Дәл қазір Мәжілістің қарауында жатқан «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы азаматтардың мемлекетті басқару ісіне белсене қатысуын көздейді.
Азаматтық қоғамның мәртебесін көтеруге бағытталған заң қабылданып жатса, белсенділер мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асатын жобаларға, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің жұмысына қоғамдық бақылау жүргізу құқығына ие болмақ. Қазірдің өзінде сарапшылар бұл заңды азаматтардың ел басқару ісіне белсене араласуына мүмкіндік беретін құқықтық тетік ретінде қарастырады.
Заң жобасында қоғамдық бақылау объектілері (тексерілетін) және субъектілері (тексеретін) болып ажыратылады. Құқықтық құжат қабылданып жатса, қазақстандықтар 5 түрлі нысанды емін-еркін тексеруге мүмкіндік алады. Бұл қатарға жергілікті мемлекеттік және орталық органдарды, мемлекеттік мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерді, дербес білім беру ұйымдарын және орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындайтын мекемелерді жатқызылады. Заң жобасымен жұмыс істеп жатқан Мәжіліс депутаттары алдағы уақытта халықтың қалауына қарай бұл тізім толықтырылуы мүмкін екенін айтады. Тізімдегі нысандарға қоғамдық бақылауды жеке азаматтар немесе белсенділері тобы жүзеге асырады екен. Бастысы тексерушілер қоғамдық бақылау нысандарына тосын тексеріс жүргізе алмайды. Олар тексерілетін нысан иелерінен жазбаша келісім алуы керек. Сондай-ақ, нысанға алты ай өтпей екінші қайтара тексеріс жүргізу құқығы да шектелген.
Жалпы «Қоғамдық бақылау мәселелері» жөніндегі ілеспе заң жобасын әзірлеу кезінде 3 Кодекс пен 10 Заңға өзгеріс енгізілген екен.
Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сай әзірленді. Құжат қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, оны жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Заң қабылданып жатса мемлекеттік мекемелермен бірге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен оның еншілес компанияларындағы мемлекеттік әлеуметтік және ғылыми-инновациялық жобаларға, бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын жобаларға қоғамдық бақылау жүргізу мүмкін болады. Тіпті, «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» және өзге да дербес білім беру ұйымдарының жұмысына қоғамдық бақылау жүргізуге мүмкіндік бар. Осы тізімге қарап-ақ бұл заң жобасының қандай жанкешті еңбекпен қабылданғанын байқай беруге болады. Негізінен қоғамдық бақылау қоғамдық талқылау, қоғамдық мониторинг және қоғамдық сараптау сияқты процестерден тұрады. Бұл процестер кезең-кезеңімен немесе жеке-жеке де жүзеге асуы мүмкін», – дейді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметов бұл заң жобасында қазақстандықтарға қоғамдық бақылау жүргізуімен бірге олардың талап-тілегіне петиция арқылы құлақ түру тәжірибесі де қарастырылып жатқанына назар аударды. Бұл орайда петиция жариялаудың өз тәртібі бар екенін ұмытпаған жөн. Мәселен әлдебір мәселе бойынша петиция жариялау үшін қажетті дауыстар саны 3 есе азайтылды. Бұрын петицияны көпшіліктің талқысына салу үшін 150 дауыс қажет болса, қазір бар болғаны 50 дауыс жетіп жатыр. Салалық министрлік талаптарға сай келетін петицияларды үш жұмыс күні ішінде интернет-ресурста орналастырады. Бұдан кейін заңға сай петицияда көрсетілген мәселелерді қарап, ресми жауап беру мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне кіреді. Сәйкесінше оларды қарау мерзімі де заңмен реттеледі.
Заң жобасында мемлекеттік органдардың петицияны қарау мерзімі нақты айқындалған. Орталық мемлекеттік органдар үшін петицияны қарау мерзімі 60 күннен 40 күнге, жергілікті атқарушы органдар үшін 20 күнге дейін қысқартылды. Петиция міндетті түрде қарауға қабылдануы үшін 5 мыңнан 50 мың дауыс аралығындағы шектік мәнге жетуі тиіс. Онда көтерілген мәселені шешу жауапкершілігі мемлекеттік органның бірінші басшысына жүктеледі. Тиісті деңгейде дауыс жинай алмаған петиция құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға жіберіледі және Әкімшілік рәсімдік процессуалдық кодексте белгіленген тәртіппен жеке хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қаралады, – дейді АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.
Айта кетерлігі қоғамдық бақылау жүргізу немесе петиция жариялау процестерін жүзеге асыруға ешқандай қаржы бөлінбейді. Оны қаржыландыру тетігі заңда қарастырылған көздер арқылы жүргізілмек. Сарапшылар мұны қоғамдық бақылаудың лоббидің құралына айналып кетпеуі үшін жасалғанын айтады. Десе де бәрінен бұрын бұл тетіктердің ел басқару ісіне қарапайым азаматтарды көптеп тартудың алғашқы қадамы ретінде тануға болатындай.
Arasha.kz
ФОТО: gov.kz
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024