасың? Сондықтан негізгі күш бұл жерде жастарға ден қоюымыз керек. Яғни мемлекет сөз жүзінде емес, іс жүзінде сот, құқық саласындағы реформаларды жүзеге асыруы қажет. Бірақ ол тек бір жақты жұмыс болса, онда нәтижесін бере қоймайды. Сонымен қатар, білім саласы арқылы жастарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеу жұмыстарын қолға алуымыз керек. Сол кезде ғана құқықтық қарым-қатынас мәдениет ретінде қалыптасады.
– Сот реформалары туралы не айтасыз? «Жаңа Қазақстанда» сот жүйесіне қаншалықты өзгеріс енгізе алдық?
– Сот реформалары осы кезге дейін дұрыс жүзеге асқан жоқ. Косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ түпкілікті жұмыстар іске аса қойған жоқ. Сот реформасын жүзеге асыру үшін бірінші кезекте біз кадр мәселесін қайтадан қарастыруымыз қажет деп есептеймін. Бұрында бұл мәселені айтып жүргенмін. Енді депутат болдым екен деп, бұл пікірім өзгеріп кетпейді. Осы саладағы кәсіби маман ретінде, күнделікті сот жұмыстарымен кездесіп жүрген адвокат ретінде мен оны анық айта аламын. Яғни түгелдей қайта аттестациялаудан өткізу керек. Бұл – бір. Және ол жерде бұрыннан судья болып жүрген адамдарға басымдық берілмегені жөн. Барлығы бірдей деңгейде қайтадан аттестация өткізгені дұрыс. Келешекте судьяларды сайлау мәселесін де қарастырған жөн. Халықтың алдында есеп беретіндей жолын іздесек дұрыс болар еді. Елге есеп беру арқылы олардың да беделін көтере аламыз, әрі халықтың да сотқа деген сенімін қалыптастырамыз.
-
24.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024