25-04-23 |
3260 рет қаралған
Қоғамдық кеңес – тегеурінді тетік.
Қоғамдық кеңес – тегеурінді тетік

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың бірден-бір тетігі ретінде қоғамдық кеңестерді қарастыруға болады. Шын мәнінде азаматтық қоғамның белсенділерінен құралатын болса, бұл институттың мүмкіндігі мол. Сондықтан да қоғамдық кеңестердің қызметін жандандыру, оның қызметіне әкімшілік ресурстар тарапынан шектеу қоюға көңіл бөлінгені абзал.

 

Өз тарапынан Мемлекет басшысы да қоғамдық бақылауды күшейтуге шақырады. Бірер жыл бұрын Президент Жарлығымен «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, оның құзыры едәуір кеңейді. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен кеңес жұмысына азаматтық қоғам өкілдері көптеп тартыла бастады. Бүгінде қоғамдық кеңестердің құрамындағы азаматтық қоғам белсенділерінің үлесі 86 пайызға жеткен.

«Қоғамдық кеңестер мемлекет басқару ісіне қатысады. Қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын қадағалайды. Өзекті мәселелерді билік органдарына жеткізеді. Осылайша, қоғамдық кеңес елге мемлекет саясатын түсіндіреді. Бір сөзбен айтқанда қоғамдық кеңестерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Осы кеңестердің ел ішіндегі беделін арттыруға баса мән беру керек. Оның мүшелері түйткілді мәселелерді батыл көтеріп, оны шешу жолдарын ұсынуы қажет. Тұрғындардың талап-тілегіне әрдайым құлақ асып отырған жөн», дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Расында қоғамдық кеңестер мемлекеттік мекемелер мен жергілікті билік органдары арасындағы алтын көпірге айналып үлгерді. Қазір республика аумағындағы барлық облыс, аудан әкімдігінің жанында қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Министрліктер мен өзге де мемлекеттік органдардың орталық аппараты жанында да дәл осындай бақылаушы институт жұмыс істей бастады. Квазимемлекеттік органдарда да қоғамдық кеңестерді құру тәжірибесі жанданып келеді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ашық азаматтық қоғам құру бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасы аясында көптеген шаруа қолға алынғанын мәлімдеді. Мәселен қоғамдық бақылау және онлайн петициялар туралы заң жобалары түзіліп, Парламент қабырғасында кеңінен талқыланды. Сондай-ақ былтыр қоғамдық кеңестердің құрамы 90 пайызға жаңартылған екен.

«Қазіргі қоғамдық кеңестер қоғам өміріндегі түрлі әлеуметтік мәселелер бойынша халықтың пікірін білдіру алаңына айналды. Әрі бұл институттың мемлекеттік орган қызметінің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз етудегі ықпалы зор», дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова.

Комитет өкілі  қоғамдық кеңестерді енгізу мемлекеттік органдардың есептілігін қамтамасыз етуге оң ықпал еткен көрінеді. Қоғамдық кеңестер арқылы қарапайым азаматтардың басқару ісіне белсене араласуына мүмкіндік берілген.  Қазір елімізде 4 мыңнан астам өкілі бар 256 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Жоғарыда айтылғандай олардың 86 пайызы азаматтық қоғамның белсенділерінен тұрады. 

 «Елдегі экономикалық және саяси жаңғыртуға қатысты бірқатар міндет жүктеген Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін қоғамдық кеңестердің қызметіне айрықша назар аударылған. Жолдауда қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысты мәселелер жан-жақты ескерілген»,  деді комитет төрағасының орынбасары.

Стратегиялық құжат Президент бақылаудың бірден-бір тегеурінді тетігі ретінде мән бергендіктен жергілікті жерлерде қоғамдық кеңес қызметін әкімшілік ресурс арқылы реттеуге тырысып жатқандары бар.

