18-05-23 |
3860 рет қаралған
Қазақстанда кәсіподақтар қалай жұмыс істейді?.
Қазақстанда кәсіподақтар қалай жұмыс істейді?

Кәсіподақ – заңды және тәуелсіз қоғамдық ұйым. Оның басты міндеті – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау.

Сондықтан бүгін кәсіподақ қозғалысы дегеніміз не, оның өкілеттігі мен мақсат-міндеті жайында сөз қозғалмақ.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйымның бірі. Бұл қозғалыс өзінің бастауын ХХ ғасырдың басынан алып отыр. Осылайша, қазіргі Қарағанды облысының аумағында орналасқан Успен мыс кенішінің жұмысшылар одағы – 1905 жылдың 6 желтоқсанда еліміздегі алғашқы кәсіподақ ұйымы болып танылды. Ескеретін дүние, кеңес заманында Қазақстандағы бүкіл кәсіптік одақтың қызметін 1948 жылы құрылған бірыңғай орталық орган – Қазақ кәсіптік одақтар кеңесі (Қазсовпроф) басқарды.

Бүгінде елімізде үш республикалық кәсіподақ бірлестігі жұмыс істейді. Атап айтсақ, олар:  ҚР Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстан Еңбек конфедерациясы және «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы. Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы 23 салалық кәсіптік одақ пен 17 аумақтық кәсіподақ бірлестіктің басын қосып отыр. Барлығы 1 млн 500 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар, – дейді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов.

Нұрлан Өтешев федерация азаматтық қоғамның маңызды құрамдас бөлігі екенін сөз ете отырып, қоғамдық-саяси жағдайларда ең алдымен кәсіподақ мүшелерінің мүддесі қорғалатынын айтты.

«Қазақстан Республикасының» кәсіптік одақтар туралы» заңының 16-бабына сәйкес, кәсіподақ өз мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға құқығы бар. Сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен, жеке кәсіпкерлік субъектілердің бірлестіктерімен (қауымдастық, одақ), өзге де қоғамдық ұйымдармен өзара қарым-қатынаста қызметкерлердің өкілі болуға құқылы, – деді ол.

Бұдан басқа, кәсіподақ сотта, медиация, татуластыру мен төрелік рәсімдерді өткізу кезінде қызметкерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға, қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға, заңнамада белгіленген тәртіппен ереуілдер мен бейбіт жиналыстар өткізуге құқылы.

Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бүгінде қандай өзекті мәселелерді шешіліп жатқанын айтты.

Олардың бірі – кәсіпорындарда, өнеркәсіп салаларындағы жұмысшылардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға байланысты экономикалық мәселе. Әдетте, еңбек ұжымының ұжымдық-шарттық процеске өкілдері ретінде кәсіподақтардың қатысуы барысында жүзеге асырылады. Кәсіподақтар экономикалық процестен басқа, жұмысшыларға ұжымдық-шарттық процеске қатысуға, олардың өмір сүру сапасын анықтайтын талаптарды қоюға және қорғауға мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Өтешев.

Кәсіподақтың тағы бір функциясы – әлеуметтік бағыт. Бұл қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа қызмет етеді.

Осы күні кәсіподақ қоғамдық келісімді қолдауға, өркениетті еңбек қатынастарын тиімді дамытуға елеулі үлес қоса отырып, қуатты және жасампаз әлеуметтік институтқа айналды. Тіпті, қазір кәсіподақтар, мемлекет пен жұмыс берушілер арасында әріптестік қатынастарды белсенді құрып жатыр.  Елдегі еңбекақы төлеу саласындағы істердің жай-күйі де жақсарған. Ең төменгі жалақыны бірнеше есе артуы – жұмысшы топтың әлеуметтік кепілдігіне айналды, – дейді ол.

Өтешевтің айтуынша, сондықтан Кәсіподақтар Федерациясы  жұмысшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда жүйелі шаралар қабылдауды ұсынып отыр. Осы арқылы аз да болса, едәуір дәрежеде қоғамның әділдікке деген сұраныс қанағаттандыра алатынын жеткізді. Сонымен қатар, жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы тепе-теңдік жүйесінің тиімділігін артылса, келіспеушілік те шешіледі. Сондай-ақ,  халықтың нақты табысын шынай ұлғайту үшін жағдай жасалу керегін қозғау салды.

Еңбекақы төлеудің ең төменгі мөлшеріне келсек, ЕТЖ анықтау әдістемесін әзірлеу және бекіту жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды. Біздің елде ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау бойынша бекітілген нақты бір  әдістеме жоқ. Ал бұл дегеніміз – осы мәселедегі құқықтық олқылықты  көрсетеді. Негізі бірқатар шет елдердің халықаралық тәжірибесінде АЕК белгілеудің әртүрлі тәсілдері бар. Мәселен, әлемдік тәжірибеде және жекелеген елдерде АЕК орташа айлық жалақының 50% мөлшерінде болуы тиіс. Ал осыны біздің елге қолдансақ, шамамен 125 мың теңгеге шығады. Әрине, жылдың басынан белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен 2 есе  көп, – деді Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша,  бірқатар елдерде АЕК анықтауда «ең төменгі тұтыну қаражатына» тауарлар мен қызметтердің қымбат бағасын сипаттайтын есептік шама қолданады. Сонда ең төменгі тұтыну бюджеті құнарлы тамақтануға, киім, аяқ киім, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмек, жиһаз, тұрмыстық техника секілді азық-түлік емес тауарларды және демалу, бос уақытын қызықты өткізуге, көлік, байланыс, тұрмыстық қызметтер тұтынудың үлкен көлеміне арналған шығындарды да ескереді.

Жақын арада «Халықаралық еңбек ұйымының» №102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы», №131 «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенцияларын ратификациялау қажет. Азық-түлік себетін есептеу әдістемесін қазақстандықтардың нақты физиологиялық тұрғыда  қажеттілігіне сәйкес келтіруді қайта қарау керек, – дейді  Нұрлан Өтешев.

Arasha.kz

ФОТО: novoetv.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.