29-10-23 |
2930 рет қаралған
«Соттағы бітімгершілік рәсімінің тиімділігі зор».
«Соттағы бітімгершілік рәсімінің тиімділігі зор»

Қазақта «Дау мұраты – бітім» деген тамаша сөз бар. Қоғам болған соң онда түрлі даулар мен жанжалдар орын алатыны белгілі. Мұндайда өркениетті ел мәселесін жұдырықпен емес, өзара мәмілемен, құқықтық институттар көмегімен, сот арқылы шешетіні түсінікті. Әсіресе, «Медиация туралы» заңның қолданысқа енгізілуі үлкен қалалардан бөлек, шағын ауыл-аймақтардағы халықтың бірлігін сақтауға, дауды дабырайтпай тез, тиімді шешуге көмектесіп келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. Медиацияның маңызы мен мәнін түсіндіру бойынша соттарда ауқымды жұмыстар қолға алынды. Түркістан облысы Арыс аудандық сотының төрағасы Сапархан Омаров бітімгершілік институтын енгізу бойынша атқарылған жұмыстар мен оның нәтижесі туралы жан-жақты айтып берген еді.

– Сапархан Сүйіндікұлы, халықтың медиацияға, дауды ортақ мәмілемен бітіруге қатысты көзқарасы қандай?

– Медиация деген атауы өзгеше болғанымен, татуласу, дауды өзара келісіммен шешу тәжірибесі қазақтың құқықтық кеңістігінде бұрыннан бар. Соның арқасында қазақ даласында ешқашан түрме болмаған. Тентегін тобықтай бір ғана сөзбен тоқтата білген халық екенімізді мақтанышпен айтамыз. Алайда, кеңестік дәуірдің құқықтық ұстанымы, заңы басқа болды. Ол тұста даулардың бәрі тек сот арқылы шешілетін. Сол тәртіпке үйренген жұртшылық медиация, тараптардың татуласуы деген түсінікті бірден қабылдай қойған жоқ. Халыққа медиацияның пайдасын, уақыт, қаржы жағынан ыңғайлы екенін түсіндіру үшін кешенді жұмыстар қолға алынды. Судьялар медиацияның мәнін, шетелдердегі озық тәжірибесін таныстыру мақсатында көптеген дәрістер ұйымдастырып, қабылдаулар өткізді. Алғашқы медиациялық келісімге келгендер ісін жария түрде таныстырып, насихаттау бойынша жұмыс жүргіздік. «Көп түкірсе көл», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай бірлікпен, ынтымақпен жасалған іс-шаралардың арқасында халықтың медиацияның тиімділігіне көзін жеткіздік. Бүгінде сот әуресінен қашып, мәселесін мәмілемен шешетіндер саны артып отыр.

– Бітімгершілікке келудің пайдасы қандай?

– Қазіргі таңда елімізде татуластыру рәсімінің қолданыс аясы кеңіп келеді. Барлық салада да бітімгершілікке келу көзделеді. Әрқашан сотқа келген, сотқа дейін, сот процесінде жүрген, болмаса соттан кейін де біз адамдарға бітімгершілікке келу туралы насихат жұмыстарын жасаймыз. Себебі, сот заңды түрде шешім шығарғаннан кейін, дауласушы екі жақтың ортақ мүддесіне келмей қап жатады. Ал егер де, тараптар өзара бітімге келіп, екі жақты да қанағаттандыратын мүмкіндігі жоғары шешім шығып жатса, нұр үстіне нұр болады.

Бітімге келудің бірнеше жақсы жағын көрсете кеткен жөн:

Біріншіден, бітімгершілік – азаматтар арасындағы татулық, бірлік пен ынтымақтастықты сақтайды. Кейде тіпті жақын туыстар арызданып жатса, кейде көрші-қолаң арасындағы дауды қарастырамыз. Бір-біріне жат емес адамдар татуласып жатса, оның несі жаман?

Екіншіден, дауласу, жалпы соттасу қып-қызыл шығын. Уақыт, денсаулық, стресс пен уайым-қайғыны  айтпағанда, материалдық жағынан да үлкен әсер береді. Заңнан хабары жоқ кей адамдар заңгердің қызметіне жүгініп, көмек алады. Оған  ресми төленетін мемлекеттік БАЖ салығын қосыңыз.  Атақты жазушы Франс Кавканың бір еңбегінен «Сотқа аяқ бассаң, басыңмен жоғаласың» дегенді оқығаным бар. Шынымен рас нәрсе.

Үшіншіден,  бітімгершілікке келмеген процестер ұзақ қаралады. Ал, бітімге келіп татуласса, сот бітімгершілікке келу туралы акт толтырады.

Төртінші, мысалы сотқа дауласып екі тарап келді делік, бірі мына адам 200 мың теңгемді қайтармай, өтірік уәдеге тойдырды. Енді сенбейтіндігін айтып, бітімге келмейтінін жеткізеді. Сол кезде біздер қазір бітімге келіп, қарызға алынған 200 мың теңгенң 50 мыңнан төрт айға бөліп тастау керек екендігін түсіндіреміз. Егер келіссе, сот шешімін шығармай-ақ, сол ұйғарымын бекітіп беруге болады. Алайда қарыз алушы алғашқы айынан-ақ ақшаны төлемей, қашқақтаса, қайтадан сотқа келіп арыз жазады. Бітімгерлік келісімнің шарттары орындалмағандықтан, сот атқару парағын жазып береді.  Атқару парағы заңды болып табылады және сол парақпен жеке сот орындаушыға барып, мәжбүрлі түрде ақшаны өндіртіп алуға болады.  Мен мұны, сот шешімі шықсын деп, ұзақ уақытын жоғалтып алатын адамдарға айтып отырмын.

