03-01-24 |
8430 рет қаралған
Геосаяси мүдде емес. Тоқаев АЭС салуға қатысты ойын айтты.
Геосаяси мүдде емес. Тоқаев АЭС салуға қатысты ойын айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында елдегі энергетикалық мәселенің ушығып тұрғанына назар аударып, осы тұрғыда Қазақстан аумағында АЭС салу-салмау мәселесіне қатысты өз ұстанымын айтты.

Президентпен сұхбаттасушы ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы еліміздегі энергетикалық қауіпсіздік нысандарының жай-күйі көңіл көншітпейтінін, АЭС салу-салмау мәселесінде халық пікірі әр алуан екенін тілге тиек етіп, осы жайтқа қатысты Мемлекет басшысының ұстанымы қандай екенін сұрады.

«Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.

Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды», – деді Қ.Тоқаев.

Президент Қазақстанда АЭС салу жайы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттары негізінде халық пікірімен санасып шешілетінін мәлімдеді.

«АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы. Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді», деді Президент.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.