 «Жергілікті өкілдік органдардың қоғамдық кеңестерді құру кезінде әкімшілік ресурстарды пайдалануы дерегі кездеседі. Кеңес мүшелігіне азаматтық қоғам белсендісі ретінде өткендердің де мемлекеттік органдардың айтқанынан шыға алмайтын жағдайлар болады. Сәйкесінше бұл мәселелерді шешу үшін жыл сайын кеңестердің мүшелігіне кәсіби мамандарды, сарапшыларды тарту үрдісінің қарқын алғаны байқалады. Бұдан қоғамдық кеңес институтының деңгейі өсе түседі», дейді Гүлбара Бекетқызы.

Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы қызметіне кіріскен заңгер Марат Бәшімов те саланы жетілдіруде әлі де мән беретін тұстар жеткілікті екенін алға тартады. Құзырлы орган жанындағы қоғамдық кеңес заңнамаларға сыбайлас жемқорлықтың таралуына жол бермейтін нормаларды енгізу бағытында жұмыс істейді. Былтыр кеңес мүшелерінің араласуымен құқықтық құжаттарда сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмысы үшін жауапкершілікке тартылғандарды мерзімінен бұрын босату тәжірибесін тоқтатудың, ресми табысынан артық кірісі бар лауазымды тұлғаларды тергеудің тетіктері қарастырылған екен.  Десе де маман елдегі қоғамдық кеңестердің қызметі әлі де жиі сыналатынын айтады.

«Елімізде 250-ден аса қоғамдық кеңес бар. Қарапайым азаматтардың осы кеңестердің жұмысына белсене араласып, олардың қызметінен хабардар болуы керек. Қоғамдық кеңестер қарапайым тұрғындарға шын мәнінде пайдалы болғаны жөн», деді Марат Бәшімов.

Соған қарамастан жергілікті жерлерде тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуде қоғамдық кеңестердің әлеуетті институтқа айналуының мысалын көруге болады. Мәселен  Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің экология мәселелері бойынша комитеті өңірдегі экологиялық ахуалды реттеуге үлес қосып жүр. Тек өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларының өзінде комитеттің 15 отырысында қоршаған ортаны қорғау мәселелері жан-жақты талқыланыпты. Бұл жиындардың күнтәртібіне ауаның ластануы, тұрмыстық қатты қалдықтарды бейберекет төгу, ескі көліктердің қоршаған ортаға әсері секілді мәселелер қойылған. Кеңес мүшелері өңірлерде 6 отырыс өткізген.

«Қоғамдық кеңес бізде құзырлы мекемелерге немесе тұрғындарға қажетті кеңес ұсынуды платформасы ретінде қалыптаса бастады. Тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселені кімге, қалай жеткізуді білмей жатады. Мәселен экология саласына жауапты бірнеше мемлекеттік ұйым бар. Әйтсе де  азаматтар көшедегі ағаштардың кесіліп жатқанын көрсе, ауаның ластануына қатысты шағым айтайын десе қайда барарын түсінбей дал болады», дейді комитет мүшесі Еленя Полянцева.

Қоғамдық кеңес мүшелері өткен жылы әкімдікке түнгі ауаның ластануына зерттеу жүргізу, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау секілді ұсыныстарын жеткізген. Сондай-ақ  «Қоғамдық кеңестер қызметі аясында тұрғындарды аумақтарды басқаруға тарту арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» деп аталатын жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Жоба облыс, аудан әкімдіктеріне халықпен байланыс түзіп, қабылданатын шешімдер бойынша кері байланыс орнатуға мүмкіндік бермек.

 Бір сөзбен айтқанда шешімін күткен кейбір мәселелерге қарамастан қоғамдық кеңестерді билік пен бұқара арасындағы өзара тиімді байланыстың жаңа арнасы ретінде қарастыруға болады. Сондай-ақ бұл институттар азаматтық бақылауды да өз деңгейінде жүзеге асырып, мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.