03-05-23 |
2590 рет қаралған
Азаматтық қоғам елді дамытады.
Азаматтық қоғам елді дамытады

Азаматтық қоғамның дамуы мемлекет дамуына жол ашады. Өркениетті елдердің барлығы азаматтардың үнін жеткізетін қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың құрылуына, белсенді жұмыс істеуіне ерекше мүдделі. Мұндай көзқарас біздің елімізде де біртіндеп орнығып келеді. Сәйкесінше азаматтық қоғамның да белсенділігі жоғарылаған.

Қоғамдық бірлестіктердің кедергісіз жұмыс істеуіне заңдық жағдай толық жасалған. алғаш рет өткен ғасырдың алпысыншы жылдары студенттік қозғалыстар ретінде пайда бола бастаған. «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы» заң, сонымен бірге  «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заң қоғамдық бірлестіктерге қолдау көрсетіп, Үкіметтік емес ұйымдардың түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруына жол ашып келед.

Еліміздегі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынған статистикалық дерекке сай 2022 жылы Қазақстанда 22 344 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның былтыр 16 426-сы жұмыс жасап тұрғанымен, жастар бамтамасымен құрылған жаңа бірлестіктер бос кеңістікті толтыруға әрекет жасауда. Осының ішінде Алматы қаласында тіркеліп, қызмет етіп отырған қоғамдық бірлестіктердің саны да, танымалдығы да, азаматтар мен қоғамға ықпалы да айтарлықтай жоғары.

Алматы қаласы әкімдігінің көрсетуінше, үлкен шаһардағы қоғамдық бірлестіктердің дені қоғам үшін маңызды салаларға таңдау жасаған. Қоғамдық бірлестіктердің 15,97% әлеуметік маңызды бағытта, 14,65% халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуді, 12,78% – спорт саласында, 11,35% – құқықтық қолдау білдірумен, 8,66% – жастар саясаты және балаларды қорғаумен, 7,09% – білім және ғылым бағытында, 5,03% – қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, 4,43% – салауаттылық бағытында, 3,94% – өнер және мәдениетті дамыту бағытында еңбек етуде.

Осының ішінде азаматтардың құқықтық сауатын көтеру бойынша ауқымды шараларға ұйытқы болып жүрген қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың орны бөлек. Алматы қалалық әкімдігімен бірлесе отырып, жүйелі жоспарға сай әрекет ететін бұл бірлестіктер құқықтық кеңес беру үшін қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыруға әбден маманданған. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестік еліміздің мықты заңгерлерін, Алматы қаласы әкімдігіндегі азаматтар көп сауал жолдайтын басқарма жетекшілерімен келісе отырып игілікті шаралар өткізуде де орнықты тәжірибе жинақтап үлгерді. Әсіресе, бірнеше жылдан бері тұрақы өтіп келе жатқан «Халық заңгері» акциясы Алматы қаласы әкімдігі мен қоғамдық бірлестіктерді бір мақсатқа ұйыстырып, бір ортаға жинаған айтулы шара.

Жылына екі рет ұйымдастырылатын бұл сауапты да қайырымды іске мемлекеттік органдармен бірге, заңгерлер мен адвокаттардан құралған қоғамдық бірлестіктер, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары теңдей атсалысуда.

Биылғы шара Алматы тұрғындарының барып-келуіне ыңғайлы, көпшіліктің еркін қозғалысына, кедергісіз пікір алмасуына ыңғайлы Алматы арена спорт кешенінде орын алған болатын. Халық заңгерінің тағы бір тиімді тұсы – мұнда кеңес алуға жүгінгендердің қойған сауалы мен оған қайтарылған жауаптар таспаланып, хатталып еліміздегі бірегей құқықтық, заңдық ақпараттық портал саналатын  Zakon.kz желілік басылымында  жарияланады. Яғни, шараға белгілі бір себеппен келе алмаған тұрғындардың бұқаралық ақпарат құралдарында жинақталған заңгерлер кеңесін қарап, өзіне қажет мәліметпен танысуына мүмкіндігі бар.

