Конституциялық реформалардан кейін мүлдем жаңа үлгіде жасақталған Мәжіліс депутаттарының да алғашқы сессиясы аяқталды. Дегенмен осы аралықта Парламенттің төменгі палатасы үлкен жұмыс атқарды. Ең бастысы депутаттардың саяси белсенділігі артып, Мәжіліс қабырғасында өзекті мәселелер көтеріле бастады. Мұны Мәжіліс спикерінен бастап, қарапайым саясаттанушыларға дейін депутаттық корпустың жаңа жүйемен жасақталуымен байланыстырады.
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов фракция мүшелері мен бірмандатты округтер арқылы сайланған депутаттар өздерінің міндеттеріне асқан жауапкершілікпен кіріскенін айтады. Өткен сессияда Мәжілістің қарауында болған 80 заң жобасының 20-сына депутаттар бастамашылық еткен. Бұл олардың сайлауға дейін халықпен кездесулерде көтерілген өзекті мәселелерді шешуге барын сала кіріскенін көрсетеді.
- Мәжіліс депутаттары өз сайлаушыларымен тұрақты байланысты жолға қойған. Соның есебінен жұмыс топтарының, комитеттердің отырысы қызу пікірталас алаңына айналды. Пленарлық отырыстар мен Мәжілістегі үкімет сағаттарында да белсенділік пайда болды. Депутаттар министрлерге халықтың көкейінде жүрген түйткілдерге қатысты сұрақтарын бетпе-бет қойды. Кейбір планерлық отырыстарда қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерге қатысты 30-дан астам депутаттық сауал жолданып жатты.
Мәжіліс бүгінгі қоғамның бет-бейнесіне, айнасына айналды. Осы тұрғыдан алып қарағанда Парламент қабырғасындағы пікірлердің әралуандығы мен плюрализмді дұрыс қабылдауымыз керек. Бұдан қашып құтыла алмаймыз, – деді Ерлан Жақанұлы.
Жасыратыны жоқ, 72 пайызға жаңарған Мәжілістің жаңа құрамы Президенттің талқылауларды әлеуметтік желілер мен алаңдардан Парламент пен мәслихаттардың отырыстарына «көшіру» тапсырмасын орындауға бел шеше кіріскендей. Олардың алғашқы нәтижелері де байқалып жатыр. Мәселен Мәжіліс депутаттарының мәдениет қызметкерлерінің айлық жалақысына қатысты көтерген мәселесіне салалық министрлік жедел үн қатты. Кітапханашылар мен мәдениет саласының өзге де қызметкерлерінің айлығы көтерілетін болды. Шекаралық аймақтағы халықтың жағдайы да мәжілісмендердің назарынан шет қалған емес. Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында бұл мәселеге ерекше назар аударып, Үкіметке барлық шараларды қолға алуды тапсырды. Көп ұзамай Шығыс Қазақстан облысындағы Қатон-Қарағай, Марқакөл аудандарын қайта құру жөнінде шешім қабылданды.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары жылумен қамтамасыз ету саласын басқару бойынша Жоғарғы аудиторлық палатаның да есебін тыңдады. Былтыр жылыту маусымында апатты деп танылған нысандарға алғашқылардың бірі болып аттанған мәжілісмендерге жылу энергетикалық орталықтарының жай-күйі таңсық емес. Сондықтан олар Энергетика министрлігінің назарына саладағы өзекті мәселелерді ұсынды.
-Мәжіліс елдегі ең ашық алаңның бірі. Халық бәрін көріп отыр. Көпшілік байқағандай Үкіметтің бюджеттің атқарылуы бойынша есебін қабылдауға көп партия қарсы болды. Бұл Парламенттегі ой-пікірдің әралуандығының белгісі. Менің ойымша депутат қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені назарынан тыс қалдырмауы керек, – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс депутаты, белгілі құқықтанушы Унзила Шапақтың пікірінше, соңғы өзгерістерден кейін Парламент шынында ықпалды институтқа айналды. Ол мұны екі жылдан бері жүргізіліп жатқан конституциялық-құқықтық реформаның нәтижесі деп санайды.
– Бұған дейін ықпалды Парламент тіркесі жай сөз ретінде айтылып келді. Әйтсе де оның Үкіметке әсер ету ықпалы жетіспей жататын. Ал Конституцияға өзгерістермен толықтырулар енгізілгеннен кейін Мәжіліс сайлауында басым дауысқа ие болған партия Премьер-министрдің кандидатурасын ұсынуға құқылы болды. Өз кезегінде бұл партия Мәжілістегі өзге партиялардың фракциялары алдында жауапкершілікті Үкіметпен теңдей бөліседі. Ықпалды Парламентке күшті Үкіметтің бағынуының және билікті бөлісу механизмінің дұрыс жолға қойыла бастағанының көрінісі осы, – деді Унзила Шапақ.
Мәжіліс депутаттарының жауапкершілігін еселей түсетін бір тетік ретінде сайлаушыларға депутаттарды кері шақырып алу құқығының берілгенін айтуға болады. Сайлау алдында берген уәдесінде тұрмаған мәжілісменді бірмандаттық округтермен бірге партиялар да мандатынан айыра алады. Осылайша депутаттар сайлаушылар алдындағы саяси құқықтық жауапкершілігін сезіне бастады.
Ал Парламенттің төменгі палатасындағы саяси бәсекеге жаңа фракциялардың құрылуы жан бітіргендей. Бұған дейін Мәжілістен ең кемі 7 орын алған партиялар ғана фракция құру құқығына ие болған. Биыл Мәжілістің регламентіне өзгеріс енгізіліп, партияларға 4 депутатпен де фракция құруға мүмкіндік берілді.
Өз кезегінде саяси сарапшы Ерлан Ахмеди Парламенттегі фракциялардың беделін арттыруды партиялардың кадрлық әлеуеті арқылы іске асыруға болатынын алға тартады. Ол үшін Мәжіліс сайлауына дейін партияішілік іріктеу өткізуді барлық саяси ұйым дәстүрге айналдырғаны жөн.
– Қазіргі партиялық тізіммен немесе партия атынан бірмандаттық округтерден сайланған кандидаттардың көбі ел арасында беделге ие азаматтар екенін көріп отырмыз. Оларды партиялар сайлаушылар алдында ұпай жинау үшін тартқаны анық. Ал негізінен мұндай тұлғалар партияішілік іріктеуден көрініп, партияның өз ішінен шығуы керек еді. Болашақта партиялар осы тәжірибеге назар аударуы керек деп санаймын, – дейді сарапшы.
Қысқасы дәл қазір Парламентті шын мәнінде ықпалды етудің құқықтық тетігі бар. Мәжілістегі депутаттық корпус та қоғамның түрлі саласы өкілдерінен жасақталған. Мұның бәрі де былтыр Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесі екені анық.
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024