27-11-18 |
3120 рет қаралған
Аида Балаева: Көкжайлау жобасы іске аса ма, жоқ па – нақты шешім жоқ.
Аида Балаева: Көкжайлау жобасы іске аса ма, жоқ па – нақты шешім жоқ

Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Астанада өтіп жатқан VІІІ Азаматтық форумда биыл қоғамда дүмпу туғызған оқиғаларды қалай қабылдағаны туралы айтты, – деп жазады baq.kz.

Астанада өтін жатқан форум барысында «Мен сенемін» тақырыбында өткен сессияда белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт Аида Балаевамен сұхбаттасты.

Аида Балаева жылдар бойы әлеуметтің өткір мәселелерін шешуде көрсеткен қолдаулары үшін азаматтық секторға алғысын айтты. Тележүргізші Дана Нұржігіт осы жылы елімізде болған, көптің көңілін түсірген, қабырғасын қайыстырған жағдайларды қалай қабылдағанын сұрады.

«Денис Тен мен Абай ауданындағы баланың зорлану жағдайын ең алдымен, адам, ана ретінде қабылдадым. Әрбір ата-ана ең алдымен баласының қамын ойлап, оның қиындық көргенін қаламайды. Денис Теннің қазасын ауыр қабылдадым. Ол өте тәрбиелі, ақжарқын әрі мейірімді жігіт болатын. Біз онымен бірге «Денис және достары» атты мұз айдынындағы шоуын әзірлеген едік. Мен үшін бұл қайғылы оқиға болды. Ол кезде мен демалыста едім. Қызым екеуміз екі-үш күн бойы жыладық. Себебі, өмірге құштар жігіттің видеосы мен пікірін жыламай қарау мүмкін емес еді», – деді Аида Балаева.

фото - baq.kz
фото – baq.kz

Аида Балаева сонымен қатар, Абай ауданындағы жағдайға қатысты да пікір білдірді.

«Біз күнделікті тірлікте бәрі де дұрыс шығар деп жүреміз. Бірақ, мұндай жағдайлар өкінішке қарай болып жатады. Осы ретте ұйымдар мен қоғамдық көшбасшылар бұл жағдайды бақылауға алып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Қазіргі таңда кінәлілер жауапкершіліктен жалтарып кеткен жоқ. Бұл жағдайдан сабақ алудың маңызы зор, себебі жүйелі түрде жүргізілетін жұмыс мұндай жағдайлардың алдын алуы керек. Бұл ауыр сабақ, бірақ ары қарай өмір сүруге тура келеді», – деді ол.

Аида Балаева сонымен бірге, өз сөзінде құқық қорғау органдарын реформалау бойынша жұмыс басталып кеткенін тілге тиек етті.

фото - baq.kz
фото – baq.kz

«Жуырда Мемлекет басшысы өз Жолдауында ол туралы айтқан болатын. Зорлық-зомбылық жағдайларын анықтау комиссиясының жұмысы бойынша регламентті өзгерту керек. Себебі, жыныстық зорлық-зомбылық қана емес, физикалық және психологиялық, отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайларын да анықтау маңызды. Балалармен тікелей жұмыс жүргізетін біздің психологтардың кәсібилігі мен біліктілігіне баса назар аудару қажет», – дейді ол.

Ол Көкжайлаудағы мәселеге қатысты екі тараптың ұстанымына қатысты пікір білдіргісі келмейтінін атап өтті.

фото - baq.kz
фото – baq.kz

«Көкжайлау жобасы іске аса ма, жоқ па – нақты шешім жоқ. Жобалық-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздемесі тек 2020 жылы ғана аяқталады. Тағы да айта кеткім келеді, нақты шешім болмағандықтан, нақты тұжырым жасаудың керегі жоқ деген ойдамын», – деді Балаева.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.