Алматы қаласы әкімдігі мен заңгерлер қауымдастығын бір арнаға тоғыстырған бұл айтулы шарада Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшының орынбасары Д.Мұстафин, заң басқармасының басшысы А.Мекебаев, түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы А.Бекеева, өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы К.Түменбаев, сондай-ақ ҚҚС, камералдық және кедендік бақылау сияқты Департаменттің бейіндік басқармаларының мамандары қатысып, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріліп, бағыт-бағдар берілді.

«Халық заңгері» акциясының мақсаты – проблемалық мәселелерді анықтау және халыққа, бизнес өкілдеріне заңгерлік көмек көрсету. Сондай-ақ туындаған мәселелерді шешу және ел азаматтары мен бизнес үшін қажетті жағдайлар жасау жолдарын табу.

– Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып отырғандықтан, «Халық заңгерінің» ел ішінде танымалдығы да, беделі де артып келеді. Бүгінде жұртшылық осы шараның өтуін асыға тосатын болды. Құқықтық көмек берушілерге тек жеке тұлғалар ғана келмейді. Бүгінде жастардың арасында волонтер ретінде қоғамдық ұйым құруға, оны кедергісіз жүргізуге ынталылар көп. Сонымен бірге, білімді жастардың өз бетінше топ құрып, кемтар жандарға, қараусыз қалған қарттарға, әлеуметтік осал топтарға қол үшін созуға ниетті екенін естіп қуанып жатырмыз. Олардың көңілдері дархан, белсенділігі қаншалықты жоғары болғанымен, бізде қоғамдық бірлестік, ұйым ретінде жұмыс істеудің өзіндік заңдық тетігі бар. Оны сақтамаудың соңы құқықтық жауаптылыққа алып келуі мүмкін. Сондықтан, халық заңгерлері қоғамға пайдасын тигіземіз, азаматтық қоғамның дамуына тамшыдай болса да үлесімізді қосамыз деген жандарға құқықтық көмек көрсетіп, қоғамдық бірлекстік ретінде жұмыс істеудің әліппесін үйретіп жатырмыз, – дейді белгілі заңгер Мейірман Шекеев.

          Мейірман Шекеев соңғы жылдары қазақтілді жастардың өз құқығын қорғап қоймай, өзгелердің құқығының тапталмауына ықпал етіп, жанашырлық танытып жүргеніне риза екенін жеткізді.

          Осы шара барысында көмек алған жанның бірі Арайлым Аманбайқызы «Алматы қаласының Голбол федерациясы» қоғамдық бірлестігіне мүше. Мүмкіндігі шектеулі баласының спорттық қабілетін дамытып жүрген ана күнделікті өмірде бірқатар құқықтық мәселелермен бетпе-бет келген. «Біздің қоғамдық бірлестіктің арнайы заңгер ұстауға қаржысы жете бермейді. Сондықтан, тағдыры ұқсас аналар бір-бірімізге айтып жүріп осы «Халық заңгері» акциясына уақыт бөліп арнайы келетін болдық. Себебі, дәл осы күні бұл жерден мықты заңгерлерден бөлек, Алматы қаласының көптеген басқармаларының басшыларымен жүздесіп, өз мәселелерімізді айтуға, көмек алуға қол жеткіземіз. Былайғы күнде олардың әрқайсысына кіру, кеңесін алу мүмкін емес. Шара кезінде есімін тек телеарнадан естіп, бейнесін әлеуметтік желіден ғана көретін талай талантты адвокат, заңгерлерді көзбен көруге, кеңесін тыңдауға мүмкіндік алдық. Осының бәрін бір алаңға жинаған Алматы қаласының әкімдігі мен акцияның басы-қасында жүріп, тегін қызметін ұсынған жандарға алғысымызды білдіреміз» дейді ана ағынан жарылып.

          «Халық заңгері» арқылы мәселесін шешіп, заңды, сауатты кеңес алған азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер аз емес. Осындай игілікті шара алдағы уақытта үзіліп қалмай, жалғасын таба берсін.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.