09-08-23 |
16840 рет қаралған
Қазақстанда мемлекеттік тіл туралы заң қабылдана ма?.
Қазақстанда мемлекеттік тіл туралы заң қабылдана ма?

Іргеміздегі Қырғыз елі мемлекеттік қызметкерлерге қырғыз тілін білуді міндеттейтін конституциялық заң қабылдады. Ал Орта Азияда үнемі бірінші орында болуға тырсатын Ақорда батылы жетіп, мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдай ала ма?

Күзде өз жұмысын бастайтын Парламент депутаттары мемлекеттік тілдің мәселесін көтеріп, маңызды заңның қабылдануына бастамашы бола ала ма? Осы және өзге де сұрақтарды Мәжілістің бірнеше депутатына қойдық.

«Қазыбек Исаның алдына түсе алмаймын» 

Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша Алматы қаласынан Мәжіліс депутаты болған Ермұрат Бапиға «Қазақ тілінің мәртебесін көтеретін заң қабылдаймыз ба, жоқ па?» деп сұрақты төтесінен қойдық. Ұзақ жыл оппозициялық «Дат» газетін шығарған азамат «Мұндай заңды міндетті түрде қабылдауымыз керек» – дейді.

Енді біздің Ресейге немесе басқа жаққа жалтақтайтын жағдайымыз жоқ. Қазір қазақ халқының үлесі 70 пайыздан асты. Біз өзіміздің ұлттық, мемлекеттік мүддемізді қазақтық негізде сақтаймыз десек, бұл заңды міндетті түрде қабылдауымыз керек. Сондай-ақ қазақ тіліне деген қажеттілік карера жасаймын деген жастарға ой салуы қажет. Мысалы біз қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тесті белгілеуіміз керек. Мемлекеттік қызметтен бастап, мұғалім, дәрігер секілді қоғаммен тығыз жұмыс істейтін азаматтарға қазақ тілін білу міндетті болуы тиіс, – дейді ол.

Негізі «керек, қажет» деген әдемі сөзді әркім айта береді. Бірақ Ермұрат Бапидің өзі депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік тіл туралы заңның қабылдануына бастамашы бола ма?

Біз осы күзде депутаттық топ құрамыз ба деген ойымыз бар. Онда тәуелсіз депутаттар ғана емес, партия атынан мандат алған азаматтар болса деген ниетіміз бар. Бірақ оны ресми, құзыретті үкімет деуге болмайды. Сол кезде мемлекеттік тілдің мәселесін талқылауға саламыз. Өйткені қазақ тілін көтеріп жүрген Қазыбек Иса секілді депутаттар бар. Енді мен аяқ астынан жұлқынып шығып, Қазыбек Исаның алдына түсе алмаймын. Бірақ жаңадан құрылуы мүмкін депутаттық топтың атынан мемлекеттік тілдің мәселесін талқылайтын боламыз, – дейді депутат.

«Аманат» депутаттары арасында алауыздық көп»

Ал Парламенттегі «Аманат» партиясының өкілі Самат Мұсабаев «Қазақстан Қырғыз елі секілді мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін міндеттейтін заң қабылдауы керек» деген пікірде. Бірақ ол арнайы заң қабылдамай-ақ арнайы қаулы арқылы мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін білуді міндеттеуге болатынын ескертті.

Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білуін міндеттеу үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті жоқ. Мемлекеттік қызмет агенттігінің ережесін өзгерту керек. Айталық, мемлекеттік қызметке орналасу үшін тестен өткен кезде қазақ тілі шешуші рөл атқармайды. Мәселен 10 түрлі заңнан тест тапсырса, оның 11 және 12 тармақ қазақ тіліне қатысты. Бірақ сертификатқа «қазақ тілінен тест тапсырды» деп жазылады. Бір қызығы қазақ тіліне қатысты талап азаматтардың мемлекеттік қызметке тұруына ешқандай кедергі келтірмейді. Мұны кезінде аталған агенттікті Қайрат Қожамжаров басқарып тұрғанда алып тастады. Әу баста қабылданған «Мемлекеттік қызметші қазақ тілді білу керек» деген талапты арнайы қаулымен қайта енгізу керек. Бұл мәселеде ешқандай қиындық жоқ. Кезінде дәл осы мәселеге байланысты депутаттық сауал жолдадым. Онда мен «Мемлекеттік қызметкерлер ұлты қазақ болсын, орыс болсын қазақ тілін білу керек» деп айттым. Аталған депутаттық сауалға агенттік «Біз оны істей аламаймыз» деп жауап берді, – дейді ол.

