11-12-23 |
6480 рет қаралған
ArcelorMittal Теміртау қаншаға сатылды?.
ArcelorMittal Теміртау қаншаға сатылды?

Қазақстан үкіметі мен ArcelorMittal арасындағы мәміле аталған компанияның Қазақстан аумағындағы ұзақ жылдарға созылған қызметіне нүкте қойды. Енді, компания активтерінің жаңа қожайыны Андрей Лаврентьевті алдағы бірнеше айларда бұрынғы қожайын Митталдың өте құйтырқы басшылығынан құтылудың күрделі мәселелері күтіп тұр.

Лакшми Митталдың Қазақстанда пайда бола кетуінің тарихы басқа да миллиардерлердің келу жолдарынан еш айырмашылығы жоқ. Банкрот болған кәсіпорындар түкке тұрғысыз азын аулақ ақшаға бағаланып, олардың құзырына берілген болатын. Бір кереметі, сол кездегі Қармет бар‑жоғы бір айдың көлемінде «банкротталып», апыл‑ғұпыл Митталға сатылып еді…

Үкіметтің 2023 жылғы табанды әрекетінің арқасында қол жеткен мәмілеге сай Қармет кәсіпорны 1995-1996 жылдары оны ArcelorMittal сатып алғаннан әлдеқайда төмен бағаға қайтарылды. Ол кезде көптеген бағалаушылардың есебі бойынша корпорация Қарағанды металлургия комбинатын $357 млн‑ға сатып алды: оның 225 $ млн активтердің құны еді, қалғаны айналым капиталы қорын толтыруға, жалақы бойынша қарыздарды өтеуге және негізгі қарыздарды төлеуге жұмсалды.

Сөйтіп, ArcelorMittal 15 шахтаны, 12 қызмет көрсетуші кәсіпорындарды, 13 қосалқы өндіріс орындарын $210,6 млн‑ға сатып алса, оның жартысынан астамына инвестиция құйылды. Қарағанды ЖЭЦ‑2 ArcelorMittalға $46,3 млн бағаға берілді, оның $41,3 млн сомасы инвестициялық құйылым болды.

Осыған орай, Митталдың өндіріс модернизациясына құйылған ақшасы өндірістің жұмысын тоқтатпау үшін құйған ақшасымен тең болғандықтан, алғашында оның бізге ұсынған 3,5 млрд доллар көлеміндегі бағасы тым қымбат болатын. Үкімет ұзақ уақыт келіссөздер жүргізіп, ақыр соңында бағаны 286 млн долларға дейін төмендете алды. Ал осыған дейінгі алынған кредиттер бойынша қарызды Андрей Лаврентьев өз мойнына алды.

Әрине, АМТ‑ның үнемі қарызда болуы үйреншікті жағдай. Ол бір кездері өз мердігерлеріне миллиард тенгеден астам қарызға да батқан болатын.

Өкінішке орай, АМТ өз өнімін сатуда да күмәнді тәсілдерге қолданды. 2015 ж. Желтоқсан айында сол кездегі ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице‑министрі Альберт Раудың өзі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы өндірген өнімін сатып беруге үкіметтен көмек сұрап жатыр деп мәлімдеген болатын:

«Олар бізге «біздің арматураларды ішкі нарықта сатуға көмектесіңдер» дейді. Біз оларға көмектесіп те жатырмыз. Егер өткен жылы біз ішкі нарықта 540 мың тонна арматура сатуға көмектессек, келер жылы оның көлемін 800 мың тоннға жеткізбекпіз» ‑ деді министр А.Рау.

Бірақ, сол‑ақ екен жарты жыл өтпей АМТ қазақстандықтар үшін АМТ өндірген тауарлардың сату бағасын 2016 ж. ақпан айынан мамыр айына дейін 40-100% дейін көтеріп тастады. Сол кездері инвестиция және даму министрі болған Жеңіс Қасымбек АМТ‑ның бұл әрекетін «Бағаны бұлай көтеру отандық өндіріс пен құрылыстың рентабелдігіне кері әсер етеді. Өйткені, отандық өндірушілер өнімінің өзіндік құнының 50-60% ‑ын металл бағасы құрайды отыр» деп бағалады.

Соған қарамастан, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы әртүрлі сылтаулармен өз қызметкерлерін жұмыстан шығарумен болды. Нәтижесінде, Л.Миттал компаниясы барлық тіршілік АМТ төңірегінде топтасқан өңірде мыңдаған қарапайым адамдарды күнкөріс көзінен айырды.

