Ата-ананың арқалап отқан үміті мен түлектің “Үмітті ақтай алмасам ше?” деген күдігі қазіргі күні өзекті жайт болып отыр.
Еткен еңбек пен қылған үміт ақталса жақсы, ал олай болмаса ше? Күйзелістің көкесі сонда болмақ. Ата-ананың қысымы мен реніші онсыз да өзің кінәлі сезініп жүрген жасөспірім көңілін одан әрі тығырыққа тірейді. Мұның нәтижесі ең сорақысы жап-жас жүректің өзін-өзі паршалауына әкеліп соғады. Өткен жылы “…Әлсіздігім үшін кешірші! Мен университетке грантқа түсе алмаймын. Оған күшім жетпейді. Тіпті мектепке әрең барып жүрмін. Ата-анам маған ақшасын шашып жүргеніне қатты ұяламын. Олардың сенімін ақтай алмаймын ба деп уайымдаймын. Мен бұл ауыртпалықты көтере алмаймын…” деген соңғы хабарламасын қалдырып өрімдей жас қызымыз Алматы қаласындағы 12-қабаттан арғы дүниеге аттанған еді. Күні кеше, Наурыздың бесінде тағы бір қыз көп қабаттан құлдыйлай құлады. Бұған не себеп, не түрткі болып отыр? Мұндай жағдайларға қалай араша боламыз?
Әлі қабырғасы қатпаған жасөспірімдерге бұл кезеңде жан-жақтан көп қысым мен ауыртпашылық түседі. Мектептегі сабақ, одан қалса қосымша сабақтар, ҰБТ-ға дайындайтын курстар, үйдің тіршілігі, кей жағдайда ата-ананың “Оқуға түспесең мал бағасың”, “Грантқа түспесең күйеуге береміз” сынды қорқытулары мен қысымдары. Осының бәрі оқушыны жан-жақтан қыспаққа алып өз қызығушылықтарына уақыт қалдырмайды, өзіне деген сенімді жеп қояды. Осының бәрі, күйзеліске, “clinical depression”-ге алып келеді. Салдары тұлғаның менталды, рухани жағдайына, денсаулығына орасан зор зиянын тигізеді.
Мұндай жағдайда көмек, қолдау бере алатын адамның да саны жоқтың қасы. Ата-анаға, мұғалімдерге, жақын адамдарға өзін түлектің жағдайына қойып, оны түсінуге тырысқаны, оған қолдау білдіріп, менталды көмек көрсеткені, қыспаққа алмағаны жөн. Бұл кезеңде оқушылармен психологтар көбірек жұмыс атқарғаны тиімді болады.
Оқуға түспей қалу қалыпты жағдай, ол жастардың өміріне татымайды. Бұл өмірдің соңы емес. Алда әлі талай алатын асулар, басатын белестер көп. Еліміздің болашағы жастар аман болсын. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағының кепілі екенін естен шығармағанымыз жөн.
Мәрмәр Мейранбек
М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ
университетінің 1-курс студенті
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024