19-10-23 |
1330 рет қаралған
ҚазАвтоЖол жолды пенопластпен сала бастаған ба?.
ҚазАвтоЖол жолды пенопластпен сала бастаған ба?

Журналист Диас Нұрақын “Алматы-Шелек-Қорғас” күре жолында бетон плиткалардың арасына пенопласт төсегенін көрсетті.

«ҚазАвтоЖол» жол салудың тың технологиясын тауыпты. Алматы-Шелек бағытындағы бетон жолдың жыртығын пенопластпен жамап қойыпты. Енді қазақтарға жол салу үшін бетонның да битумның да керегі жоқ. ҚР Көлік министрлігі не деп ақталасыздар ал? Әлде жаңа технологиямызды талқандап, жолды бүлдірдің деп жауапқа тартасыздар ма мені? – деп жазды ол өз парақшасына.

Бұл пенопласт төселген жерге жол құрылысының стандарты бойынша мастика құйылуы керек. Ол қатайып, жұмсақ резенкеге айналады. Бұл халықаралық автомагистраль стандарты және оны бұзуға болмайды. Алайда мастика қымбат. Бірақ қымбат екен деп, жолға пенопласт төсеуге болмайды ғой.

Бұл мәселе бойынша “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева түсініктеме берген екен.

Бұл “Алматы-Шелек-Қорғас” күре жолының орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылып отырған 25-320 шақырымдары аралығы. Екі мердігер ұйым жұмылдырылды. Бұл жұмыстар цемент-бетон жабындысын жөндей отырып, плиталарды ауыстыру, деформациялық жікті анкерлеу және герметизациялау әдісімен орнатуды көздейді. Бұл жұмыс жазда атқарылады. Технологияға сәйкес бөгде заттардың түсуін болдырмау үшін пеноплекс қолданылады (бұл қолданыстағы қалыпты тәжірибе). Алдағы уақытта мердігер ұйымдар бұл технологияның үстіне битум мастикасын қолданбақ. Жұмыстар әлі толық аяқталған жоқ. Бұл видеода жөндеу жұмыстарының аралық нәтижесі ғана бейнеленген – деді ол.

Ол мердігер ұйымдарға келтірілген залалға байланысты бұл материал тиісті шешім мен шараларды қабылдау үшін уәкілетті органға жіберілетінін айтты.

Ал Диас Нұрақын осы жағдайдан кейін өзіне әлдекімдердің хабарласып, қысым көрсете бастағанын айтты.

«ҚазАвтоЖолдың» былығын ашып едім жан-жақтан талап жатыр. Тіпті угроза жасауға көшті. Алматы-Шелек-Қорғас тас жолының учаске басшысымын деген біреу кешірім сұра деп дікеңдеуде. Мехмет Шахин деген жігіт «көзіңе көк шыбын үймелетемін» дейді. Тіпті бетонкадағы пенопластты алып тастағаным үшін бұдан былай осы жолдың күтімі сенің мойныңда деді. Себебі бетон жолды қаудыраған пенопласт ұстап тұр екен. Енді үгітіліп кетсе басыңмен жауап бересің деп доқ көрсетті – дейді журналист.

Arasha.kz

ФОТО: дереккөз

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.