29-03-23 |
3330 рет қаралған
Жалақыны кешіктіргені үшін өсімпұл салынады.
Жалақыны кешіктіргені үшін өсімпұл салынады

«Заңды білмеу ақталу емес» деген сылтаумен халықтың құқықтық мәдениеті жоғары деп ақтап алып жатамыз. Жалпы құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізі – құқықтық білім беру мен құқықтық насихат жасау арқылы зияткерлік әлеуетті арттыру. Себебі, қоғам құқық пен заңды білмейінше, құқықтық мәдениет қалыптаспайды. Ал құқықтық мәдениеті жоғары азамат заңдылықтың бұзылуына жол бермейді. Сондықтан да азаматтарымыздың кейбірі жалақының төлеу тәртібі мен талаптарын біле бермейді. Осының бас-аяғын заңгер Есбол Зеңгір ажыратып, түсіндіріп берді.

– Егер жұмыс беруші жалақыны кешіктірсе қызметкер не істеуі керек? Кімнің көмегіне жүгіне алады?

– Жалпы, жалақы келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей айына бір рет Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында белгіленіп, төленеді. Онда да жалақыны төлеу күні еңбек және ұжымдық шарттарға байланысты төлем жасалады. Ал егер жалақы төленетін күн демалысқа немесе мереке күндеріне сәйкес түссе, төлем одан бұрын жасалуы тиіс. Екіншіден, жалақы төленгеннен кейін әрбір қызметкерге айлығының қанша түскені, оның қаншасы қайда ұсталғанын көрсетіп, ай сайын жазбаша немесе электрондық түрде хабарлауы міндетті.

– Жалақының кешіктірілуі неше күннен бастап есептеледі? Жалақының бернеше ай бойы бермегенін күтіп жүрмей-ақ, бір айға жетпестен шағымдануына бола ма?

– Егер келісімшартта бойынша көрсетілген күні жалақы түспесе немесе кешіксе, жұмыс беруші сол аралыққа өсімпұл төлеуі тиіс. Өсімпұл мөлшері – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген негізінде есептеледі. Сонымен қатар, өсімпұл төлем жүргізілуі тиіс келесі күнінен бастап, төлем түскен күнге дейін әрбір күнге есептеледі. Тіпті, қызметкермен еңбек шарты тоқтатылса, сол күннен бастап үш күннен кешіктірілмей жұмыс беруші оған тиесілі ақысын төлеуі керек. Жұмыс беруші оны төлемесе, өсімпұл салынады. Сөйтіп, жұмыс беруші әр кешіктірген күніне өсімпұл төлеуі тиіс болады.

– Жұмыс беруші қызметкеріне жалақыны уақытылы бермегені немесе кешіктіргені үшін жазаға тартыла ма? Заң алдында жауап бере ме?

– Әрине, кез келген жұмыс беруші өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылады. Кодексте арнайы «Еңбекақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзу» деген 87-бап қарастырылған. Мұнда көрсетілгендей, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген бойынша жалақыны толық көлемде немесе уақытылы төлемесе өсімпұл салынады. Мысалы, лауазымды адамдар – 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60, орта кәсіпкерлерге – 100, ірі кәсіпкерлерік субъектілеріне 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салады.

Мұндай жағдай бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл екі есе ұлғаяды. Сонымен қатар, қызметкер қосымша жұмыс жүктелсе, мереке немесе демалыс күндердегі жұмысқа, сондай-ақ түнгі уақыттағы жұмысқа жалақы Еңбек заңнамасының сәйкес төленуі тиіс. Егер төлемақы дұрыс жүргізілмесе, жұмыс берушіге айыппұл салынады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.