28-05-23 |
1630 рет қаралған
Украина орыс тілін мемлекеттік тіл етуі тиіс – Ресей СІМ.
Украина орыс тілін мемлекеттік тіл етуі тиіс – Ресей СІМ

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин Украинамен соғысты тоқтатудың кемінде алты алғышартын атады. Олардың бірі – Украина «әскери қимылды тоқтатуы тиіс» деген шарт. Галузин бұл жөнінде ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтқан.

Галузиннің сөзіне қарағанда, Украина бұған қоса, Батыс елдерінің қаруынан бас тартуы тиіс. «Әділ әрі тұрақты» әлемге қол жеткізу үшін ресми Киев «НАТО мен Еуроодақтан да бас тартуы керек», «жаңа территориялық жағдайды мойындап», «орыс тілін мемлекеттік тіл етуі тиіс» және «негізгі адам құқықтарын сақтауы керек».

Украина басшысы Владимир Зеленский бұған дейін соғысты аяқтаудың жалғыз шарты – Ресей әскерінің Украина аумағынан кетуі деп айтқан, деп жазды Азаттық радиосы.

Ресей Украинаға 2022 жылы 24 ақпанда басып кірген. БҰҰ мәліметінше, 2023 жылдың мамыр айының соңына дейін әскери қимылдың салдарынан 8895 бейбіт тұрғын қаза болған. 15 117 адам жарақаттанған. Бұл мәлімет толық емес болуы мүмкін.

Киев экономика мектебінің есебінше, Украинада былтыр ақпаннан бері 150 мыңнан астам үй қираған не бүлінген, 25 мың шақырымнан астам жол, 344 көпір, бірнеше мың балабақша, мектеп, аурухана, музей бұзылған. 200 мыңнан астам жеке көлік пен 16 мыңнан астам қоғамдық көлік жойылған не қираған. Елге жалпы 144 млрд доллар шығын келген.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.