Президент Тоқаевтың Германияға сапары басталды. Президент сапар барысында Орталық Азия – Германия басшыларының кездесуіне қатыспақ. Бүгін Қазақстан мен Германия басшыларының кеңейтілген кездесуі өтті. Кездесуден соң болған БАҚ-пен кездесуде президент Тоқаев Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы жөнінде, Украина төңірегіндегі қақтығыстарға қатысты және санкцияларды сақтау туралы айтты.
«Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара бөліп жатыр. Елдеріміз арасында сауда, гуманитарлық байланыстар бойынша дәстүрлі ынтымақтастық орнаған. 2013 жылы екі ел Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды», – деді президент.
Тоқаев Ресей-Украина арасындағы соғысқа да тоқталып, Қазақстан соғыстың бейбіт жолмен реттелгенін қалайтынын жеткізді.
«Украинадағы қақтығысқа келер болсақ, Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды. Мен бүгін құрметті Канцлер мырзаға жағдайдың шын мәнінде өте күрделі екенін айттым. Ресей де, Украина да келіссөз жүргізуге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірше белгісіз. Сондықтан парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туады деп ойлаймын. Олар бірін-бірі айыптауды доғарып, екі жаққа да тиімді келіссөздің жолын табуы керек. Қазақстан Украина қақтығысын шешудің қандай да бір жолдарын ұсынып жатқан өзге елдер мен мемлекеттер тобының күш-жігерін қолдайды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті шараны қабылдаймыз», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Қазақстан басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы территориялық дау жоқ екенін және Ресейге салынған санкцияны Қазақстан қатаң сақтайтынын да атап өтті.
«Ал Қазақстан мен Ресейдің шекарасына келер болсақ, оған делимитация жасалып, айтарлықтай деңгейде демаркацияланды. Оны екі ел парламенттері нақтылап, тиісті құжатты ратификациялады. Сондықтан Ресеймен арада қандай да бір территориялық дау жоқ. Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан. Санкцияны айналып өту мәселесіне келер болсақ, Қазақстан санкция режимін мүлтіксіз сақтайтынын мәлімдеді. Біз санкия режимін сақтау жөнінде тиісті ұйымдармен ұдайы байланыстамыз. Германия тарапының санкция режимін айналып өту ықтималдығына қатысты ешқандай күмәні болмауға тиіс деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024