Өткен жылғы жалпыхалықтық референдумнан кейін ел Конституциясына енгізілген өзгерістер ауқымды саяси реформалардың бастауында тұр.
Құқықтық негізі күшіне енген сәтте бұл реформалардың жаңалығы қоғам өмірінде анық байқалып жатты. Әсіресе супер президенттік биліктен ықпалды Парламентке көшудің алғышарты жасалды.
Рефрендум алдында Қазақстан халқына арнаған үндеуінде Президент бұл өзгерістердің түпкі мақсаты елдегі демократияландыру процесін жалғастыра отырып, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту екендігіне тоқталды. Мемлекет басшысы сол жолы межеленген міндеттерді жүзеге асыру арқылы ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшудің алғышарты екендігіне назар аударған. Қысқасы Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Президенттің артықшылықтары мен өкілеттігін күшейтуге емес, билік тармақтары арасындағы үйлесімді және тепе-теңдік жүйені нығайтуға бағытталады. Бұл принципті Президент былтырғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кезекті мәрте растады. Мұнда Мемлекет басшысы президент өкілеттілігін жеті жылға ұзарта отырып, бұл мандатты иелену мүмкіндігін бір ретке дейін шектеді. Яғни ел Президенті жеті жылдық мерзімге бір-ақ рет сайлана алады.
Сөз жоқ, бұл реформалардың бастауында Конституция өзгерістер мен толықтырулар енгізу тұрды. Дәл осы өзгерістер енгізу бойынша құрылған жұмыс тобының мүшесі, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов референдум шын мәнінде суперпрезиденттік жүйенің жоюға бағытталғанын растады.
Конституцияда адам құқығы туралы нақты жазылған. Ата заңымызда адам өмірі, бостандығы – ең қымбат қазына, ең үлкен құндылық екендігі кепілдік береді. Алайда бізде ұзақ жыл бойы суперпрезиденттік жүйе үстемдік құрды. Президенттің өзі 162 отбасында бүкіл Қазақстанның жарты байлығы бар екенін ашық айтты. Осының өзі әлгі айтылған құндылықтармен шынайы жағдай арасындағы қарама-қайшылықты көрсетеді, – дейді Марат Бәшімов.
Мұнан бөлек Мәжіліс депутаты Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобы жаңа саяси жүйеде Парламенттің ықпалын күшейту көңіл бөлінгенін атап өтті.
Референдумнан кейінгі бір жылда елде ауқымды жұмыс жүргізілді. Әлемдегі геосаяси ахуалды есепке алсақ, әлі де көп нәрсені Конституцияға сай етуіміз керек. Бұл істе заң шығарушы органның ықпалы зор. Қазір бір заңды өзгертейін десең, оның арғы жағында әлдекімнің мүддесі шыға келеді. Мұның бәрі кезіндегі суперпрезиденттік жүйеден қалған – дейді Марат Бәшімов.
Қашанда болмасын шексіз биліктің бір қолға немесе әлдебір топқа берілуі мемлекет дамуына үлкен кедергі. Тіпті оның күйреуге әкеп соғуы да ғажап емес. Оған Қаңтар оқиғаларының қасіретті сабағы мысал бола алады. Түптеп келгенде мұндай саяси жүйе билікті былай қойғанда адам құқығын да жойып жіберуі мүмкін. Саясаттанушы Мақсат Жақаудың да пікірі осыған саяды.
Сөз жоқ референдум азаматтық қоғамға жан бітірді. Авторитарлық жүйеде адам құқығына дейін жұтылып кетті. Референдумдағы өзгерістерді біз адам құқығынан бастадық. Бұл жерден сөзсіз саяси реформаның азаматтық қоғамды қайта жетілдірудің, орталықсыздандырудың, жалпы биліктің құзіретінен бастап халықтың деңгейге бөліп берудің өзі ұлкен жетістіктің бірі. Референдум арқылы келген өзгерістер әлемдік тәжірибеден алынды, – дейді саясаттанушы.
Өзгеріс өзгеріс үшін жасаламауы керек. Президент те дәл осы қағида төңірегінде бірнеше мәрте сөз қозғағаны есте. Түптеп келгенде реформалар қоғам өмірінде, саяси жүйеде сезілгені жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «суперпрезиденттік» басқару жүйесінен бас тартып, қолындағы билікті бөліп берді. Ол өз өкілеттігінің бірқатарын Парламентке беріп, заң шығарушы органның ықпалын арттырып отыр. Иә, расында монополия жақсылыққа апармайды. Мейлі ол саясат, мейлі ол экономикада болсын. Ашық әрі әділ бәсекелестік – мықты, белсенділердің суырылып алға шығуына әркез жол ашқан, – дейді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Аян Сакошев.
Демек кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын реформалардың мақсаты ел дамуын келесі бір сатыға көтеруі болмақ. Өткен жылғы жалпыхалықтық референдумның да осы талаптың үдесінен шыға алатынына күмән жоқ. Бұған осы уақыт аралығында супер президенттік биліктен Парламенттің ықпалын арттыруда жасаған қадамымыз анық мысал бола алады.
Arasha.kz
ФОТО: baq.kz
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024