– Мемлекеттің БАЖ салығын төлеуден кімдер босатылады?

– Мұны сотқа арыз беруші төлейді және егер екі жақ бітімге келіп жатса, ақша мемлекеттен қайтарылады. Арыз қанағаттандырылса, ақша екінші тараптан өндіріледі.  Мүліктік даулар бойынша жеке тұлғалар үшін БАЖ салығы талап қою сомасының 1% болса, заңды тұлғалар үшін 3%  құрайды. Мүліктік емес даулардың да соммасы әртүрлі, ол талаптарына байланысты.

– Азаматтарға қандай келісімге келген тиімді?

– Татуласудың тиімді емес кезі жоқ. Сонда да болса, азаматтар бірінші бітімгершілік келісімді мақұлдап жатады. Бұл екі тараптың өздері мәмілеге келіп, үшінші тұлғаның қатысуынсыз тіл табысуын атайды. Ал үшінші тұлғаның араласуымен болған мәміленің жөні бөлек. Бұрын мысалы, билер, ауыл ақсақалдары татуластырғанын тарихтан білеміз. Қазір де ауыл, аудандарда елге сыйлы ақақалдар, Билер кеңесі араға түсіп, екі тараптың арасындағы дауды у-шусыз бітіруге тырысып жатады. Сонымен бірге, 2011 жылдан бері Қазақстанда медиация деген ұғым енгізілген. Ол дәнекер, делдал деген сөздермен сипатталып, көрсетіледі. Оның өзі екіге бөлінеді: кәсіби медиатор және кәсіби емес медиатор. Кәсіби медиатор – тараптарды татуластыру бойынша арнайы білім алып, сертификатқа ие болған адам. Ол жұмысын ақылы негізде жүзеге асырады. Ал кәсіби емес медиатор – аймақ ішіндегі елге сөзі өтетін, өзін тыңдата білетін, арнайы біліктілігі жоқ болғанмен, тараптарды сөзге тоқтата алатын қоғамдық, яғни кәсіби емес медиатор.

Сондай-ақ, бүгінде екі тарапты татуластыруға адвокаттар да атсалысады. Партисипативті рәсім арқылы татуласатындар қатары да қорғаушылардың белсенділігінің арқасында жыл өткен сайын көбейіп келеді.  

– Ортақ келісімге келген жағдайда азаматтардың өмірбаянында сотталған, істі болған деген сияқты таңба қалып қоймай ма? Себебі қазір жұмысқа қабылдар алдында соттылықтың бар немесе жоқ екенін көрсететін анықтама әкелу талап етіледі.

– Қылмыстық істер бойынша, аса ауыр емес қылмыс түрін жасағанда, мысалы біреуді ұрып қойса, кешірім сұрап, кешірімін алған жағдайда және өтемақыны төлесе, ол жауапершіліктен босатылады. Қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық жасаған болса, қылмыстық жауаптылыққа тартылған болып саналады. Жауаптылықтан босатылса, ақтамайтын негізбен босатылады. Яғни ол жазаланбайды, бірақ кінәлі болып табылады. Қылмыстық заңнама бөліп көрсетеді, жауаптылықтан, жазадан  ақтайтын және ақтамайтын  негіздер бар. Мысалы жұмысқа тұрған кезіңізде, міндетті түрде соттылық туралы құжатты талап етеді. Ал бітімгершілікке келіп, татуласып тараған азаматтар сотталмаған деп көрсетіледі.

Өкінішке орай, іс қозғалған жағдайда арнайы құқық қорғау органдарының базасына жүгінгенде, азаматтардың 10-20 жыл бұрын жасаған қылмыстары шығып қалуы мүмкін. Заңмен күші жойылғанымен, базада қалып қояды. Дей тұрғанмен, халыққа қызмет көрсету орталығынан анықтама алғанда ол шықпайды. Жойылған соттылықтардың ешқандай құқықтық салдары болмау керек. Егер базадан шыққан құжат бойынша жұмысқа алмаймыз, сізде соттылық болған дейтін болса, ХҚКО-ның құжатын қоса көрсету керек. Ауырлығына байланысты істер 5, 10, 15 жылда жойылып отырады. Ал сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар бар, олар өмір бойына мемлекеттік қызмет атқарудан шеттетіледі.  Нақты істің ерекшелігіне байланысты қаралып отырады.

– Бітімгершілік келісімге сот болмай тұрып қол қою керек пе?

– Бітімгершілік рәсімдері негізінде сотқа қатысушылар кез-келген уақытта келісімге келе алады. Қаншалықты ертерек болса, соншалықты жақсы. Тіпті, азаматтар сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін де  ортақ келісімге келуіне болады.

Қазіргі таңда медиацияға, бітімгершілікке көп көңіл бөлінуде, тіпті татуластырушы судьялар тағайындалып, заңнамалық өзгерістер да қарастырылды. Бұған мұрындық болып отырған сот саласы десем қателеспеймін.  Үгіт-насихат жұмыстары да жүргізілуде. Медиаторлармен тығыз қарым-қатынастамыз. Әр елді мекендерде медиация кабинеттерін ашып, жүйелі шараларды іске асырып жатырмыз. Ол нәтижесін де беріп  жатыр. Бірақ бұл жұмысты мейлінше жақсылап жалғастыруымыз керек, әлі де атқаратын шаруа баршылық. Өйткені ел ішіндегі береке-бірлікті сақтап, ынтымақты нығайту үшін дауласудың емес, татуласудың көп болғаны жақсы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.