06-12-18 |
6570 рет қаралған
«жаңалық ашқыш» Асанов.
«жаңалық ашқыш» Асанов

Соңғы кездері сот саласында жаңа реформалар қолға алынып жатыр дегенді жиі естиміз. Жасалған іс бадырайып байқалып тұрмағанмен, «жасасақ» деген жарнамасы мықты. Айтары жоқ. Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асанов та өзін жаңашыл басшы етіп көрсетуде. Әсіресе, бұрынғы төрағалардай жиынды «жабық» өткізбей, жаңа технологияларды қолданып жария өткізуге әуестігі жиі аңғарылады. Дұрыс қой. Жақсы дүниені, игілікті істерді халық білсін, көрсін деген ізгі ниеті бар шығар. Оның несі айып?

Алайда, бүгінде жаңа деп сендіріп жатқандарының бәрі кезінде Қайрат Мәми бастап кеткен істердің жалғасы ғана. Мысалы, татуластыру рәсімдерін алайық. Қазақтың дауды, жанжалды өзара келісіммен ушықтырмай шешуге тырысатыны бұрыннан белгілі. Өйткені, бітімгершілік біздің қанымызда бар. Осы қазақы құқықтық дәстүрді бүгінгі заманға икемдеу мақсатында, нақтырақ айтсақ, соттардың жүктемесін төмендетіп, даукестікті азайту үшін 2011 жылы «Медиация туралы» заң қабылданған еді. Заң қабылданып, алғаш қолданысқа енгізілгенде Жоғарғы Сотта Мұсабек Әлімбеков пен Бектас  Бекназаров төрелік етті. Бірі заңның қабылдануына ұйытқы болса, екіншісі медиацияның тәжірибеде оң нәтиже беруіне күш салды. Бірақ, қанша тырысса да медиацияны мойындаған, медиаторлар сөзіне құлақ салған жандар аз. Кейіннен Жоғарғы Сотқа төрағалық еткен Қайрат Мәми медиацияның насихатын арттырып, жаңа бастаманың халықтан қолдау табуына кәдімгідей еңбек сіңірді. Әрбір сотта медиация кабинеттері ашылып, медиаторлардың тізімі көрнекі жерге ілініп, қолдау көрсетілді. Бұл жақсы іс Жақып Асановтың тұсында да жалғасын тауып жатыр. Бірақ…

Бір өкініштісі, соттардың сөзіне қарасақ медиацияға тек қазір мән беріліп жатқандай әсерде қаласың. «Жақып Асановтың бастамасымен медиация жанданды» «Ана жерде медиация бұрышы, мына жерде кабинеті, тағы бір жерде медиация орталығы» ашылды деген ақпараттардан көз сүрінеді. Бұлар Мәмидің кезінде-ақ ашылып қоймап па еді? Сол тұста-ақ әр аудандық сот әкімдікпен меморандумға отырғаны есімізде. Қазіргі «қарқынды жұмысқа» қарап соттардың Жақыповтың көңілінен шығу үшін бұрынғы жұмыстарын да жаңа етіп көрсетуге талаптанып жатқаны байқалады. Мұны Асанов білмей отыр ма? Әрине, жер-жерде билер кеңесінің ашылуы, судья-татуластырушының қызметке кіріскені оң үрдіс. Дегенмен, барды бар, жоқты жоқ деп айтқаннан Жақыповтың беделі бір мысқал да кемімейтінін түсінгеніміз абзал. Немесе алдыңғы төрағалар бастаған істі Жақыпов жалғастырып жалғастырып отыр дегеннен ешкімнің беделі төмендеп қалмайды.

Сонымен қатар, «Отбасылық сот» дегенді де жаңалық деп қарау қате. Қазақстанда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соттардың жұмыс істеп келе жатқанына он жылдан асты. Осы сотты жандандырып, қарайтын істерін кеңейту заман талабы. Кәмелетке толмағандар ісі де отбасылық мәселелерден алыс емес. Осы істерді қарайтын судьяларға да бұл тақырып жақсы таныс. Сондықтан, оның атауын айғайлатпай-ақ қоюға болар еді.

«Түнгі сотты» да жаңалық деп айтпас едік. Неге? Себебі, түнгі соттар қарайтын істер аспаннан түскен жоқ. Оның барлығын бүгінге дейін әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарап келген. Әлі де таразылап жатыр. Судьялар құрамында да еш өзгеріс жоқ. Мұндағы жалғыз жаңалық – істердің жұмыс уақытынан кейін, халыққа қолайлы уақытта, түнгі мезгілде қаралуында. Кейбір ертеңге қалдыруды күтпейтін құқықбұзушылықтардың әкімшілік соттарда түнде де қаралып келгенін ескерсек, бұл өзгеріске де көз тоқтатпай өте шығуға болады.

«Виртуалды сот» деген пилоттық жобаны да аузынан суы құрып мақтайтындар көп. Аты таңсық болған соң, оның да тереңіне көз салып көрген едік. Сөйтсек, виртуалды сот дегеніңіз бейнеконференц байланыс көмегімен қашықтықтан сот отырысын жүргізу екен ғой. Түзеу мекемелерінің маңында орналасқан соттардың осы әдіспен сот отырысын өткізгенін талай көргенбіз. Бұл туралы «қашықтықтан сот отырысын өткізу арқылы түзеу мекемесінде, уақытша ұстау изоляторында отырған азаматтарды сот ғимаратына алдырмай-ақ істі қарауға мүмкіндік туады. Жаңа өзгеріс уақыт пен қаржыны үнемдеудің, қауіпсіздікті сақтаудың кепілі» дегенді айтпаған судья аз. Ендеше, «Виртуалды сот» та жаңалық емес, бейнеконференц байланыспен сот отырысын өткізудің жаңғыртылған, жақсартылған түрі.

Кез келген басшының өзіне сеніп тапсырылған салаға соны серпін алып келгенді қалайтыны түсінікті. Нәтиже бірден байқалса, елдің назарын ә дегеннен өзіне аударса тіпті жақсы. Сондықтан, жаңалық деп, пилоттық жоба деп жалаулатпай-ақ жақсы істі жалғастыруға ниетті екенін білдірсе Жоғарғы Соттың қолдаушысы азайып қалмайды.

Бағлан Әсенғазы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.