Миттал өзінің бұл әрекеттерін үнемі де «әлемдік нарықтағы туындаған қиыншылықтар салдарынан қатаң үнемдеуге көшуге мәжбүр болып отырмыз» деп түсіндіретін. Солай десе де, оған 2013 жылы Алабама штатындағы аса ірі заводы бар ThyssenKrupp Steel USA компаниясын 1,5 млрд долларға сатып алуға «қатаң үнем» еш кедергі болмады. Ол аз болса, 2013 ж. желтоқсан айында ол өзінің бауырының қызының тойын 80 млн долларға дүркіретіп өткізіп берді…

Сол тойдан кейін Миттал АМТ басшылары алдында былай деді:

«Егер біз нарықтағы жағдайдың қиындап кеткенін түсінген болсақ, онда біз белді қаттырақ буып, не нәрседе болсын үнемдеуге көшуіміз керек. Яғни, біз өзіміздің бүгінде артық шығындарға бара алмайтынымызды білуге тиіспіз. Осыны барлық қызметкерлерге жеткізу қажет. Олар да біздің компанияның баста назар аударатын мәселесі не екендігін білулері керек. Егер сіздер ақшаны үнемдемемеңіздер, пайда тапасаңыздар – біздің ешқандай да жетістіктерге жете алмайтынымыз анық».

Бірақ, Миттал Қазақстан үкіметінен ақша алуға ешқашан ұялған емес: оның АҚ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына берілген мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 2014-2015 жылдары 50 млн доллардан кем болған жоқ. Бұл оған беріліп жатқан шексіз преференцияларды, салықтық жеңілдіктерді, АМТ тарапынан болып жатқан экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті сақтаудағы өрескел заң бұзушылықтарды ескермегендегі қаржы болатын.

Осылай деп жүрген Митталдың сөзінің әуені Қазақстан президенті болып Қасымжомарт Тоқаев келгеннен кейін өзгере бастады. Енді магнат сұраншақтығын доғарып, кәсіпорнында үзбей болып жатқан төтенше апаттардан және ондағы адам шығындары орын алған қайғылы жағдайлардан ақталумен болды. Ол өзі орындауға құлықсыз бола тұра, көптеген үәделерді үйіп­‑төгіп бере бастады. Мысалы, 2022 ж. қыркүйек айында мемлекет басшысымен кездесу барысында ол Қ.Тоқаевқа жуық маңда Қазақстанға 1 млрд доллар көлемінде инвестиция салатынына, ал оның басым бөлігі өндірісті модернизациялауға жұмсалатынына уәдесін береді.

Нәтижесінде ешқандай да модернизация болған жоқ, есесіне тағы да адамдар опат болды. Сондықтан 2022 жылдың қараша айында Қазақстан президенті үкіметке ArcelorMittal компаниясымен «активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы» келіссөздерді жүргізуді тапсырды.

Енді, міне, бір жыл өткен соң АМТ кәсіпорындары өзінің бұрынғы тарихи атауы QARMET атын қайта иеленді. Оның жаңа егесі – Андрей Лаврентьев құны 3 млрд доллар болатын өндірісті модернизациялау және әлеуметтік ифрақұрылымды дамыту міндеттерін өз жауапкершілігіне жүктеді. Сонымен бірге ол $250 млн қысқа мерзімдік қарыздарды өтеуге, төрт жыл ішінде $450 млн ұзақ мерзімдегі қарыздарды өтеуге міндеттенді. Айта кетерлік тағы бір жақсы жаңалық, ол инвестордың 1,3 млрд долларды 2024 жылдың өзінде‑ақ өндіріске инвестициялауы дер едік. Тек сонда ғана комбинатты қайтадан табысты өндіріске айналдыруға болады.

Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев брифингтегі сөзінде инвестор таңдауды үкіметтік комиссия айналысты деді. Үміткер инвесторлар қатаң байқаудан өтті. Талап бойынша ол қазақстандық азаматтардың Қазақстанда құрған, өндіріспен байланысы бар, халықаралық басқару стандарттарын жетік меңгереген және жеткілікті қор жинаған, бұрын‑соңды заңды даулы мәселеден таза компания болуы тиіс. Мәміле «Астана» Халықаралық қаржылық орталығы Биржасында жасалды. Нәтижесінде алдын ала тізімдегі инвесторлардан комиссия таңдауы Андрей Лаврентьевтің жағында болды.

АМТ кәсіпорнына жүргізілген қаржылық талдау нәтижесінде ең оңтайлы бизнес‑жоба қаралды. Оған қажет инвестиция көлемі анықталды. Болашақта комбинатты модернизациялаудың жұмыс ретін мемлекеттік комиссия бақылап отыратын болады.

Ал, Лакшми Миттал Қазақстанға қандай да бір қарсы талабы жоқ екендігі туралы құжатқа қол қойды. Бұл – Қазақстан үкіметі мен ArcelorMittal корпорациясы арасында болған келіссөздердегі жемісті нәтиже.

Abai.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.