29-11-18 |
5400 рет қаралған
Теріс діни ағымға жастар интернет арқылы кіріп кетеді.
Теріс діни ағымға жастар интернет арқылы кіріп кетеді

Білім алу құралдары дамыған заманда үйден шықпай-ақ көп нәрсені білуге, оны үйренуге мүмкіндік мол. Кез келген азамат шалғай ауылда отырып-ақ, қай жерде не болып жатқаны туралы ғаламтор арқылы толық мәлімет алады.

Ғалымдардың айтуынша, ғылыми-техникалық жетістіктер мақсатқа жетудің құралы. Ал құралдардың үкімі ниетке байланысты. Ниет игі болса, құралды қолдануға рұқсат, ал кейбір жағдайларда міндетті болады. Өкінішке қарай, осындай  құралдарды қолдануға байланысты кейбір «діндармыз» деп жүргендердің арасында шектен шығудың екі түрін байқауға болады. Бірінші тарап «Бұл құралдар Мұхаммед пайғамбар кезінде болмаған, дінге кірме бидғаттар. Демек одан береке жоқ, тіпті күнәлі де зиянды нәрселер», – деп одан барынша бас тартуға үндесе, екінші тарап мұны өздерінің бұзықтығына барынша пайдаланып қалғысы келеді. Ақпарат құралдарын, әсіресе ғаламтордағы әртүрлі әлеуметтік желілерді дұрыс, тек игілікті іске ғана қолданылмаса үлкен қасіреттерге әкелетіні анық. Ғаламтор жүйесін ойлап тапқан ғалымдар, мұны адамдар бір-біріне зиянды ақпарат беріп отырсын немесе өз-өзіне қол жұмсауды үйренсін деп шығармағаны анық. Тек жақсылықта ғана қолдану керектігін көзі ашық кез келген азамат білері анық.

Бүгінде елімізде дін саласындағы отандық ғалымдар мен сарапшылар тіпті, мемлекеттік қызметкерлер де өз жұмыстары барысында жеткілікті деңгейде ғаламтор арқылы әлеуметтік желілілердің барлық түрлерін еркін қолдана отырып, дін мәселесіне қатысты ақпараттарды таратуда. Әсіресе күнделікті жаңалықтар мен жасалынған игілікті істер, қажетті материалдар жариялануда.

Алайда, ғаламтордың осындай жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына тиімді қолданып жатқандығын да естен шығармауымыз керек.

Бүгінгідей алмағайып заманда экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды десекте болады. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушылардың әлі қалыптасып үлгермеген санасына тез ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар екендігі айқын. Кез келген деструктивті діни ағым өкілдері өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелерді өз қатарларына тартуға, өз жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және де өздеріне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге бағытталады. Сондықтан кез келген жас әлеуметтік желілер арқылы таралып отырған ақпарат көздеріне қырағалықпен қарау қажет. Ондай болмаған жағдайда оқыған ақпараты немесе тасымалдаған материалы  үлкен қасірет алып келуі мүмкін.

Мәселен жақында Ақмола облысы Бурабай ауданында лаңкестікті насихаттады деп күдікке іліккен Щучинск қаласының тұрғыны Д.Маженовке қатысты сот ісі аяқталып, оған 7 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Себебі, ол осы жылдың 23 сәуірінде «В Контакте» желісіне лаңкестікке шақыратын аудиодәрістер жүктегіні үшін қамауға алынған болатын. Әрине мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Ақпараттық тұрғыдан ашық заманымыздың маңызды  сындардың бірі – ол елімізде қалыптасқан рухани құндылықтарымызды сақтап қалу. Деструктивті ағымдар түрлі әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды ғаламтор арқылы тарату үстінде. Олар осы бағытта пәрменді ақпараттық құрал ретінде Интернет жүйесін де өз мақсаттарына пайдалануда. Осы ретте, елімізге сыналай еніп жатқан жат ағымдардың алдын алуда басқа да кешенді жұмыстардың қатарында дінтану сараптамасының тосқауыл қоюдағы маңызы зор. Яғни басқаша айтқанда дінтану сараптамасы халықтың рухани қауіпсіздігін сақтау мақсатында олардың санасын түрлі  жат идеологиялардан оқшаулауға бағытталған сүзгі болып табылады. Мұндай мәселенің алдын алу үшін Қоғамдық даму миниситрлігі Қоғамдық келісім комитеті тарапынан үздіксіз жұмыстар  жүргізілуде.

