29-10-23 |
3150 рет қаралған
Қылмыстық істе де келісімге келуге болады.
Қылмыстық істе де келісімге келуге болады

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев заңдарды ізгілендіру, абайсызда қылмыс жасаған, құқықтық сауатының кемдігінен заң орбитасына тартылған азаматтардың түзелуіне, қоғамға қайта оралуына мүмкіндік жасау керектігін үнемі айтып келеді. Өйткені, жаза басқан адамды шетке қақпай, қатарға қосу – өркениетті, құқықтық мемлекеттің басты ұстанымы.

Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамыту, түрме тұрғындарын азайту, түзелуге ынтасы бар жандарға мүмкіндік беру тетіктерін енгізу қажеттігін атап өтті. Расында, адам құқығын басты орынға қоятын, мемлекеттің басты қазынасы адам деп бағалайтын дамыған елдердің барлығында медиация институттар бар. Және медиативтік келісімнің тиімділігіне бұл ел азаматтарының әлдеқашан көзі жеткен. Тіпті, Австрия, Германия сияқты медиация ерекше дамыған мемлекеттерде азаматтардың сотқа жүгінбес бұрын медиативтік келісім процедурасынан өтуі негізгі талап болып табылады. Осы саты кезінде тараптар келісімге келмеген жағдайда ғана іс сот қарауына ұсынылады.

Қазақстан соттарындағы бітімгершілік институтының дамуына 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заң пәрмен берді. Дауларды шешудің баламалы тәсілдері ретінде қазіргі уақытта кеңінен тараған медиация рәсімін, дауды-жанжалды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу, татуласу келісімін тәжірибеде қолданудың заңдық тәртібін бекіткен негізгі заң осы. Алайда, бастапқы кездері медиацияның тек азаматтық дауларда, еңбек, отбасылық қарым-қатынаста туындаған келіспеушіліктерді шешуге қолданылғаны белгілі. Бұл өз кезегінде азаматтық, әкімшілік даулар бойынша жүктемені азайтып, қарапайым халықты сот әуресінен құтқаруға, уақыты мен қаржысын үнемдеуіне серпін берген еді. Заңның пайдалы тұстарын, артықшылықтарын көріп, тиімділігіне көзі жеткен қоғамның медиацияға деген оң пікірі қалыптасты. Бұл өз кезегінде медиацияның қолданылу шеңберін кеңейтуге жол ашты. Соның арқасында бүгінде медиацияны қылмыстық істердің кейбір түрлеріне де қолдануға болады.

Қылмыстық медиацияны тәжірибеде жүзеге асырудың тетігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабында жан-жақты айқындалған. Мұнда тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатудың запңдық негіздері толық көрсетілген. Яғни, 68-баптың бірінші бөлігінде дәйектелгендей, барлық қылмыс түрі бойынша тараптардың мәмілеге келуіне жол берілмейді. Тек қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам жәбірленушімен немесе арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. Бұл жерде айыпты азаматтың жәбірленушінің кешірімін алып, келтiрiлген зиянды қалпына келтіруі басты аргумент болып саналады. Қылмыстық жауаптылықтан осы негізде босатуға істі алдын-ала тергеп тексеру кезінде ғана емес, қылмыстық істі басты сот талқылауында сотта қарау барысында да жол беріледі.

Қарапайым халыққа түсінікті болуы үшін сот тәжірибесінен нақты мысалдар келтірген орынды. Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Әлия Түбекбаеваның айтуынша, қылмыстық істерде медиацияға келу мәселесіне өте ұқыпты қарау керек. Бұл жерде адвокаттың дұрыс жол көрсетуі маңызды роль ойнайды. Көбінесе өзінің қызметіне ақы алуды ойлаған адвокаттардың істі медиациямен бітіруге ынта танытпауы байқалады. Сондықтан, азаматтардың өз құқығын білгені, өзіне тиімді заң нормаларын пайдалана білгені дұрыс.

Сот төрағасы өз тәжірибесінде кездескен істерді саралай отырып, ұрлық бойынша қылмыс орын алғанда қандай жаза тағайындалатыны, мұндай жауаптылықты медиация арқылы қалай төмендетуге болатынын жіктеп айтып берді.

– Мысалы, Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігімен айып тағылып, бөтеннің мүлкін жасырын ұрлағаны үшін сотқа берілген сотталушыға басқа да баламалы жазалармен қатар, ең ауыр жаза үш жыл мерзімге дейінгі бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмыстық кодексте дәйектелгендей, бес жыл мерзімге дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, қасақана жасалған қылмыстар ауырлығы орташа қылмыс деп танылады. Егер осы іс бойынша сотталушы өзінің қылмыстық әрекеті салдарынан келтірген залалды жәбірленушіге өтеп, онымен татуласса, тиісінше ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Бұл жерде мына мәселені назарда ұстау керек. Егер сотталушы ұрлықты бірнеше рет жасаса немесе тұрғын үйге, қоймаға заңсыз кіру арқылы жасаса, сондай-ақ, ұрлықты ірі мөлшерде жасалған жағдайда ол ауыр қылмыс болып табылады. Мұндай жағдайда сотталушы қанша жерден келтірілген залалды өтеп, жәбірленушімен татуласып, кешірімін алған жағдайда да қылмыстық жауаптылықтан босатуға жол берілмейді, – дейді Әлия Түбекбаева.

Дегенмен, Қылмыстық кодекстің 68-бабының 2-бөлігінде жекелеген санаттағы ауыр қылмыс жасаған адамдарды татуласуға байланысты жауаптылықтан босату көзделген. Айталық қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер жеңіл жазадан үмітттене алады. Сондай-ақ дәл осындай қылмысты елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер жасап, артынша жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

Бүгінде қылмыстық медиацияның мәнін, маңызын түсіндіру мақсатында сот құрылымы тарапынан ауқымды шаралар қолға алынуда. Оның басым бөлігі ақпараттық, насихат жұмыстарына бағытталған. Өйткені, еліміздің азаматтары көбінесе заңды білмеуден, құқықтық құжаттардың талаптарын терең түсінбеуден зардап шегіп жатады.

Осы жағдайларды ескере отырып судьялар дауларды реттеудің баламалы жаңа түрлерін қолдану, тараптарды мәмілеге келтіру арқылы қоғамдағы дауласушылықтың деңгейін төмендетуге үлес қосуда. Сонымен бірге, медиативтік келісімдер жасауға жол көрсеткен судьялар елдегі бірлік пен ынтымақтың сақталуын қамтамасыз етуде.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.