«Аманат» Парламенттегі басымдыққа ие әрі Үкімет жасақтап отырған партия. Билік партиясының депутаттары бір ауызды болып, осы мәселені шеше ала ма? Самат Базарбайұлының біздің бұл сауалымызға берген жауабы қызық болды.

Бір ауызды бола алмайды бұлар да. Оның ішінде қолдайтын да, қарсылар да бар. Мен өз басым мемлекеттік қызметшінің қазақ тілін білуін қолдаймын. Мен өзіме жауап беремін. Еділ Жаңбыршин, Қазыбек Иса секілді депутаттар қолдайды, – деп қысқа қайырды.

«Көршіміз заң қабылдады» деп ойбайлаудың қажеті жоқ

Келесі Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қырғызстан қабылдаған заңынан жаңалық көрмегенін айтады. Өйткені ол орыс тілі – ресми тіл күйінде қалғанын еске салды. Ал Қазақстан билігі мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білуін қырғыздар секілді міндеттеуі мүмкін бе?

Құдай қаласа, бізде де мұндай заң қабылданады. Қазір соның алғышарттары жасалып жатыр. Мысалы, мемлекеттік қызметшілердің тіл білуін тест арқылы тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Заң дегеніміз – ит пен мысықтың төлдейтін кезі секілді аз уақытта қабылданбайды ғой. Ол піседі, оның бағыттары мен қажеттілігі зерделеніп, зерттелуі бар. Кейбір заңдар 5 ай немесе 9 айда қабылданады. Менің ойымша, қазіргі өмірдің өзі көптеген нәрсені өз орнына қойып жатыр. Мысалы, қазақ тіліндегі мектепке баратын оқушылардың үлесі 70 пайыздан асты. Тіл мәселесі бизнесті жүргізу мен ономастика туралы заңда басты назарға алынған, – дейді депутат.

Айдос Сарым мемлекеттік тіл туралы заң латын әліпбиімен қатар қабылдануы керек деген пікірде. Соңғы кездері назардан тыс қалған латын әліпбиін Тоқаев билігі қабылдай ала ма?

Латын әліпбиін қабылдау тоқтаған жоқ. Бұл бағытта үлкен жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда Тіл білімі институты қазақ тілінің әдеби корпусын жасақтап жатыр. Менің ойымша, мемлекеттік тіл туралы заң латын әліпбиімен қатар жүру керек. Латын әліпбиі пісіп жетілгенде соны қабылдайтын, оған леп беретін деңгейде заң қабылдану керек. Сондықтан «Көршілеріміз заң қабылдады екен» деп, ойбайлап, бізде дәл сондай қабылдауымыз керек пе? Мысалы, бізде Жастар саясаты деген маған ұнамайтын заң бар. Ішінде алып бара жатқан ештеңе жоқ. Бірақ әйтеуір кезінде осы заң қабылданған болатын, – дейді Айдос Сарым.

P.S. Қазіргі таңда еліміздегі қазақтардың үлесі 70 пайыздан асты. Сондай-ақ биыл 1 сыныпқа баратын оқушылардың 70,7 пайызы қазақ сыныбын таңдап отыр. Бірақ азаматтардың 30 пайызы өз болашағын орыс тілімен байланыстырып отырғаны өкінішті жағдай. Бұл әрине мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін заңның солқылдақ болып тұрғанының белгісі. Егер қазақ тілін білуді міндеттейтін заң қабылданса, онда оқушылардың 90 пайызы қазақ тілін таңдар еді.

Серғали Асланбек, Arasha.kz

ФОТО: дереккөз

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.