Жақында  Астанада өңірлердегі ақпараттық-түсіндіру топтарына арналған «Халықтың дінтану сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының тиімділігі» тақырыбындағы республикалық семинарда  Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев жыл сайын әлеуметтік желі қолданушылар арасында 10 мыңға жуық аккаунтқа арнайы сараптама жасап отырғанын, ал биылғы он айдың ішінде 6000-нан астам аккаунтқа арнайы бақылау жүргізгенін, солардың ішінде 2000-нан астамы діни экстремизмді және өзге де жат ағымдардың идеологиясын насихаттайтын элементтері бар аккаунттар болып шыққанын айтқан болатын. Демек әрбір азамат үшін сақтық шаралары қажет екендігін аңғаруға болады.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер бүкіләлемдік ғаламтордағы ең танымал қызмет түрі болып отыр. Экстремистік және террористік ұйымдар жеке веб-сайттарын құрумен қатар порталдардағы, әлеуметтік желілердегі парақшаларда  да жұмыс жүргізіп келеді.

Халықтың діни ақпараттарды ғаламтордан іздеуіне ғаламтордың  тәулік  бойы жұмыс істейтіндігі, мәліметтердің оңай әрі жылдам табылатындығы, артық уақыт пен ақшалай шығынды қажет етпейтіндігі себеп болуда. Азаматтар, әсіресе жастар ғаламторға қатты сенім артып, барлық мәліметтерді ғаламтордан таба алатынына күмән келтірмейді, олардың үлкен қатерлерге апарып соқтыратын зияндылығын ескерусіз қалдырып жатады. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бұқаралық ақпарат құралдарын, соның ішінде ғаламтор желісін ерекше бақылауға алу қазіргі таңда ең өзекті мәселеге айналып отыр.

Шынын айту керек теріс діни ағымның жетегіне кеткен жастарымыздың басым көпшілігі осы ғаламтор арқылы кеткен. Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктердің алдын алып, оған жол бермеу үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар қолданылып келеді.  Өткен жылдың тамыз айынан бастап діни материалдарды тарату арналарына тұрақты түрде мониторинг жасау үшін Қоғамдық даму министрлігі мен  Бас прокуратуран бірлесіп «Кибернадзор» (kibernadzor.kz) жобасы іске асырылып, тұрақты түрде жолға қойылды. Өйткені, ақпараттық қауіпсіздік – ел қауіпсіздігінің алғы шарттарының бірі болып табылады.

Жалпы ғаламтор білім алудың емес, байланыс құру, хабар алысу, амандасу құралына көбірек ұқсайды.

Бүгінде әлеуметтік желілерде жүктелген кез келген уағыз насихатты  әркім өздерінше түсініп, әртүрлі бағытта жеткізіп әлек болады. Түсініктер келіспеген жағдайда әр тындаушы өз түсінгенін жақтап, қарсыластарымен (басқаша түсінгендермен) үнемі талас-тартыс тудырады. Осылайша бөлініп, үнемі бірін-бірін айыптай бастайды. Әлеуметтік желілерді қолданушылар жердің әр түкпірінде отырғандықтан, олардың да бір мәмілеге келуі екіталай. Сондықтан күрделі кейбір діни мәселелерді одан бетер ауырлата түсері анық. Осындай нәзік мәселелерді жастарымыз әрдайым есте сақтаса деген ниет.

     Қорыта айтқанда, діни білім алу қаншалықты күрделі іс болса, оны дұрыс тарату да соншалықты күрделі, жауапты іс болып табылатынын естен шығармайық!

Тұрар ӘБУОВ,

РАТТ мүшесі, дінтанушы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.